Түркістанда өзін "антикор" қызметкері ретінде таныстырғандар медицина ұйымынан 15 млн теңг
Түркістан облысында өзін қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері ретінде таныстырған екі адам медициналық ұйым басшысын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, одан 15 миллион теңге талап еткен.

Агенттіктің мәліметінше, алаяқтар медицина мекемесінде заңбұзушылықтар анықталғанын айтып, басшыны қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан. Сонымен қатар ақша берген жағдайда жауапкершіліктен босатуға уәде еткен.
Олар медициналық ұйым басшысынан 15 миллион теңге алуға тырысқан. Алдымен 5 миллион теңгені алғаннан кейін қалған 10 миллион теңгені талап еткен.
8 тамызда күдіктілер Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері мен қаржы мониторингі агенттігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті бірлескен операциясы барысында қылмыс үстінде ұсталды.
Сот күдіктілерді қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Агенттіктің азаматтарды сақ болуға шақырды. Агенттік жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып немесе жазадан құтқаруға уәде беріп, ақша талап ету заңсыз екенін ескертті.
Мұндай жағдайларға тап болған азаматтар агенттіктің 1458 Call-орталығына хабарласа алады.


