Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер
21-05-2024
Бірде әкем үйге ызаланып оралды. Көзінде аздап реніш те бар секілді. Үстіне қарасам киімі лайланып, су болып кетіпті. Мазасызданған түріне қарап одан не жағдай болғанын сұрадым. Жасы жетпіске таяп қалған әкемізді әдетте баратын жеріне жалғыз жібермеуші едік. Біз жұмыста, балалар оқуда болғасын үйде отырып зерікті ме, әлде таусылып қалған дәрісі аяқ астынан қажет болып қалды ма көшенің басындағы дәріханаға сол күні жаяулатып шығып кетіпті. Күздің күніне сенім бар ма? Жолда кетіп бара жатып жаңбыр құйып кеткен екен. Әкемнің бір аяғы шолақ. Ақсаңдап жүреді. Жаңбырдың астына қалып кетпейін деп ық жер іздесе керек, көшені айналып жүгіре беріп аяғы тайып кетіпті. Онсызда сыздатып маза бермейтін аяғы қатты ауырсып қалғасын, орнына тұра алмай біраз ентелеп қалған екен. Үсті басы малмандай су, лас болған. «Орнымнан тұра алмай қиналып жатқанда ары-бері өтіп жатқан адамдардың ешқайсысы көмекке келмегеніне ашындым. Зулап өтіп бара жатқан көліктер тіпті жаңбырдың суын шашыратып өтіп жатыр. Өмірімде мұндай қорлықты көрмеп едім. Кім болса да қолтығымнан демеп жіберсе, сый бермесем де рахметімді айтар едім ғой. Бүгінгінің адамдары тасбауыр болып барады. Үсті басым кірлеп қалғанға мынау бір қаңғып жүрген, үй-жайы жоқ шал екен деп ойлаған шығар. Мейлі солай-ақ болсын, адамның қиналып жатқанын көрген соң кім болса да жанына келіп, жағдайын сұрап, қол ұшын берсе оның сауабын алмай ма?! Бала күнімізді былай тұрсын ержетіп, үйленіп, қырық, елуді еңсерсек те алдымыздан үлкен қария шықса жолын кесіп өтпеуші едік. Көшеде қиналып тұрғанын байқасақ, жанына жетіп барып, жағдайын жасауға тырыстық. Одан біздің бір жеріміз кеміп немесе қарғыс алғанымыз жоқ. Аз болса да жасаған жақсылығың ертелі-кеш алдыңнан шығатынын ұмытпау қажет» деп жан күйзелісін айтып қалды.
Әкемнің әңгімесінен кейін мына бір оқиға есіме түсіп кетті. Бұл оқиға шетелдік басылымдара көп айтылып, ел есінде қалып қойды. Қай жылы екенін нақты білмеймін АҚШ-тың Сиэтл қаласында ізгі ниет ойындары өткен. Дүбірлі додаға дүниежүзінің көптеген мемлекеттерінен мыңдаған жарымжан, мүгедек спортшылар да келіп қатысады. Сонда 100 метр қашықтыққа жүгіретін тоғыз желаяқ жарыс жолына шығады. Бәрі де жарымжан-мүгедек. Аяқтарында жасанды түрде отырғызылған құрал бар. Осылай жарыс сызығына жайғасқан жігіттер төрешінің «баста» деген белгісі берілген сәтте, темір аяқтарын тарсылдатып тұра жүгіреді. Бәрі шама-шарқынша мәре сызығына жетуге арпалысуда. Жеңістен кімнің болса да дәмесі бар ғой. Желаяқтар жолдың жартысын жүгіріп өткенде кенет арт жақтан тарс еткен дауыс шығады. Сөйтсе бір қатысушы құлап қалыпты. Тағдыр оны мүгедек еткені аздай, дүйім жұрттың алдында жарымжан екенін тағы бір дәлелдегендей күй кешіп, орынан тұра алмай жатыр екен. Дәрменсіздігіне күйінген ол еңіреп жылай бастады. Сонда әрбір минуттары санаулы болса да желаяқтардың барлығы кері қайтты. Қарсыласын орнына тұрғызып, жұбата бастайды. Көз жасын сүртіп, бұл өмірде жалғыз еместігін айтып, мүгедектердің де бақытқа лайық екенін айтады. Содан тоғызы бірдей иық тіресіп, бірге жүгіріп, мәре сызығын бірдей аттады. Жантебірентерлік оқиғаға куә болған көрермендер мұндайды күтпесе керек, орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Міне, мейірім, қайырымдылық, жанашырлық десеңізші. Мүмкіндіктері шектеулі болса да жығылғанды жарты жолда қалдырмады.
Ал бүгінгі біздің тірлігі қым-қауырт қоғамда сау адамдар көріп, біле тұра жығылғанға жәрдем берудің орнына, мазақтап, күле қарайтыны рас. Жаһандану дәуірі адамдардың пейілін тарылтып жатыр ма деген ойға қалам кейде. Мүмкін адамгершілік, имандылықтың бүгінгі адамдардың бойынан жоғала бастауы тәрбиенің аздығынан болар. Өйткені әке-шешеміз бізге бала күнімізден өзге біреу қиналып жатқанда көмек беруді, әсіресе, қарияларға жанашырлық танытып, шаруаларын істеп беріп, айтқандарын екі етпеуді, ақылдарын тыңдауды құлағымызға құйып келді. Және біз соны орындадық. Одан әрине жаман болған жоқпыз, керісінше пәленшенің баласы сондай ақкөңіл, мейірімді жан екен деген мақтау сөздер естідік. Ал қазір осылай ақыл айтатын әке-шешелер азайып барады. Бөтен біреудің жанына жолай қалса, оның шаруасын неге атқарып бересің, сен оның құлысың ба, немесе саған өткізіп қойғаны бар ма, аулақ жүр деген сыңайлы баланың тәрбиесін бұзатын сөздерді айтады. Осыдан кейін жас бала эгоист болып өспегенде қайтсін. Осындай тәрбиеден кейін баланың миында тек өзім деген ой қалыптасып қалады. Өзгеге көмектесу олар үшін қайырымды іс емес ұят тірлік секілді.
Адамдарға рақымды болу – тек заттық (материалдық) тұрғыдан көмек беру ғана емес. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Аллаһтың рақымына тек рақымды жандар ғана ие бола алатындығын айтқан. Бұл жайлы ол ибн Омар риуаят еткен хадисте былай дейді: «Рахман Алла рақымды жандарды өзінің рақым-шапағатына бөлейді. Олай болса, жер бетіндегілерге рақымды болыңдар. Сонда көктегі Алла сендерге рақымдылық қылады». Сондықтан жақсылықты өзгелер үшін емес өзіміз үшін жасайық.