«Полиция қызметкері болып, әрі мас күйінде қылмыс жасап тұр»: Бозбаланы өлтірген күдікті қамалмайды
Алматы облысында 18 жастағы бозбаланы қағып кеткен экс-полицейді сот 2 жарым жылға бостандығынан шектеген. Жігіттің отбасы мен туыстары сот шешіміне наразылық танытуда, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Отбасының айтуларынша, сот кінәлінің сол күні мас күйінде көлік айдағанына да мән бермеген. Қазір жәбірленуші тарап аппеляциялық шағым жазып, істі қайта қаратуға күш салуда.
18 жасында көлік апатынан қаза тапқан Дінмұхаммед Жеңісовтың анасы Нұргүл Түркібаева экс-полицейге тым жеңіл жаза берілді деп санайды.
“Менің ұлым спортшы, чемпион болды. Осы стадионда шынығатын. 5 уақыт намазын оқитын. Елімізге қаққан адамға қарағанда, менің ұлым көбірек пайдасын тигізер еді. Бүкіл Талғар қаласы танитын. Жеке өзім үкіммен келіспеймін. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, полиция қызметкері болып, әрі мас күйінде қылмыс жасап тұр. Сонда тәртіп сақшысына адам қағып кете беруіне бола ма? Адамның өмірі бес тиын болғаны ма? Соттан шығып қазір жайбарақат демалып жүрген шығар. Ал менің балам жоқ”,- деді анасы.
Дінмұхаммед сол күні күнделікті жолымен үйіне қайтып келе жатқан. Оның дәл артынан мэрсэдэс көлігін тізгіндеген Самат Айсараақын қағып кеткен. Бозбала қатты соққыдан арық жаққа ұшып кеткен. Алайда кінәлі көмек қолын созудың ізін суытып үлгерген. Ал қансыраған жігіт жедел-жәрдем келгенше жан тапсырған.
Куәгерлер Самат Айсараақынның оқиға алдын кәуәпханадан сыра ішкенін, мас күйінде көлігіне міне алмай құлағанына дейін айтып, растаған. Алайда сараптама бәрін керісінше шығарып, сот бұл деректерді назарға алмаған.
“Сол жердегі көлік жуу орнының қызметкерлері мен барлық куәгерлер болған жайтты айтып тұр. Алайда сот оларға құлақ аспады. Тіпті артық сауал қойған да жоқ. Ал кінәлі тек жазаға келісемін деді де, әдейі өлтіргім келіп өлтірмедім деген сөзбен құтылды”,- деді марқұмның туысы Жеңісхан Қоңқасова.
Экс-полицейді алғашында екі жарым жылға түрмеге жабу туралы үкім шыққан. Бірақ іле-шала "Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты амнистияға" ілігіп, жазасы бас бостандығымен шектеуге ауысып шыға келген.
“Үкім 2022 жылдың 6 маусымында шықты. Қылмыстық кодекстің 345 бабы 3 тармағы және 347 бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жылдығына орай қамауда ұстау жазасынан босатылды. Үкім әзірге күшіне енген жоқ”,- деді Алматы облыстық соты.