Тәшенов атындағы университет. Білім берудің жаңа форматымен жұмыс істейді
Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы Жетісай қаласында 1998 жылы ашылған «Сырдария» университеті Өзбекстанмен шекарада жатқан шалғай ауданның жастарын жоғары білім алуға тарту, оларды рухани бай, парасатты, білікті маман етіп тәрбиелеу арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу қызметін атқарып келген болатын.
Аталмыш оқу орны 23 жылдан бері тарихы мен дәстүрі қалыптасқан жеке жоғары оқу орындарының біріне айналды. «Болатын» деуіміздің де өзіндік себебі бар. Енді оқу ордасы жаңа келбетке, жаңа сипатқа ие болды. Университет өз тарихының жаңа парағын ашты.
Үкіметке бұл университетті Шымкентке көшіру туралы ұсыныс түсті. Нәтижесінде ұсыныс жүзеге асып, Шымкент төріндегі университетке белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің есімін беру туралы шешім қабылданды. Енді ол Жұмабек Тәшенов атындағы университет деп аталады.
Айта кетейік, Жұмабек Тәшенов – еліміздің Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Көкшетау, Ақмола облыстарынан тың өлкесін құрып, Қазақстаннан бөлектеу саясатына қарсы шыққан және мақта егетін аудандарды – Өзбекстанға, Маңғыстау түбегін – Түркіменстанға беру туралы шешімге тойтарыс беріп, қазақ жерінің тұтастығы сақталуына орасан зор ықпал еткен тұлға. Уақтысында Қазақстан Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы қызметін атқарған, Қазақстанның Үкіметін басқарған. Кейінірек батылдығы мен батырлығы Мәскеуге ұнамай, Хрущевтің нұсқауымен, қызметінен төмендетілді. Ж.Тәшенов бұдан кейін ұзақ жылдары Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеді. Шымкентте бүгінде Тәшенов атында көше және оның ескерткіші бар. Енді міне, Шымқаланың төрінде Тәшенов атындағы университет ашылды. Жоғары оқу орны биыл күзде өз жұмысын бастап, алғашқы студенттерін қабылдамақ. Бұл туралы су жаңа білім мекемесінің ректоры, доцент Қанат Байболов журналистермен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Ректордың айтуынша, 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясын жүзеге асыра отырып, аймақтың дамуына елеулі үлес қосатын, заманауи талаптарға сәйкес келетін, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлайтын білім ордасына айналу – университет үшін басты міндеттердің бірі. Ол үшін бұл бағытта – білім беру бағдарламаларын еңбек нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, жаңарту басты талап және оны жүзеге асыруда барлық жағдайлар қарастырылуда. Бүгінгі таңда университетте бакалавриаттың 13 бағыты бойынша – 31, магистратураның 5 бағыты бойынша 6 мамандыққа білім беру қызметі құқығына лицензиялар бар.
Қазіргі кезде бұрынғыдай гуманитарлық мамандықтармен қатар техникалық мамандықтарға басымдық беру керектігін өмір көрсетіп отыр. Әсіресе, инженерлер мен өнеркәсіпшілердің жаңа буынын қалыптастыру – заман талабы. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Осы бағытта Тәшенов атындағы университет техникалық, ауылшаруашылық, қызмет, ветеринария бағыты бойынша білім бағдарламалары, жұмыс берушілердің талаптары ескеріле отырып даярланып, Болог процесінің орталығында сараптамадан өтуде. Сараптама қорытындысы бойынша жоғарыда айтылған бағыттарға лицензия алынатын болады.
Сондай-ақ шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу де қолға алынбақ. Бүгінгі таңда ауылшаруашылық мамандығы бойынша Иерусалимдегі Еврей университетімен, Пенсильвания штатының университетімен және Кембридждің орталық Азия форумымен бірлескен білім бағдарламаларын жасау басталып жатыр. Техникалық, ауылшаруашылық және ветеринария бағытындағы студенттерді тәжірибеге бағытталған маман болып шығуы үшін ірі және кіші кәсіпорындарда, дуальді оқыту жүйесін кеңінен қолдану қолға алынады. Студенттердің кәсіби тәжірибесінің жаңа форматын белсенді түрде енгізіп, кәсіпорын тарапынан ақылы тәжірибеге көшуді қолға алу жоспарлануда. Университет білім берудің цифрлық форматына бейімделуден өтуде.
Ал кадрлар мәселесі бойынша университетте өңірге белгілі ғылым, білім саласында зияткерлік элитасы бар профессор-оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Жоғары оқу орнында 187 адам, оның ішінде ПОҚ – 168, ғылым докторлары – 13, ғылым кандидаттары – 62, PhD докторы – 5. магистранттар – 88, педагогикалық кадрлардың дәрежесі – 47,62 пайыз.
Білім орнындағы стратегиялық басымдықтардың бірі – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда университетте 4 студенттік жатақхана бар. Жатақханалар компьютер сыныптары мен кітапхана, WI-FI зоналары, компьютерлік және оқу залы, ас дайындау блоктары, тренажер залы, демалыс бөлмелері, жуыну бөлмелерімен қамтамасыз етілген.
Ендігі басты міндет – кампус, яғни студенттер қалашығын салу. Бұл бойынша нақты жұмыстар атқарылуда.