«Көздің артына сүйек тұрып қалған»: Астанадағы баспалдақтан құлаған баланың әкесі әділдік іздейді
Астана қаласында 2-сынып оқушысы мектеп ішінде баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алды. Баланың әкесі мектеп басшылығының заң алдында жауап беруін талап етті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Баспалдақтан құлаған баланың бас сүйегі зақымданып, миы шайқалған. Баспалдақтың бір жағында қоршау болмаған. Сондықтан ата-ана қауіпсіздік шараларын сақтамаған басшылардың жазаға тартылуын талап етуде. Мектеп директоры оқушыны сыныптасы итеріп жібергенін айтады.
Оқиға 18 қыркүйек күні Астанадағы №14-мектепте болған. Бейнебақылау камерасына Тамирлан Кәрімқұловтың екінші қабаттың баспалдағынан құлаған сәті жазылып қалған. Сегіз жастағы жеткіншек осы баспалдақ пен қабырға арасындағы ашық жерден құлап кеткен.
“Басы бес жерден сынған. Айтуларынша, көздің үсті сынған. Көздің артына сүйек тұрып қалған. Бүгін көздің жаны да сынған дейді. Мұнда жөндеу жұмысы жасалған кезде неге тексермеген?. Бір де бір баспалдақта қоршау жоқ. Кеше құлағаннан кейін барып істеді”, – деді Тамирлан Кәрімқұловтың әкесі Бекжан Қожамқұлов.
Тамирлан құлаған сәтте мұғалімдер жедел жәрдем шақырған. Алайда медицина қызметкерлері уақытында келмепті.
"Жедел жәрдем 17:10-да шақырылған. Ол алтыдан аса келді. Әкімдікке хабарласып, шақырттым. Содан кейін ғана келді, әйтпесе келер түрі жоқ. Баламды емдету үшін қаншама қаражат керек білмеймін”, – дейді баланың әкесі.
Мектеп директоры осы жағдайдан кейін ғана қауіпті баспалдақтардың бір жағы қоршалғанын растады. Айтуынша, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері бұған дейін бірнеше рет білім ұясы ғимаратына тексеру жүргізген. Мамандар ашық тұрған ішкі сатылар бала өміріне қауіпсіз деген қорытынды шығарған екен.
“Жүйелі түрде ТЖД, СЭС тарапынан тексерулер жүргізіледі. Бұл баспалдақтар бойынша ескерту болмады. 2 "Д" сынып оқушыларын мұғалімі жетектеп, информатика сабағына екінші қабатқа көтеріліп бара жатқан кезде сыныптастар бір-бірімен ойнап, бір сыныптасы итеріп жіберген”, – деді Астана қаласы №14 мектеп-гимназиясының директоры Дидар Байтасов.
Дәрігерлер Тамирланның денсаулығы әлі де орташа ауыр жағдайда деп бағалап отыр. Жеткіншек есін жиған.
Бұған байланысты полицейлер "балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тамирланды баспалдақтан итеріп жіберді деген дерек тексеріліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астананың №14 мектеп-гимназиясында жазатайым оқиға болып, оқушылардың бірі баспалдақтан құлағаны туралы жазған болатынбыз. Астананың білім басқармасы 25 қыркүйек күні оқушыны сыныптасы итеріп жібергенін мәлімдеді. Мектеп басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл шудан кейін мектеп директоры қызметінен босатылды.