Еркеліктің шегі

Oinet.kz 30-05-2019 1941

    v4-728px-Unspoil-a-Child-Step-1-Version-2.jpg                                                    

            Баланың кейде еркелеп, шектен тыс бұзық болып жататыны әрбір қазақ шаңырағына белгілі жағдай. Балаға тәрбие беруде еркелетудің маңызы зор. Балапаныңызға әрдайым жылы сөздер айтып, еркелетіп тұру оның мейірімді, ақпейілді болып қалыптасуына септігін тигізеді. Алайда еркелетудің де өз жөні, шегі бар. Байқаймын қазіргі балалардың көбісі тым шолжаңбай болып барады. Бірде базарда азық-түлік алып жүрген едім. Жап жас ата-ана төрт жасар баласын ертіп, базар аралап жүр. Көздің жауын алып, қызылды-жасылды жайқалған ойыншықтардың жанынан өткенде әлгі бала тоқтай қалды. Әрине бала болғасын басқа-басқа ойыншыққа қызығатын әдеті емес пе? Былдырлап әр нәрсені бір ұстап, сатушыға бір, әке-шешесіне бір қарап қояды. Анасы оның қолынан жетектеп жүр деп еді, бала ыңғай білдіре қоймады. Оның  жоғары сөреде тұрған үлкен машинаға көзі түсті білем, дереу қолын шошайтты. Машинаның қымбат дүние екені көрініп тұр. Әкесі ақшасы жетпесін білді де «балам, кейін алып беремін, қазір саған киім алу керек» деп жәймен түсіндіріп көріп еді, көзі жәутеңдеген бала оған көне қоймады. Анау ойыншықты әпер  бер деп қайталаумен болды. Сатушыдан ыңғайсызданған әке-шешесі қипалақтап балапанына ананы айтып, мынаны айтып, алдап алып кетуге тырысып жатыр. Баланың бетін қақпай өсіргені аңғарылып тұр. Жылы сөзге көне қоймаған бала бір кезде жерге жата қалып, тепкіленіп тұрып жылай бастады. Анасының да, әкесінің де сөзіне құлақ асар емес. Амалы құрыған олар бақандай он мың теңгелік әлгі көлікті баланың қолына ұстата салғаны сол еді, баланың жүзіне күлкі үйіріліп, орнынан тұра бастады. Мына көріністі көріп ызам келіп кетті. Баланы осыншама шолжаңдатуға бола ма?

           Еркелік жүре келе қалыптасады. Кішкентайынан баланы еркелетіп, оған адамдар қарым-қатынасы арасында белгілі бір тәртіптің болатынын түсіндірместен, сенікі қашанда дұрыс деп өбектей беру балаға кері әсерін тигізеді. Әр бала - өз қалауы бар, өзіндік пікірін қалыптастыруға ұмтылатын бір-бір тұлға. Сондықтан оған мейірім мен махаббатты сіңіріп, тұлғалық болмысын құрметтей отырып, ата-ана көмегін тигізгені абзал. Ата-ананың алдында баланың еркелегені дұрыс. Десе де ата-ана әр нәрсенің мөлшері болуы тиіс екенін ұмытпаған жөн. Соңғы уақыттарда мамандар балалар бұзықтығының кең етек алғандығын байқаған. Сонымен қатар оның нақты себебін де анықтаған екен. Басты себеп балалардың ата-анасының қасында тым аз уақыт өткізуінде екен. Күндіз бала-бақша мен бала күтушінің қасында болатын бала өзіне бөтен жанның қасында дәл ата-анасының жанындағыдай еркін ұстай алмайды. Сағынысып көріскен ең жақын жандарына өзінің бар екенін, ерекше мейірімге бөленгісі келетінін олар қиқарлығымен, еркелігімен, қала берді үйдегі дүниелерді білдіруімен көрсеткісі келеді. Көп жағдайда жұмыстан шаршап келген ата-ана баланың мұндай «жан дауысына» мән бере бермейді. Нәтижесінде бала өзіне мән бергізудің өзге амалдарын қарастыруы мүмкін. Айтса сөз ұқпайтын, айтқанынан қайтпайтын қасиет осындай келеңсіз жайттардан пайда болады.

           Бір нәрсенің тапшылығын көрмеген бала оның қадірін да білмейді. Оның қайдан, қалай келетіні туралы ойланып та жатпайды.  Қолына оңайлықпен келген дүние болғасын жанашырлықпен де қарамайды. Қазір көбіміз баламыздан аяғанды ит жесін деп қолын шошайтқан затты алып береміз. Туған күн, мереке болса оларды ойыншыққа, көлік, велосипед секілді заттарға көмкеріп тастаймыз. Одан жалыққан бала ертеңгі күні одан да қымбатырақ затты алып беруін талап етеді. Мұндай жомарттық баланың психологиясына зиян екенін, түптеп келгенде ата-ананың өзіне таяқ болып тиетінін ойламаймыз. Қалағанына еш қиындықсыз қол жеткізіп отырған бала ертеңгі күні өз күнін өзі көріп кетуі екіталай. Себебі ол қалаған затын маңдай термен тауып көрмеген. Сондықтан балаға жастайынан қандай зат болсын  ұқыптылықпен ұстап, үнемдеп жұмсауды үйрету қажет.  

          Еркелік демекші баланың анаға, әкеге еркелегені секілді, әке-шешенің де ұл-қызына еркелейтін сәттері, кезеңі болады. Қартайған шағында өзіне назарды көбірек аудартқысы келетін ата-ананың еркелігін түсініп, көтере білген ұл мен қыз меніңше ең данышпан, ең ақылды перзент. Осы мәселеге қатысты мына бір әңгіме ойыма оралып отыр.  Баяғыда бір кішкентай бала әкесіне: Мен кейін ер жеткенде сенің аяғынды жерге тигізбей арқалап жүремін дейді екен. Ол онын Әке парызы туралы түсінігі болса керек. Ай артынан ай өтіп, жыл артынан жыл өтеді. Бала ержетіп жігіт болады. Ал әкесі қартаяды. Бір күні әкесі ауырып қалады. Пәлен жерде емші бар деген сыбыс естиді. Күннің ыстық, шілде күнінде  әке мен бала жолға шығады.  Бала әкесін арқалап жүреді. Біраздан соң әкесі:
«Балам анау не нәрсе көзім жетпей тұр» дейді. Баласы барып көріп келсе түйе екен. Баласы: «Түйе ғой әке, түйе» деп ашуланып жауап береді. Баласы ішінен әкем бала болып кеткен бе? Арқалап келе жатқанда тып-тыныш отырмай ма? деп ішінен қатты ашуланады.
Біраздан соң әкесі тағы да сұрақ қояды: «Балам анау не нәрсе?» дейді. Баласы «Түйе әке, түйе» деп жауап береді. Баласы қатты шаршап шөл қысып бастайды. Ал әкесі аттын үстінде келе жатқандай жайбарақат отыр. Тағы да уақыт өткен соң артық сұрақ қояды. «Балам анау не нәрсе?» деп үшінші рет сұрайды. Баласы бұл жолы: «Жаңағы түйе ғой әке, түйе» деп айғайлап жібереді. Сонда әкесі: «Тоқта балам, мені арқаннан түсір» деп ренжиді. Баласы: «Әке керегі жоқ» дейді. Әкесі арқасынан түсіп:
«Балам мен елге қайтамын. Тым болмаса сұрағыма дұрыс жауап берсең болатын еді. Сен менің бір еркелігімді көтере алмадың. Ашумен жауап қайтардың. Сенің кішкентай кезінде аспандағы ай туралы «анау не әке?» деп жүз рет сұрағанда мен ерінбей жүз рет жауап бердім. Сені еркелеттім. Ал сен менің еркелігімді көтермедің. Балам егер сен менің бір еркелігімді көтергенде жазылып кетер ме едім?»деп әкесі баласына ренжіпті. Айтайын дегенім, еркелік қажет дүние. Бірақ оны өз орнымен, шегімен, уақытымен қолдана білсек деймін.

Гүлдана Шерімбай,

Жамбыл облысы

Танымал журналист анасының аяғын жуғанын интернетке жариялайтындарды қатаң сынға алды
Әншілер салық төлеуі керек пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу