Медбикелер – мейірімділіктің символы

Oinet.kz 12-05-2023 536

Screenshot_13.jpg

Атақты философ Артур Шопенгауэр «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген екен. Шынында біз бір-бірімізге тілек арнағанда да алдымен «мықты денсаулық тілеймін» деп жатамыз. Адам жанының саулығы – оның алға ұмтылуына, өмірге құштарлығына, арманына қол жеткізуге бірден-бір мотивация.  Ауру адам таңдамайды, сондықтан біздің қай уақытта аурухана есігін қағарымыз белгісіз. Десе де, осы мекемеде қызмет етіп, өз өмірін өзгенің денсаулығын түзеуге арнаған медицина қызметкерлерінің міндеті мен жауапкершілігі өзгермек емес. 

Тағдырын жер бетіндегі қиын кәсіппен байланыстырған маман иелері, медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны айрықша. Науқастар үшін мейірбикенің қамқорлығы мен көңіл бөлуінің өзі сауығуға негіз болады. Медбикелер мейірімділіктің символына айналды десек те артық болмас. Ол аяғы жоқтың – аяғы, соқырдың көзі, сөйлей алмайтынның аузы, баланың тірегі, жас ананың жәрдемшісі. Науқастың күтімі мен жайлылығын қамтамасыз етумен қатар, қалпына келуге, өмір құндылықтарын жоғалтпай өмір сүруіне көмектесу де – медбикенің міндеті! 

Медбике бойынан моральдық тұрғыда сезімталдық, жанашырлық, эстетикалық тұрғыда жинақылық, қарапайымдылық, ал интеллектуалды тұрғыда бақылаушылық, логикалық ойлау қабілеті табылу керек. Бір арнаға барлық мінезді сыйдырған мейірбикенің маңызы жоғары екені дәлелдемей-ақ түсінікті. Өмір мен өлім ортасында түрлі жағдайларға куә болатын медбикелердің жұмысы қиын-ақ. Сол себепті «медбике» сөзін біріншіден «медицинаның», екіншіден «мейірімнің» мағынасына балауға болады.

Түркістан облысы «Облыстық фтизиопульмонология орталығында» 300-ден аса мейірбике жұмыс істейді. Оның 70%-ы жоғары санатты мамандар. Қызметкерлеріміз үнемі біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, түрлі деңгейдегі семинар-тренингтерге қатысады. Қызметкерлеріміз халықтан ғана емес, басшылықтан да еңбектеріне лайық алғыс алып келеді. Атап айтсақ, ағымдағы жылы «Халықаралық мейірбикелер күніне» орай Денсаулық сақтау басқармасының «Алғыс хатымен» Арипбаева Шаркул, Есбауова Бибинур, Журымбаева Жанаркул, Карымбаева Кулайша, Уралова Гулмайра марапатталды. Таскулова Гулдана, Сейсенова Роза, Мамыркулова Мырзаим, Изтаева Меиркул, Исаева Тазагул сынды қызметкерлерімізге «Amanat» партиясының «Алғыс хаты» табысталды. «Денсаулық» денсаулық сақтау ұйымдары жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Алғыс хатын» Жұбатқанова Алтыншаш, Жуматаева Бибигул, Бейсенбаева Гулнар, Алдабергенова Бибизада, Дариева Бахтыгул иеленді. Аталған мереке қарсаңында «Облыстық фтизиопульмонология орталығы» Құрмет грамотасын орталық басшысы Рамазан Бектурганов мейіргерлер Джахангирова Саера, Шаумарова Саодат, Муратбекова Гулнур, Моминхожаева Минаввар, Усенбаева Гулмира, Айшова Шолпан, Махаметова Хуршидаға табыстады. Ал орталықтың «Алғыс хатымен» Қашқынбек Злиха, Аимбетова Айша, Даулетова Надира, Серикбаева Жанар, Куралбекова Гулмира, Маханова Динара, Махатова Акмарал, Сейдахметова Шахло, Тұрсынбай Меруерт марапатталды.

Медбикелеріміз қоғамдық жұмыстардан да шет қалған емес. Осы жылы өз қызметкерлеріміз арасында «Ең үздік мейіргер-2023» байқауы өтті. Байқау нәтижесі бойынша 1 орынды жасөспірім және балалар бөлімінің мейірбикесі Байдуашова Ардақ Ергалиевна иеленсе, 2 орынға  ӨӨТТХЕ бөлімінің мейірбикесі Ауелбекова Камшат Калмаханқызы лайық деп танылды. Жүлделі 3 орынмен 4 терапия бөлімінің мейірбикесі Аимбетова Айша Сатыбалдықызы, 7 терапия бөлімінің мейірбикесі Бектаева Улбала Сулейменқызы, пульмонология бөлімінің мейірбикесі Успанова Рано Усенбекқызы, жансақтау бөлімінің мейірбикесі Зияханова Гаухар марапатталды.

Қиын да қауіпті осы кәсіпті әу баста өмірлік азығым әрі науқасқа көмектесу парызым деп қабылдау үшін де үлкен жүрек керек. Бір адамның бар ғұмыры қолында тұрғанда дәрігердің ішкі сезімі қандай болса, медбикенікі де дәл солай. Бұл мереке күнді атап өту туралы ресми шешім 1974 жылдың қаңтарында қабылданды. Әлемнің 141 мемлекетінің медбикелері бас қосып, «Халықаралық медбикелер кеңесінің» незігін қалап, медбикелер күнін 12 мамырда, яғни қайырымдылық қызметтің қазығын қаққан Флоренс Найтингейл туған күнінде атап өту керек деген шешімге келген.

Флоренс Найтингейл Қырым соғысында (1853-1856) өзі сияқты медбикелердің басын қосып, дүниежүзі бойынша тұңғыш қайырымдылық қызметін ашып, соғыс кезінде жараланған азаматтарға алғашқы медициналық   көмек көрсеткен. Бүгінгі күні «Дүниежүзілік медбикелер кеңесі» федерациясы 130-дан аса мемлекетті қамтитын,  27 миллионнан астам медбикелері бар қауымдастық болып саналады. 

Өмірге сән беріп, тіршіліккке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған мейірбике ісі – қашанда сый-құрметке лайық. Тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда медбике жұмысына тікелей байланысты екені сөзсіз!

Ботбайбекова Махаббат Карибаевна,

Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығының АКСМ бойынша жауапты дәрігері 

Медеуде қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына 13 миллион төленеді
Шымкентте мұғалімді неке түні өлтірген күйеуіне сот үкімі шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу