Онлайн саяхат жасауға болады
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еліміздің жұртшылығына ұсынған елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа дәуір кеңістігіндегі ел тағдырын анықтап, мемлекетіміздің дамуын тануға, бағытбағдарын белгілеуге жаңа кеңістік ашар үшінші жаңғыру дәуірінің іргелі тарихи құжаты екеніне көзіміз әлдеқашан жеткен. Біздің мақсат, бабалар батасы дарыған, ата аманатын аялаған ел болғандықтан, өткенді ұмыт қалдырмай, салт-дәстүріміз бен, кешегінің көзі болып қалған құндылықтарымызбенен жарқын болашаққа ұмтылу еш ұмыт қалдырмадық.
Жаңа тарихи кезең шырайлы Шымкентке де ерекше серпін, мәдениетіне жаңашылдық, туризміне де бұрын болмаған бетбұрыстар алып келген болатын. Мысалға алар болсақ, осыған дейін «Қазақстанның рухани киелі жерлері. Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы бойынша Шымкент қаласында өткен жылы бірталай іс-шара: арнайы экскурсиялар, танымдық сабақтар, жылжымалы жиындар, ғылыми конференциялар мен зерттеулер ұйымдастырылды. Жалпы, жоба бойынша қаладағы 7 тарихи-мәдени ескерткіштер республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне, ал 8 нысан – жергілікті маңызға ие орындар қатарына енген болатын. Шымкент қаласының киелі орындары – «Ибрагим ата», «Қарашаш ана», «Әбдул Әзиз баб», «Мірәлі баба», «Қожасалық» кесенелерінің аумағын қоршау, көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылымы реттеліп, қаланың көркі арта түскен болатын.
Енді міне жуырда Шымкент қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бөлімі «Сансыз бабтар мекеніне онлайн экспедициясы» болып өтті. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты экспедиция онлайн түде болып өтті. Алайда бұл киелі орындардағы жұмыстарды бақылап, бағыт-бағдар беруге еш кедергісін келтірмеді. Онлайн жүйесіндегі экспедицияның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру және қаланың туристік әлеуетін таныту болды.
Онлайн экспедиция барысында ұйымдастырушылар қаладағы республикалық маңызы бар жоғарыда аталған киелі 7 кесененің тарихымен таныстырды.
Бүгінде кесенелер маңында көптеген жұмыстар атқарылғаны белгілі. Қаладағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштердің көбіне QR кодтар орнатылған. Танымдық QR кодтар — заманауи технологиялар көмегiмен киелi нысандар туралы ақпаратты цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар ендігі өз жемісін де беріп жүр.