Жастар саясаты – болашақтың даңғыл жолы
«Жастары жалынды елдің болашағы жарқын болмақ» дейді қазақ даналары. Расында да, жастар - мемлекетті кемел етіп, инновация мен жаңа технологияларды дамытушы күш. Қазақстанда қазіргі таңда 6 миллионға жуық жастар бар. Бұл республика халқының шамамен үштен бірін құрайды. Алдағы үш жылда елімізде 35 жасқа дейінгі жастар саны 6,2 млн адамға дейін өседі деген болжам бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай жастар «қолдауға мұқтаж топ» емес, ұлттық дамудың стратегиялық ресурсы.

Біле білсек, Қазақстан балалар мен жастарға жан-жақты қолдау көрсететін әлемдегі аз елдің бірі. Мемлекетіміз мұны жақында тағы да дәлелдеді. Жаңа Конституцияда жастарға басымдық берілуі осы сөзіміздің айғағы. Атап айтқанда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заңдағы волонтерлік қызмет, ғылым, инновациялар және жасанды интеллект секілді бастамалар жастар саясатын одан әрі нығайта түспек.
Елдегі жастар ортасының қалай өзгеріп жатқанын жүйелі түрде талдауға мүмкіндік беретін «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасы қазақстандық жастардың айнасы іспетті. 2013 жылы қабылданған алғашқы баяндама небәрі 7 тараудан тұрса, кейінгі жылдары мансаптық тұрақтылық, отбасылық стратегиялар, қаржылық мінез-құлық және ұзақ мерзімді әлеуметтік бейімделу, жасанды интеллект, цифрлық сауаттылық, медиамінез-құлық секілді тараулар қосылып, жастар саясатының ауқымын кеңейте түсті.
Бүгінде бұл құжат мемлекеттік жастар саясаты саласындағы маңызды аналитикалық құралдардың бірі саналады. Оның ерекшелігі – тек зерттеу нәтижесі емес, сонымен қатар «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң аясында әзірленіп, жыл сайын елдегі жастардың ахуалы жөнінде Мемлекет басшысына ұсынылатын жүйелі баяндама болып табылады.

Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының Талдау және коммуникациялар басқармасының басшысы Алёна Дмитриева соңғы жылы жастардың жүргізіліп жатқан шараларға қанағаттану деңгейі 68,7 пайыздан 45,8 пайызға дейін төмендегенін айтады. «Сондықтан саясаттың нақты әсерін бағалау маңызды. Ұлттық баяндама жастар ортасында болып жатқан негізгі өзгерістерді көрсететін және алдағы жұмыс бағыттарын айқындайтын аналитикалық негіз болып қала береді», – дейді ол.
Қазақстанда жастарды әлеуметтік қолдау – жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Ел ертеңі жастарды баспанамен қамтамсыз ету үшін «Жас Отбасы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы қолға алынғалы бері жас отбасылар 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен баспаналы болуға мүмкіндік алды.


