Нұржан Керменбаев сәтсіздікке ұшырады
Латвияның әйгілі Юрмала қаласында дәстүрлі «Новая волна-2009» байқауы аяқталды. Алдыңғы жылдарда танымал байқауда еліміздің намысын Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген және China Toun, Rin’GO, «101» топтары қорғаған. Алайда, бірде-бірі жеңімпаздардың қатарынан көріне алған жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтыруға биыл Қазақстанның атынан Юрмалаға SuperStar.kz жобасының жеңімпазы, «Арнау» дуэтінің мүшесі 20-жасар Нұржан Керменбаев аттанды.
«Новая волна-2009» конкурсының басты ерекшелігін атап өткеніміз жөн. Байқаудың ұйымдастырушылары - танымал композиторлар Игорь Крутой мен Раймонд Паулс. Яғни, конкурста өзін жақсы қырынан танытқан жас әншілер танымал мамандардың назарына ілігуге мүмкіндік алады.
Қатысушылардың географиясы да өте кең болды. ТМД елдерінен бөлек байқауға Индонезия, Қытай, Франция, Финляндия мен Италиядан келген конкурсанттар да бағын сынады. Конкурстың ашылу салтанатына әйгілі Roxette тобының қатысқаны, үш күнге созылған конкурсты тікелей эфирде миллиондаған көрерменнің бақылап отырғаны «Новая волнаның» рейтингісін анағұрлым өсіріп жіберді. Байқаудың жүлде қоры 100 мың долларды құрап, оның тең жартысы жеңімпазға, екінші орын иесіне – 30 мың, үшінші орынға 20 мың доллар көлемінде бекітілді.
Бас жүлдеден үміткерлердің арасынан табылған Нұржан Керменбаев әділқазылар алқасын тек әсем әндерімен ғана емес, сыртқы келбетімен де таңқұалдыруға бел буды. Олай дейтініміз, Нұржан үш ай бойы шаш өсіріп, сахнаға жаңа образда шықты. Іріктеу турында қазақ әншісі «Любовь, похожая на сон» және «Отан ана» әндерін орындаса, негізгі конкурстық бағдарламада өзінің жеке әні «Сенен басқа» және әлемдік хитке айналған «Аиша» әндерін шырқады.
Дегенмен, конкурстың нәтижесі бойынша 16 орындаушының арасында Нұржан Керменбаев 312 ұпай жинап, соңынан санағанда үшінші орынды қанағат тұтты. Себебін айтар болсақ, қатысушылар деңгейінің өте жоғары болды. Бас жүлде қатарынан екі әншіге бұйырды. Жеңімпаздар – Сондоро Санди (Индонезия) мен Джамала (Украина) екеуі де 358 ұпай жинап, ақшалай сыйлықты өзара бөлісті. Екінші орын премиясы Италиядан келген керемет дауысты әнші Антонелло Кароззаға бұйырса, үздік үштіктің қатарынан ресейлі Марк Юсим көрінді.
Осылайша, бұл жолы да қазақстандық сахна жұлдызы «Новая волна» байқауын бағындыра алмады. Дегенмен, бұған сәтсіздік ретінде қарауға болмайды.