«Біз тіпті ұрсысып көрмеппіз»: Ең жақын досын өлтірді деген күдікке ілінген азамат жазықсыз ба?

Oinet.kz 12-04-2025 406

Жақын досын қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған күдікті Мейірімбек Серікұлына қатысты арнайы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

Screenshot_2.jpg

Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 99-бабы, "Адам өлтіру" бойынша айып тағылып отыр. 

Алайда іс барысына қатысып отырғандардың бәрі, соның ішінде марқұм Тұрарбек Кенжеғалиевтің туыстары да, бұл айыптың шындыққа жанаспайтынын айтып отыр. 

Мәліметтерге сенсек, қылмыс 2024 жылдың 15 ақпанына қараған түні болған. Сол күні 28 жастағы Тұрарбек Кенжегалиев пен Мейірімбек Серікұлын бір отырысқа шақырады. Марқұмның анасы Тұрсынай Рахимованың айтуынша, 14 ақпанда өзі вахтаға кеткен. Ұлы әкесі мен кенже қарындасымен үйде қалған.

"Тұрарбектің сол күні дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілген еді. Дәрігерлер оған дәрі жазып берген. Жолға шығар алдында мен оған үйден шықпа деп тапсырдым. Бірақ кешке қарай Тұрарбекке сөйлесіп жүрген бір әйел қоңырау шалып, отырысқа шақырыпты. Сол жерде жиналғандар туыстар екен. Түн ортасына таман қонақтардың арасында жанжал шығып, ұлымды үш рет пышақтап кеткен. Ал досының басын жарып, қатты соққы жасаған. Тұрарбектің өлімін Мейірімбекке артып қойды. Ал нағыз кінәлілер еркіндікте жүр. Мен оның кінәлі екеніне сенбеймін. Әсіресе оқиғадан кейін ұлымызды ұрған ер адамдардың бірі кісі өлтіргенін мойындап, бәрін айтқан. Бұл сөздер жазылып та қалған. Бірақ неге екені белгісіз, тергеу бұл дәлелдерді елемей отыр. Бұдан бөлек, сотта бәрін айтып берген көрші әйел де бар. Сол әйел кімдердің ұлдарды ұрғанын көрген. Бірақ оның сөзіне де ешкім құлақ аспай отыр", – деді әйел.

Тұрсынай Рахимова кінәсіз жанның жазаға тартылып отырғанына наразы, ал шын қылмыскерлердің әділ жаза алуын талап етіп отыр. Бұл талаппен ол Астанаға, Бас прокуратураға дейін барып қайтқан. Арызданушының қасында айыпталушының анасы Тұрсын Қазбенова да болған. Екі ана бірігіп, тергеудің басынан-ақ дұрыс бағытта жүрмегенін дәлелдеуге ниетті.

"Қылмыстан кейін бәрі жан-жаққа қашып кеткен. Кіреберісте тек Тұрарбек пен қансырап жатқан менің ұлым қалған. Көршілер полиция шақырды да, бар кінәні Мейірімбекке жапты. Сосын ұлымды қамауға алды. Сол кезде менің кіші ұлым қашып кеткендердің бәрін тауып, іштеріндегі біреуі істегенін мойындаған. Бұл жайлы аудиожазба да бар. Егер кінәсіз болса, неге қашты? Неге біреуі пышақты алып кетіп, лақтырып жіберді? Кейін пышақ табылды, сараптама ұлымның саусақ іздері жоқ екенін көрсетті. Тергеушілер еш әрекет етпей отыр, оларға қылмысты бір адамға жаба салған ыңғайлы. Ал шын мәнінде менің ұлым да сол түні жәбірленуші болды. Соттан әділ шешім шығаруды сұраймын. Ұлым бұрын сотты болмаған, сауатты жігіт. Әйелі қайтыс болған, жалғыз өзі бала тәрбиелеп отыр", – деді Тұрсын Қазбенова.

Ал айыпталушы Мейірімбек Серікұлы болса, өзіне тағылған айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарады. Ер адам соттан әділ шешім шығаруды сұрайды.

"Адам өлтірді деп айыпталып отырмын, бірақ бұл айыпты түбегейлі жоққа шығарамын. Сол түні оқиға орнында болған адамдар бір-біріне туыс келеді. Сондықтан бүкіл кінәні маған жаба салуды жөн көрген. Өзім де сол түні аяусыз соққыға жығылдым. Тұрарбек менің ең жақын досым еді. Біз төрт жасымыздан бері бірге өстік. Ол маған туған бауырымдай еді. Біз тіпті ешқашан ұрсысып көрмеппіз, төбелес туралы айту тіпті орынсыз. Соттан мені ақтауды сұраймын", – деді айыпталушы.

Мейірімбектің адвокаты Арман Әбдірашит бұл істі "айдан анық қолдан құрастырылған" деп санайды. Ол істі жаңа тергеуге қайтару қажет деп есептейді және қорғауындағы азаматқа қатысты істі дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатуды талап етеді. Адвокаттың айтуынша, тергеу барысында көптеген процессуалдық қателікке жол берілген. Кейбір деректер өзара қайшы дейді.

"Пышақты үшінші тұлғалар жасырған. Неге? Неге қылмыс құралын алып кету қажет болды? Қорғауымдағы адамның пышақта саусақ іздері жоқ. Марқұмның қаны да жоқ. Марқұм мен Мейірімбектің тырнақтарының астынан бір-бірінің биоматериалы табылмады. Бұл – сараптама қорытындысы. Қылмыс құрамы жоқ. Куәгерлердің айтқаны бір-біріне қайшы келеді. Себебі түске дейін бір нәрсе, түстен кейін басқа нәрсе айтады. Бірі пышақ Мейірімбектің оң қолында болды десе, екіншісі сол қолында дейді. Көрші әйел өз көзімен Мейірімбекті бірнеше ер адам ұрып жатқанын көрген. Бұл іс толық тергелмеген деп санаймын. Ал менің қорғауымдағы адамның кінәсі дәлелденбеген", – деді адвокат.

Айта кетейік, сот тергеуі аяқталып, тараптардың жарыссөзі басталды. Соңғы шешімді судья Динара Гильманова шығарады.

Ақтөбеде мектеп оқушысын 15 шақты жасөспірім соққыға жығып, пышақтап кеткен
«Жетімдер үйіне өткізіңе салыңдар»: Қазақстанға түнгі балабақшалар қажет пе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу