ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ, КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫС, ЖҰМЫССЫЗДЫҚ АЗАЙМАУ СЫРЫ НЕДЕ?
«АMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің бүгінгі жиыны өте қызу пікірталаспен өрбіді. «AMANAT» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты һәм қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде жиынға өзім модератор болдым. "AMANAT" партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев әуелі алқалы жиынға қатысушыларды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, өңір тұрғындарының республикалық референдумға ерекше белсенділікпен атсалысқанын атап өтті. Дауыс беру учаскелеріне біздің өңірде бір миллионға жуық адам барып, солардың 92 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдады.

Партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Қалыйма Жантөреева, кеңес мүшелері - Түркістан қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева мен облыстық мәслихаттың депутаты Жаңабай Ағабеков жаңадан қабылданған Ата заңның ел болашағы үшін маңызын әңгімеледі.
Ой-пікірлер ортада ашық айтылған кеңес жиынында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бес бірдей облыстық басқарманың басшылары мен орынбасарлары мінберге көтеріліп, көкейтесті сауалдарға жауап берді. Атап айтқанда Денсаулық, Білім, Қоғамдық даму, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары және Ішкі істер департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы тарапынан нендей тірліктер қолға алынғаны туралы баяндамалар жан-жақты талқыға түсті.
Айталық партияның Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының «Сапалы жұмыс орындарын құру» бағытындағы айқындалған міндеттердің орындалуы бойынша жасалған баяндамадан ұққанымыздай, былтыр өңірде 147 719 азамат жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 100 046 орын тұрақты, 47 673 орын уақытша жұмыс орындары. Ал облыстағы жұмыссыздардың саны 39 932 адамды құрайды екен.
Бір жылда 150 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып жатса неліктен өңірде жұмыссыздар саны азаймай отыр деген мәселе қозғалды. Себебі жыл сайын жұмыссыздық деңгейі аса қатты өзгермей келе жатыр. Бұл парадоксқа Парламент депутаттары да назар аударған. Олар салалық министрлік тарапына «жыл сайын елде 900 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып жатса, жұмыссыз деп табылған 460 мыңға жуық адамның саны неге азаймай отыр?» деген мәселе көтерген болатын. Білуімше, министрлік бұған мардымды жауап бермеген. Бүгінгі басқосуға келген салалық басқарма басшысының орынбасары да бұған және басқа да бірқатар сауалға жарытымды жауап айта алмады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамдағы өзектілігі жыл өткен сайын артып келеді. Мойындау керек, мемлекет тарапынан осы шиеленіскен мәселені шешу бағытында көптеген шаралар қабылдануда. Облысымыздың орталығы былай тұрсын аудан, қалаларында отбасыны қолдау орталықтары ашылды. Қиын жағдайдағы әйелдерге психологиялық көмек көрсететін дағдарыс орталықтары да жұмыс істеуде. Әр мектепте педагог-психологтардың штаттары ашылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасайтындарға бұрынғыдай әкімшілік емес, қылмыстық жаза қолданылатыны жайлы заңға тиісті өзгерістер енгізілді. Сонда да отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар, зорлық-зомбылықтар алаңдатарлық проблема күйі қалып отыр.
Кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс 22,9 пайызға өскен. Ал жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болуы 2024 жылмен салыстырғанда былтыр көбейген. Ал биылғы алғашқы екі айда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өз-өзіне қол жұмсап өлген жасөспірімдер екі есеге дейін артып кетуі дабыл қағарлық мәселе.

Солай бола тұра күн тәртібіндегі өте өткір мәселелерге байланысты атқарған тірліктер туралы баяндамаларды елеп-екшегенде, жіті зерделегенде бес басқарманың үшеуінің жиынға жеткіліксіз деңгейде әзірленгені сынға ілікті. Қоғамдық кеңестің алдағы жиындарына тыңғылықты дайындықпен келу қажеттігін қатаң ескерттім.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен суицидтің алдын алу мәселелері жөнінде облыстық Денсаулық, Білім басқармалары тарапынан бірқатар ұтымды ұсыныстар айтылды.
Жиында ерекше балалар арасында «Сен талантсың, сен дарынсың», «Сен ерекшесің» атты шығармашылық байқауларды ұйымдастыру мәселесіне облыстық салалық басқармалар мен аудандық, қалалық әкімдіктердің атсалысуы жайлы ұсыныс-пікірлер айтылып, бірауыздан қолдау тапты.
Ғалымжан Елшібай,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты


