Ұлу жылы жайлы қызықты деректер топтамасы

Oinet.kz 06-01-2012 6880

Screenshot_5.png

Қоян жылынан кейін келетін жылды түркі-монғол халықтары, оның ішінде қазақтар Ұлу жылы деп атайды. Ал қытай күнтізбесінде ол айдаһар жылы деп аталады. Неге?

Зерттеушілердің айтуына қарағанда, хайуандық күнтізбені ежелгі көшпенділер қытайлардан қабылдап алған көрінеді. Алайда бұл күнтізбе толығымен көшіріліп алынбаған, оның өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен, Қытайда Маймыл жылы, көшпенділерде Мешін жылы деп аталады. Мешіннің қандай мақұлық екендігі жөнінде нақты байлам жоқ. Біреулер оны маймыл десе, Қазақстанның кейбір аймақтарында мешін деп су жәндігін атайды екен.

Айдаһар жылының Ұлуға айналуы туралы екі болжам бар. Қай уақытта да ауа-райына тәуелді көшпенділер көбіне жазы қуаңшылықпен, қысы жұтпен есте қалған Қоян жылынан кейінгі жылға жауын-шашын мол болсын деген ырыммен сулы жерде өмір сүретін ұлудың атын  берсе керек. Екінші болжам бойынша айдаһар қытай тілінде «лұн» деп аталады екен. Ұлу сөзі осы «лұн» сөзінен шығуы мүмкін.

 Ай күнтізбесі бойынша Ұлу жылы биыл 23 қаңтарда кіріп,  келер жылдың 9 ақпанында шығып кетеді.

 Ұлу жылының бір ерекшелігі ол барлық уақытта кібісе жылдармен тура келеді. Ұлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Рас, 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс, Қазақстандағы байлардың мүлкін тәркілеп, өздерін Сібірге жер аударған 1928 жылғы  голощекиндік кәмпеске де Ұлу жылында орын алған.

    Ұлу жылында болған оқиғаларды еске түсіріп көрелік.

 

2000 жыл

-2000 жыл Тәуелсіз Қазақстанның тарихында «Мәдениетті қолдау жылымен» есте қалды.

-29 шілдеде бұрынғы Семей полигонындағы соңғы ядролық сынақ алаңы жойылды.

-23 тамызда Қазақстан Республикасының  Ұлттық қоры құрылды.

-10 қазанда Астанада Белоруссия, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қауымдастық құру туралы келісімге қол қойды.

-7 мамырда —сайлауда жеңіске жеткен Владимир Путин Ресей президентінің өкілеттігіне кірісті.

-12 тамызда —  Баренц теңізінде жүздеген адамның өмірін жалмаған «Курск» атом сүңгуір кемесі батып кетті.

-15 қыркүйекте Сиднейде XXVII  жазғы олимпиада ойындарының алауы жағылды. Осы дүбірлі додада  Қазақстан үш алтын, төрт күміс олжалап, зор жетістікке жетті.

 

1988 жыл

-Араға 62 жыл салып Наурыз мерекесі қайта тойлана бастады.

-Қазақстанда 143 миллион тонна көмір өндіріліп, ол рекордтық деңгейге жетті. 

-КСРО-да кооперативтер құрыла бастады. 24 тамызда бүкіл Кеңес одағында алғашқы кооперативтік банк Шымкент қаласында ашылды.

-8 наурыз —бұл күн АҚШ тарихында «суперсейсенбі» деген атпен белгілі.  Осы күні үлкен Джордж Буш президенттік сайлауда жеңіске жетті.

-15 мамырдан бастап кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару басталды.

-17 қыркүйек — 2 қазан аралығында  XXIV Жазғы олимпиада ойындары Сеулде өтті. Осы додада Қазақстанның ауыр атлеттері алғаш рет олимпиада медалін иеленді. Дәлірегі 90 келі салмақта шеберлік сынасқан зілтемірші Анатолий Храпатый олимпиада чемпионы атанды. Жалпы, XXIV олимпиада ойындарында КСРО құрама командасында 30 қазақстандық спортшы қатысты. Олар әр түрлі дәрежедегі 18 медальді иеленді.

 

1976 жыл

-Қаңтарда жер шарының 4 миллиардыншы тұрғыны дүниеге келді.

-16 ақпанда Кеңес Одағында алғаш рет «КАМАЗ» көлігі шығарылды.

-7 мамырда —Бас хатшы Леонид Брежневке Кеңес Одағының Маршалы атағы берілді.

- Алматының “Қайраты” Қазақстан футбол тарихында алғаш рет КСРО бірінші лига клубтарының чемпионатында жеңіске жетті.

- 17 шілде — 1 тамыз  арлығында XXI Жазғы олимпиада ойындары Канаданың Монреал қаласында өтті. КСРО құрама командасының сапында 14 қазақстандық спортшы 11 спорт түрінен бақ сынап, 8 алтын және 2 күміс медальға ие болды.

-18 қыркүйекте Қытай халқы көсемдері Мао Цзэдунді ақтық сапарға шығарып салды.

 

1964 жыл

-Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығына келді.

-14 қазанда СОКП Орталық комитетінің қазан пленумында Н.Хрущев барлық партиялық қызметінен босатылды. Бірінші хатшылыққа Л.Брежнев келді.

-16 қазанда  Қытай алғаш рет ядролық қаруын сынақтан өткізді.

-10-24 қазан арылығында XVIII Жазғы олимпиада ойындары Токиода өтті. Бұл олимпиада алауының алғаш рет Азия құрлығында жағылуы еді. Олимпиаданы Токиода өткізу 1940 жылы да белгіленген болатын. Бірақ Жапонияның Қытайға басып кіруіне байланысты ол Хельсинкиге ауыстырылып, артынша Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуынан мүлдем өтпей қалды.

 

1952 жыл

-Белгілі қазақ тарихшысы Ермұқан Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында» атты еңбегі үшін 25 жыл мерзімге жер аударылып, барлық атақтарынан айрылды.  

-4 қарашада  АҚШ-тың әйгілі президенттерінің бірі Дуайт Эйзенхауэр  сайлауда жеңіске жетті.

-19 шілде—3 тамыз арылығында XV Жазғы олимпиада ойындары Финляндияның астанасы Хельсинкиде өтті. Кеңес спортшылары осы жарыста 71 медаль иеленіп, жалпы командалық есепте екінші орын алды. 76 медаль иеленген АҚШ бірінші орын алды.

 

1940 жыл 

- 12 наурызда Мәскеуде Финлядия мен КСРО басшылары Мәскеу бейбіт келісіміне қол қойды. Соның нәтижесінде  екі ел арасында 1939 жылдың қарашасынан бері созылып келе жатқан «Қысқы соғыс» аяқталды.

-1 ақпанда  — Қытай Жапонияның басқыншылығына қарсы күресу үшін АҚШ-тан көмек сұрады.

-9 сәуір — неміс әскерлері Данияны окупациялауды бастады.

-5 мамыр —КСРО басшылары Польшаның жиырма мыңнан астам әскери тұтқындарын ату туралы шешім қабылдады. Бұл тарихта «Катынь қырғыны» деген атаумен есте қалды.

-20 тамызда —НКВД-ның агенті Рамон Меркадер Мексикада Лев Троцкийдің өміріне қастандық жасады.

- 14 маусымда неміс әскелері Парижді алды.

-5 қарашада —АҚШ-та өткен президент сайлауында Франклин Рузвельт екінші рет жеңіске жетті.

 

Ұлу жылы дүниеге келгендер:

- Нұрсұлтан Назарбаев, Елбасы, Қазақстан Республикасының президенті;

- Мақсұт Нәрікбаев, «Әділет» партиясының төрағасы;

- Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы ;

-Бақытжан Ертаев, әскери қайраткер, генерал-лейтенант;

-Ескендір Хасанғалиев, белгілі сазгер;

- Карл Байпақов, архелог-ғалым, Археология институтының директоры;

-Мұхтар Мағауин, Қазақстанның халық жазушысы;

- Тоқболат Тоғысбаев, белгілі кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері;

-Жанарбек Әшімжан, ақын, журналист, публицист, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры;

- Мұхтархан Ділдәбеков, бокстан Азия чемпионы, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері;

- Илья Ильин--әлемнің үш дүркін және олимпиада чемпионы;

-Жамбыл Көкеев—белгілі қазақ футболшысы, «Астана» футбол командасының шабуылшысы.


Б.Ерназар

Нұржан Керменбаев сәтсіздікке ұшырады
«Халықтың сүйіктісі—2011»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу