«AMANAT»: Сансыз баптар мекені Сайрамда 20 команда ой жарыстырды
«AMANAT AQYLMAN» зияткерлік сайысының мақсаты - ақыл күшін пайдалану, озық ойлы жастар мен білімді азаматтардың басын бір алаңға біріктіру, бос уақытты тиімді пайдалануға шақыру, миды ширатып қана қоймай ұйымшылдық қасиеттерді арттыру және жергілікті сан сала мамандарының арасынан білікті де жан-жақты тұлғаларды анықтауға бағытталған.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қолдауымен басталған «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойыны Сайрам ауданында жалғасын тапты. Аталған ауданда бұған дейін де мұндай білім бәсекелері жиі ұйымдастырылып келеді. Сол себепті, партияның жобасына қызығушылық танытушылар қатары көбейген.
Кезекті сайыс «Jastar Ruhy» Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалы және партияның аудандық филиалының ұйымдастырылып, жалпы 20 команда қатысуға ниет білдірген.
Зияткерлік ойынның ашылуына қатысқан аудандық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы Әлібек Байназар, партияның Сайрам аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Алмас Әбдіқадыров және «Jastar Ruhy» ЖҚ Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман қатысушыларға сәттілік тіледі. Командаларды әділ бағалауға әлеуметтік желі белсенділері Олжас Мамыр мен Азат Дидарбек атсалысты.
Интеллектуалды ойын 6 кезеңнен тұрып, әр тур 7 сұрақпен қамтылды. Бастапқы төрт кезең бойы қатысушылар түрлі салаға қатысты сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмаларды да орындады. Ал соңғы 2 кезеңде аудан тарихы, өнер саласы, партиялық жобалар мен бағдарламалар жайындағы сауалдарға өз нұсқаларын ұсынды. Әр сұрақ таныстырылған соң, кеңесуге және жауап парағын толтыруға 60 секунд уақыт берілді.
Топ жарғандардың қатарында 3-орынды білім саласының қызметкерлерінен құралған «Спарта» командасы иеленсе, 2-орын «Кәсіпқор» атты аудандық оқу-өндірістік комбинатының ұжымына бұйырды. Таласқа толы өткен ой додасының 1-орынын мектеп мұғалімдерінен құралған «Кемеңгер» командасы жеңіп, Түркістан қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдама алды. Жүлдегерлер аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы А.Әбдіқадыровтың дипломымен марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі