Олимпиада өткізу үшін еркекті еркекке үйлендіру керек пе?

Oinet.kz 28-05-2019 1467

_normal.jpg

Батыстық ақпарат құралдары бір жыныстылықты насихаттауды «гей-насихат» деп атайды. 18 мамыр күні Қазақстан Конституциялық Кеңесі «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау» туралы заң жобасының «табиғи заңнан тысқары жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салу» туралы тарауын Конституцияға сәйкес емес деп тапты. Кезінде осындай заң Ресейде қабылданып, Мемлекеттік Дума мен президент Путинге Батыс елдері «бір жыныстылардың құқығын таптап жатырсыңдар» деп шүйліккен болатын. Қазақстан Конституциялық Кеңесі бұл таруды «анық екшеленбеген, бұл түрінде бірқатар конституциялық ережелердің бұзылуына себеп болуы мүмкін, сондай-ақ тараудың орыс тіліндегі мәтіні мен қазақ тіліндегі мәтінінің арасында сәйкессіздік бар» депті. Бұл ақпаратты таратқан Би-Би-Си радиосы осындай «тарихи шешім» қабылданған күннің ертеңіне, яғни 19 мамыр күні Қазақстан Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Роговтың Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэролин Браун ханыммен кездескенін айтуды «ұмытыпты».  

Американың «Human Rights First» атты адам құқықтарын қорғау ұйымы Қазақстан Конституциялық Кеңесінің шешімін қолдап, алғысын жаудырды. Батыс елдері бүгінде бір жыныстылықты қорғауды үлкен мемлекеттік саясат деңгейіне көтерді. Еуропалық Одаққа мүше боламын деген елдер бір жыныстыларды басына көтеріп жүрмесе де, оларды қолдап, қорғап отыруы керек. Еуропа елдерінің қатысуымен өтетін үлкен шараларға сыйлы қонақтардың түгел келуін қаласаңыз, елдегі барлық ЛГБТ, яғни Лұт пайғамбар қауымының мүшелерін «қанаттыға қақтырмай», оларға деген ыстық лебізіңізді білдіріп тұруыңыз тиіс. 

Жоғарыда аталған ұйым Қазақстан Конституциялық Кеңесінің бір жыныстылықты насихаттауға білдірген көңілі «Қазақстанның 2022 жылы өтетін Қысқы олимпиада ойындарын өз жерінде өткізуге сеніммен әрекет етуіне жағдай туғызады» деген мәлімдеме жасады. Ал егер ЛГБТ-қауымы мен олардың ұстанымын насихаттауды шектейтін болсақ, Қысқы олимпиаданы өткізуден дәмелі бола алмайды екенбіз. Аталмыш ұйымның өкілі Шон Гэйлорд мырза Қазақстанның бұл шешімін, яғни бір жыныстылықты насихаттауға тыйым салынуын Конституцияға кереғар деп табылуын «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудағы маңызды қадамы» деп бағалады. Американың «Human Rights First» атты адам құқықтарын қорғау ұйымы АҚШ әкімшілігінен ЛГБТ-қауымының құқықтарын аяқ асты етуге бағытталған заңдардың қабылдануы мен бір жыныстылыққа қарсы саясат жүргізуге ниетті елдердің осы тұрғыдағы әрекеттеріне тосқауыл қоюды талап етіп келеді. 

Бұдан біраз бұрын танымал спортшылар, солардың қатарында Мартина Навратилова «Егер Қазақстанда бір жыныстыларға қарсы заң қабылданатын болса, Астана Қысқы олимпиаданы өткізуге үміт ете алмайды» деген болатын. Бұл спортшылар Халықаралық олимпиадалық комитеттің басшысы Томас Бахты ЛГБТ-қауымын кемсітуге жол бермеуге  шақырып, қажет болса, мүше елдерге қысым көрсету керек деген болатын. 2104 жылдың желтоқсан айында Халықаралық Олимпиадалық Комитет өзінің Хартиясына адамдарды жыныстық таңдауына қарай кемсітпеу жайлы тарау енгізді. Айта кетейік, 2022 жылы өтетін Қысқы олимпиаданы өз елінде өткізуге екі ел – Қазақстан мен Қытай үміткер болып отыр. Олимпиаданың қай елде өтетіні жайлы шешім 31 шіледеде Куала-Лампура қаласында қабылданбақ. Егер Қазақстан Конституциялық Кеңесінің ЛГБТ-қауымына жылы қабақ танытқаны есепке алынып жатса, 2022 жылғы Қысқы олимпиада біздің елімізде өтуі ғажап емес.  

 Шетелдегі бір жыныстылар Қазақстанда қандай заңдар қабылданғалы жатқанын бізден жақсы біледі екен, сондай-ақ өз мүдделері жолында превентивтік шаралар көруге, яғни ерте бастан мәселенің қамын жеуге қауқарлы екен. Өкінішке орай, еліміздің заңдарының қазақтың бүгіні мен болашағына, тарихи дәстүрлері мен бүгінгі болмысына, жалпы алғанда ұлттың мүддесіне сәйкес болуын қадағалайтын мемлекеттік органның шешімін мұхиттың арғы жағынан келген хабардан біліп отырмыз. Айта кетейік, Конституциялық Кеңестің ресми сайтында аталған шешім  немесе сол жайлы ақпаратты іздеп таба алмадық.  

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бір жыныстыларға қатысты берген пәтуасы бар. Бұл пәтуа 2013 жылы 12 қараша жарияланған болатын. Пәтуада: «Еркек пен еркек немесе әйел мен әйел жыныстық қатынасқа баруы Лут пайғамбардың ғ.с. қауымы жасаған сұрқия қылық. Шариғат бойынша бұл екі іс те харам. Сондықтан ауыр күнә қатарына жатады» - делінген. 

Иә, Қысқы олимпиадаға қол жеткіземіз деп, қазақылық арымыз бен мұсылмандық барымыздан айырылып қалмасақ игі еді. Азаматтық қоғам институттары дамымаған, яғни тұрғындары мемлекеттік органдардың шешім қабылдау процесіне тартылмаған елде билік білгенін істейді. Бір данышпан «сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген екен. Конституциялық Кеңестің  бір жыныстылықты насихаттауға білдірген оң көзқарасы Астанадағы ел ағаларынан бастап, қолына қалам ұстаған қара жаяуларға дейінгі ұлт жанды қауымды қырағы болуға үндеп отыр. Сақ болайық, ағайын!  

Үсен Асқаров,

Мұрағаттан, 2015 ж

Жығылған қарттың жан азабы
Танымал журналист анасының аяғын жуғанын интернетке жариялайтындарды қатаң сынға алды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу