«Жетімдер үйіне өткізіңе салыңдар»: Қазақстанға түнгі балабақшалар қажет пе?

Oinet.kz 12-04-2025 253

Әлеуметтік желіде балаларды кешкі сағат 19:00-ден таңғы 08:00-ге дейін қабылдайтын балабақшаның жарнамасы тарады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_3.jpg

Енді ата-аналар жұмыс бабымен босамай немесе өзіне уақыт арнағысы келген жағдайда 2 жастан асқан баласын түнгі балабақшаға тастап кете алады. Ерекше балабақшаның тартымды жарнамасы желі қолданушыларының арасында қызу талқыға түсті.

Түнгі балабақша 2 жастан асқан балаларды кешкі 19:00-ден бастап қабылдайды. Балабақша қызметкерінің айтуынша, ұлдар мен қыздар бір бөлмеде ұйықтайды. 

“Балалар сағат 19:00-де қабылданады, кешкі серуенге шыығады. Серуендеп келген соң аяқ-қолдарын жуып, сағат 20:00-де кешкі ас ішеді. 21:00-22:00-ге дейін акт залында мультфильм немесе ертегі көреді. 22:00 айран ішіп, ұйқыға жатады. Таңғы сағат 07:00-де ұйқыдан тұрып, таңғы асын ішіп үйіне қайтады”, – дейді мекеме қызметкері.

Бұл балабақшада күндізгі топ та бар. Алайда кешкі топ пен күндізгі топ үшін балабақшаның айлық ақысы әртүрлі.

Егер баланы жұмыс күндері балабақшаға қалдырсаңыз бір күнге 12 мың теңге, демалыс күндері қалдырсаңыз – 15 мың теңге. 

Ал бала жұмыс күндері кешкі топқа тіркелсе, балбақшаның айлық ақысы – 180 мың теңге. Ал күндізгі топтар үшін ата-аналар айына 220 мың теңге төлейді.

“Анам балабақшаға барған кезін еске алса жүрегі ауырып, көзіне жас алады”

Ерекше балабақша туралы желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі мұндай балабақшаның қазіргі жұмысбасты ата-аналар үшін таптырмас дүние екенін айтады. Тіпті өз тәжірибесі туралы айтқандар да бар.

“Менің үлкен қызым осындай балабақшаға барды. Түнгі ауысымда жұмыс істейтін ата-аналар үшін өте қолайлы дүние. Балабақша жабылып қалады деп алаңдамаймын. Жұмыстан сағат 18:00-де шығамын, жолға бір сағат уақыт кетеді. Кеш болса да алып кетемін. Бұл балалар үйі емес. Өмірде неше түрлі жағдайлар болады”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Оның бұл сөзін қолдағандар да табылды.

“Меніңше, керемет ұсыныс. Түнгі балабақшаның да керек болып қалатын сәттері болады. Бәрінің балаға қарайтын ата-апасы немесе бала күтушісі жоқ. Сол себепті балабақшаларда мұндай топтар болу керек деп санаймын”, – деп пікір қалдырды әйелдердің бірі.

Алайда түнгі балабақшаның қауіпті әрі дұрыс емес екенін айтып, тіпті оны балалар үйіне балағандардың қарасы көп. Олардың арасында өзін “тәрбиешімін” деп таныстырғандар да бар.

“Мен тәрбиешімін. Бірақ баламды ешқашан балабақшаға түнеуге қалдырмас едім. Одан да бір адамға өтініш жасаған дұрыс. Түсінемін, түрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ өзіңе уақыт арнау үшін балаңды кешкі балабақшаға беру ақылға сыймайтын дүние”, – деп қарсы екенін айтты әйел. 

Балабақшаны қолдағандарды жерден алып, жерге салғандар да түрлі пікір жазды.

“Одан да бас қатырмай, балалар үйіне өткізе салсаңдаршы”, “Бала балабақшада түнейтін болса ата-ананың қажеті қанша”, “Түсінемін, шаршаймыз, демалғымыз келеді. Бірақ бала – біздің жауапкершілігіміз”, “Енді балаларды түнде де ұрады”, – деген пікірден көз сүрінеді. 

Желі қоланушыларының айтуынша, түнгі балабақша Кеңес одағы кезінде де болған. Оған барғандар балабақшада қалып қойған күндерін көзіне жас алып еске алады екен.

“Анам 65 жаста. Ата-анасы өзін балабақшаға түнеуге қалдырып кеткен кездерді еске алса жүрегі ауырып, көзіне жас алады”, “Енем Кеңес кезінде балаларды осындай балабақшаға тастап кететінін айтып отырады. Бұл өмір бойына психологиялық жарақат. Сондықтан баласын кәдімгі балабақшаға да бермеді”, “Мені де солай балабақшаға қалдырып кеткен. Бірақ ата-анам алып кетпейтіндерін ескертпеді. Тәрбиешім: “Анаң бүгін келмейді. Бүгін балабақшада түнейсің” деді. Сол кездегі сезімімді, шок, күйзелісті және сол түнді ешқашан ұмытпаймын”, – деп жазды желідегілер.

“Ерте сепарациядан балада қорқыныш, уайым, жалғыздық сезімдері пайда болады”

Осы тұста балалар психологы Ермек Нұрымов бөгде жерде, бөтен адамдардың жанында, ата-анасыз өткізген түндердің балаға қалай әсер ететінін және оның салдары туралы айтып берді.

“Бұл нәрсені дұрыс немесе дұрыс емес деуге келмес. Мұның жақсы және кері тұстары бар. Мысалы, жалғызбасты ана түнгі ауысымда жұмыс істесе, ата-ананың жұмысы қауырт болса, баласын түнгі балақашаға қалдыруға болады деп ойлаймын. Бұл ата-ананың алаңсыз жұмыс істеп, табыс табуына септігін тигізеді. Кері тұсы – ерте сепарация. Бала мен ананың ерте бөлінуі – бала үшін де, ана үшін де психологиялық ауыртпашылық. Бұл болашақта белгілі бір қиындықтар туғызуы мүмкін. Түнгі балабақшаға баратын балаға психологиялық қолдау, эмоциялық қамқорлық жетпейтіні сөзсіз. Мысалы, 10 бала болса тәрбиеші оның бәріне қамқорлық көрсете алмайды. Бірақ қауіпсіздік жағын жақсылап ойластыру керек”, – дейді психолог.

Оның айтуынша, 2 жастан асқан балалардың түнде ата-анасынан бөлініп қалуы психологиялық жарақаттарға әкеп соғады.

“Ол кезде баланың физиологиясы, ой-өрісі, өзіндік “мені” қалыптаса бастайды. Мұндай кезде бала қатты қорқып қалатын болса, түнде баланың бұтына жіберіп қоюы мүмкін. Ішіндегі нәрсені бала айта алмайды, бірақ осындай физиологиялық жолмен көрсетеді. Ана мен бала арасында эмоциялық байланыс пен сенімнің дұрыс қалыптасуы өте маңызды. Бала үшін қауіпсіздік – ата-анасының жанында болу, еркелеу, бірге тамақтану. Сондықтан бала түнде ата-ананың құшағында болып, даусын естіп, иісін сезу керек. Ерте сепарация болған жағдайда баланың бойында қорқыныш, уайым, жалғыздық сезімдері пайда болады. Ол бала келешекте өзіне сенімсіз, мазасыз, күйзеліске түсе беретін болады”, – дейді Ермек Нұрымов.

Маман бұрын балаларды тәрбиелеу психологиясы басқа болған, қазір мүлдем өзгеше екенін айтады. Өйткені қазіргі балалар нәзік, сезімтал, берілгіш дейді. Ол баласын түнгі бақшаға беретін ата-аналарға күндіз жақсы қарым-қатынаста болуға, оынң сезімдерін тыңдап, түсінуге тырысуға кеңес береді. 

“Негізінде бала қарапайым балабақшаның өзіне 3 жастан кейін бару керек. Аналар 3 жылға декреттік демалысқа шыққанда баланың қарым-қатынасының, сезімдерінің дұрыс қалыптасуына, психологиясының дамуына жағдай жасау керек. Кішкентай балада “мені тастап кетеді, анам мені ұмытты, әке-шешеме керек емеспін” деген сияқты ой қалыптасып кетеді. Бұл сенімділік дағдарысына алып келеді. Бұл іштей қорқыныш. Оның ата-анасын іздеуі, уайымдауы көңіл күйінің бұзылуына әкеледі”, – дейді балалар психологы.

Егер баланың бойынан осындай белгілер байқаған жағдайда түнгі балабақшаға қалдырмауға кеңес береді. 

«Біз тіпті ұрсысып көрмеппіз»: Ең жақын досын өлтірді деген күдікке ілінген азамат жазықсыз ба?
«Журналист болуға, митингілерге қатысуға, сұхбат беруге тиым салынды╗: Темірлан Еңсебекке үкім шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу