Қажы атанған президенттер

Oinet.kz 01-08-2022 1087

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына жасаған сапары барысында қасиетті Қағбаға барып, кіші қажылық рәсімін өтеді. Қазір әлеуметтік желіде Президенттің Қағбаға тәубе еткен сәтінен түсірілген суреттер қаптап кетті. Жұртшылық мұны әртүрлі қабылдап жатыр. 

Screenshot_5.jpg

Мәселе Президенттің қажылық парызын өтегенінде емес. Қажылық –мұсылмандық бес парыздың қатарына жатады. Мәселе Президенттің осы сапарын ақпарат құралдарының жаппай жарнамалағанында болып тұр. Мұндай жарнамаға Ақорданың әлеуметтік желідегі парақшалары да ерекше «үлес» қосты. «24 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ислам әлемі үшін қасиетті мекен – Мекке қаласында ұмра немесе кіші қажылығын өтеді. Президент Қағбаның ішіне кіру мәртебесіне ие болды. Оның есігі ерекше жағдайларда және аса сыйлы қонақтарға ғана ашылады. Бұл Сауд Арабиясы басшылығының Қазақстан Президентіне көрсеткен зор құрметін білдіреді»,– деп жазды Ақорданың фейсбуктегі ресми парақшасы. 

Жалпы, Қағбаға ішіне кіру құрметіне бөленген Президент жалғыз Қасым-Жомарт Тоқаев қана емес. Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, уақтысында Қағбаның ішіне кіріп, құлшылық ету мәртебесіне Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркияның Президенті Реджеп Ердоған, Сингапурдың Президенті Халима Якоб, Түркіменстанның бұрынғы Президенті Ғұрбанғұлы Бердымұхамедов, Тәжікстанның Президенті Эмомали Рахмон, Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиев, Нигерияның Президенті Мохаммад Бухари, Ирактың Президенті Саддам Хусейн ие болған екен. 

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің естеліктерінің бірінде 1994 жылы Сауд Арабиясына барған сапарында алғаш рет қажылық рәсімін өтегенін жазған. Сол кезде Сауд Арабиясының королі жөндеу жұмыстарының жүріп жатқанына қарамастан оған Қағбаға кіруге рұқсат еткен. Қағбаға кірген Назарбаев өз елі мен қазақ халқына тыныштық пен бақ-береке сұрағанын атап өткен  екен. 2013 жылы шетелдік ақпарат құралдарында Назарбаевтың Қағбада қажылық рәсімін өтеп жүргені хабарланған. Алайда бұл туралы Ақорда ешқандай ақпарат таратқан жоқ. 

Түркіменстанның ақпарат құралдары жуырда елдің жаңадан сайланған Президенті Сердар Бердымұхамедовтің Қағбаның ішіне кіріп, намаз оқып шыққанын хабарлады. Ресми ақпаратта Президенттің Қағбаға кіргені жалпы түркімен халқы үшін үлкен мәртебе екендігі аталып өтті.

Қырғызстанның бұрынғы Президенті Сооранбай Жээнбеков 2021 жылы, яғни отставкіге кеткеннен кейін қажылық парызын өтеуге барған. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевтың, Қырғызстан Президенті  Садыр Жапаровтың қажылық рәсімін өтегені туралы ешқандай мәлімет жоқ. 

Тәшенов атындағы университет. Білім берудің жаңа форматымен жұмыс істейді
Түркістан облысында астық ору науқаны аяқталуға жақын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу