Танымал журналист анасының аяғын жуғанын интернетке жариялайтындарды қатаң сынға алды
Фотода Мәди Манатбек
Танымал журналист Мәди Манатбек Фейсбуктегі парақшасында анасының аяғын жуған сәтін жариялаудан қымсынбайтын отандық эстрада әншілерін қатаң сынға алды. Журналист өзінің парақшасында:
Анасының аяғын жуып, онысын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салу не сән, не құтыру? Жұмақ анаңның табанының астында дегенді білеміз, берік ұстанамыз, бірақ видеоға түсіріп, жұртқа жариялап жарысқанды алғаш көруім.
Осының бәрін бастап, эстафета жариялап жүрген оңай табысқа, атақ-мансапқа мастанған, қоғам шындығынан алыстап кеткен әншісымақтар. Ата-ананы сыйлау, құрметтеу деген еш жариясыз, риясыз атқаратын пенденің күнделікті тіршіліктегі міндеті емес пе?! Құдай алдындағы борышын рия болады деп қорықпай жариялайтын діни буквализмге, фанатизмге ұрына бастадық. Біртүрлі қоғамға, сапасыз, санасыз, даңғой елге айналып барамыз. Мұндайда имамдар, теолог ғалымдар араласып, ненің абзал, ненің жөн екенін анықтап, нақты айтып беруі керек, - деп жазды.
Фотода Ұшқын Жамалбек
Еске сала кетсек, бұндай үрдісті ең алдымен әнші Төреғали Төреәлі бастады. Ол Инстаграм парақшасында анасының аяғын жуған сәтін жариялады. Бұл үрдісті Ұшқын Жамалбек есімді азамат жалғады.