Балаға қандай сөздерді ешқашан айтуға болмайды?
Балалық жайлы сөз болғанда кез келген адам «бақытты» деген тіркесті қоса айтады (бақытты балалық). Ата-аналардың тарапынан кейде балаларға ауыр психологиялық соққы беріліп жатады. Назарларыңызға бала тәрбиесінде мүлде қолдануға болмайтын сөздер тізімін ұсынамыз.
Мен сені жақсы көрмеймін!
Баланың өмірінде ата-ана мейір махаббаттың қайнар көзі. Олардың ыстық ықыласын сезіну баланы өмірге ғашық етеді. Бақытсыз, суыққанды ересек адамды көргіңіз келмей ме? Онда перзентіңізге бұл тіркесті ашу қысқан сәттің өзінде айтпауға тырысыңыз.
Сен ешкімге қажет емессің!
Біздің түсінікте тәртіпсіз балаларды алып кететін «бабай» үлкен рөл атқарады. Бала ес жиған сәттен ешқашан «бабайдың келмейтінін, дуананың алып кетпейтінін» түсінеді. Ал, ол типтегі баланы немен қорқытасыз? Қорқытып тәрбиелеймін деп әуре болмаңыз. Түбі әйтеуір бір күні сізге ешкім хабарласпайтындығын елестетіңізші. Қорқынышты ма? Онда балаға «сен ешкімге керек емессің» деп ешқашан айтпаңыз.
Сен жамансың!
Осы тіркесті балаға айтқан сәттен, өзіңіздің жаман ата-ана екеніңізді мойындаңыз. Бала қиялы ұшқыр. Олар ертегіде өмір сүреді. Олар үшін бәрі таңсық. «Сен жамансың!» , «Сен күйгелексің!» дегеннен «сенің әрекетің жаман болды», «сен дұрыс жасамаған секілдісің, екеуіміз сол жайлы сөйлесейікші», «Қазір сен уақытша ашу үстіндесің, ашуың басылған соң сөйлесейік» дегеніңіз дұрысырақ.
Бұлай жасама!
«Барма, құлайсың», «Ұстама бүлдіресің», «Сен дұрыс жасай алмайсың, дұрысы өзім жасаймын!» бұл тіркестер балаңыздың өзінің шешім шығаруына кедергі келтіреді. Баланың өзіне мүмкіндік беріңіз. «Ұстама, күйесің» дегеннен баланың өзі ыстық нәрсені ұстап күйгеннен кейінгі сақтығы берік болады.
Ешкімге сенбе!
Өздігінен шешім қабылдай алатын еркін адам тәрбиелеймін деген ата-аналар көп қолданады. Мақұл, сіздің аузыңыз күйген болар. Тек өзіңізге тиесліні үрлеп ішіңіз. Бала-индивид. Сіз қалағандай еркін адам, енжар адам болмауы тиіс. Бала жайлы орта іздейтін емес, барлық жерде өзін дұрыс сезіне алуы тиіс.
Неге сен осындай болдың, а?
«Мен андай ем, мен мұндай ем!» өте жауыр әрі қарабайыр тіркес. «Өзіңдей пәленшені қарашы» деп салыстырмалы қолданбаңыз. «Жұрттың балалары» тәрбие құралы болудан қалған. Ескеріңіз, әр бала дара тұлға. Өзіне тән артықшылыққа ие. Балаға идеалды үлгі сізсіз. Одан не күтсеңіз, соған лайық әрекет етіңіз!
Көрнекі суреттер ашық дереккөзден алынды.