«Балалар үрейлене қарайды»: жарты беті күйген қыз әлеуметтік желінің жұлдызына айналды
Әсел Сүлейменованы өз ортасы ашық мінезді, белсенді қыз ретінде таниды. Адам жатырқамай, өзгелермен тез тіл табысатын бойжеткен 7 айлық кезінде ошақта жанып жатқан отқа байқаусызда түсіп кеткен. Абырой болғанда Әселдің анасы қызын жалыннан уақытында алып шығыпты. Бір жақ бетін күйік шалып, сүйкімді нәрестенің ұсқыны бұзылған. Алғашында балалықпен мән бермегенімен өсе келе Әсел үшін бұл үлкен проблемаға айналды. Үнемі жарты бетін жасырып жүретін қыз бүгінге дейін төрт рет ота жасатып, соңғы отадан кейін бет-әлпеті біршама орнына келгенін айтады. Қазір ол өз бейнесін қабылдап келеді. Еш қымсынбай TikTok түсіреді. Әлеуметтік желіде белсенділік танытуым өзімді осы қалпымда қабылдаудағы негізгі қадамдарымның бірі болды, дейді ол.
«БЕТІМДІ ҰЯЛМАЙ КӨРСЕТІП ЖҮРГІМ КЕЛЕДІ...»
Azattyq Rýhy тілшісі Әселдің өзіне хабарласып, желідегі белсенділігі, денсаулығы мен болашаққа жоспары жайында әңгімелесті.
Әселдің терісі күн өте өзгеріп жатқандықтан оның бетін толық қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт қажет. Оның үстіне күйікке жасалатын отаның бағасы да тым қымбат. Шетелге шығуды талап етеді. Бойжеткен желіде алғаш «Астарлы ақиқат» бағдарламасына кейіпкер болғаннан кейін танылғанын айтты.
«Өзім Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласының тумасымын. Қазір жасым 15-те. Осыдан бір жыл бұрын туыс әпкеміз менің жағдайымды айтып «Астарлы ақиқат» бағдарламасына хабарласты. Бағдарламаға барып, алғаш көпшілікке өз бейнемді көрсеттім. Бағдарламадан кейін менің отама қаражат жиналып, Алматыда кезекті ота жасаттым. Өте қиын болды. Ауырғанына қарамастан шыдап шықтым. Қазір бетім біршама қалыпқа келді.
Қыз бала болғаннан кейін өзімді іштей қанша қамшыласам да бетімнен ұялатын кездер болады. Бұрындары көпшілікке шыққанда үнемі шашыммен жарақаттанған бетімді жауып жүретінмін. Көшеге шықсам төмен қарап немесе күннен қорғайтын көзілдірік киіп жүрдім. Шынымды айтсам үнемі тығылып жүруден шаршадым. Әлі де болса өзімді толық қабылдадым деп айта алмаймын. Кішкентай балалар анасына мені меңзеп шошып қарағанда ұялып кетемін, бірақ барынша елдің сөзіне мән бермеуге тырысамын», - дейді ол.
Әселдің достары өте көп. Анасы оның өз ортасында өте белсенді, мектепте үздік оқушылардың бірі екенін айтады. Анасы мен өзінен кейін ерген сіңлісі, туыстарының қолдауы жасөспірім қыздың бүгінге дейін тұйықталмай, ашық болуына себеп болған.
«Әсел – менің тұңғышым. Бір мезетке көзімнен таса қылып алғанымнан қызым осындай жарақат алды. Әлі күнге дейін жүрегім ауырады. Қандай ана баласына жамандық тілейді?! Жағдай осылай болды. Десе де, қолымнан келгенше қолдауымды білдіремін. Қай кезде де, қызымды жігерлендіріп сұлулық тек сыртқы келбетте емес екенін түсіндіруге тырысып келемін», - дейді Әселдің анасы.
Оның инстаграм желісінде 22 мыңнан астам оқырманы бар. Алғашында жағымсыз пікір көп болғанымен қазір оқушы қызды қолдайтындардың қатары көп.
«Бастапқы уақытта желіге шығуға жүрексіндім. Қарапайым көшеде ұялып жүргенде қаншама адамның алдына шығу мен үшін қорқыныш болды. Анамның қолдауының арқасында қорқынышым басылды. Мейірімді адамдар жақсы қабылдады. Бетімді жаппауымды сұрап, табиғи әдемілігімді үнемі айтып отыратын оқырмандарым бар. Десе де, жағымсыз пікірлер де аз болмады. «Қорқыныштысың, видео түсіру не теңің, үйде отыр» деген ауыр сөздер көп болды. Алғашында оқып түнімен жылап шығатынмын. Кейін бәріне үйрендім», - дейді ол.
ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІҢ ЫҚПАЛЫ ТУРАЛЫ
TikTok-қа тек хобби ретінде қараймын деген Әсел желінің қазіргі мүмкіндігіне кеңінен тоқталды. Оның өзіне деген сенімділігін арттыруға желінің септігі көп болған.
«Өзіммен қатарлас балалардың көбі TikTok-қа әуес. Өзім қолым бос кезде ғана видео түсіремін. Қазіргі жастардың TikTok-қа қызығуының басты себебі, TikTok арқылы ұсыныс бөліміне шығып оқырман жинайды. Оқырмандарының жартысы Instagram-ға тіркеледі. Осылайша, аудитория жинап блогер болуға мүмкіндік бар. TikTok-тың берер пайдасы көп деп айтпас едім. Өзінің ішіндегі жүйесіне сәйкес қосымшаны қолданушылар стримға кіріп яғни, аудио немесе видео ақпаратты тарату арқылы бір-бірімен батлға шығады. Оны көріп отырғандар түрлі сыйлықтар жібереді. Стрим аяқталғаннан кейін онлайн сыйлықтарды жинап TikTok доллар беріп отырады. 100 долларға жеткен кезде оны шешіп алуға болады», - дейді Әсел.
Әселдің жасы небәрі 15-те болса да ересек адамдарша ойлап, ойын толық, сенімді жеткізуге үйренген. Ол өз түсінігіндегі әдемілікті былайша сипаттап берді.
«Мен үшін әдемілік сырт келбет емес адамның жан дүниесі. Бұл пікірдің өзімнің бет-әлпетіме еш қатысы жоқ. «Адамның сырт келбетіне қарап алғаш баға берген – Ібіліс» деген сөз бар. Мен бұл тұжырыммен толықтай келісемін. Жүрегінде иманы, жақсы ниеті мен адамгершілігі болмаса, жылтыраған беттен келетін пайда жоқ деп ойлаймын. Жан дүниесі сұлу адамның қасында тұрып тілдесудің өзі үлкен ғанибет. Сондықтан адамның сыртқы бейнесінен бұрын ішкі дүниесіне үңілуді ұмытпау қажет. Менің қасымда жүрген достарым, мені қарайтын оқырмандарымның қолдауына, анамның барына шүкіршілік етемін», - дейді ол.
Әсел биыл 9-сыныпты бітіріп, мұғалім мамандығына баруды жоспарлап отырғанын айтты. Сондай-ақ оқушы қыз өзі секілді жандарды бірінші кезекте ұялмауға шақырды.
«Кішкентай балаларды ерекше жақсы көргендіктен болар, бастауыш сынып мұғалімі боламын деп шештім. Түсінігі, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып жатқан бүлдіршіндерге сабақ беру, оларды жақсы дүниеге үйрету маңызды деп ойлаймын. Осы бағытта кәсібімді жалғағым келеді.
Сондай-ақ мен секілді ерекшелігі бар, бірақ өзін қабылдай алмай жүрген жандарға ұялмаңыздар дегім келеді. Біз ұялып, төмен қарай бермеуіміз керек. Себебі Алла сынақты тек көтере алатын жанға береді. Басқа түскен кез-келген жағдайға шыдай білу керек. Өзіңізді бар болмысыңызбен жақсы көрген дұрыс. Бақытты болу үшін тек сұлу болу жеткіліксіз», - дейді оқушы қыз.
Отандық дәрігерлер Әселдің жарақаты күрделі екенін, қомақты қаражатты қажет ететінін айтады. Оқушы қыздың жағдайын оның әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы байланысып, білуге болады.