Қызмет барысында халыққа қызмет көрсетуді бірінші орынға қоятын майор
Жалпы қоғамда болып жатқан құқықбұзушылықтар мен қылмыстар жөнінде бірінші хабардар болып отыратын кезекші бөлімнің қызметкерлері. 102 арнасына келіп түскен әрбір ақпарат бойынша өздерінің міндетін мүлтіксіз атқарып отыратын тәжірибелі полицейлердің жұмысы қашанда қарбаласқа толы. Нұрмаханбет Еркебаев - бұл қызметтің қыр-сырын меңгерген білікті маман. Полиция майоры Арыс аудандық полиция бөлімінде 2006 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жұмысына жауапты Нұрмаханбетке түрлі қызметте маңызды міндеттер жүктеліп, соның арқасында барлық саланың қыр-сырын меңгеріп те алған. Осындай төзімділігінің арқасында «ІІМ үздігі» төсбелгісімен, «Үздік учаскелік полиция инспекторы» атағымен марапатталған. Бүгінде 44-ті еңсерген абыройлы азамат 3 жылдан бері Арыс АПБ Кезекші бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқарып, нәтижелі жұмыс өрнегін көрсетіп жүр. Әрбір қиындық пен еңбектің өтеуі бар дегендей, қырағы сақшы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері де атанған болатын.
- « Біздің жұмыс бір қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Алайда қандай жағдай болмасын азаматтармен ең бірінші байланысқа біз шығамыз. Келіп түскен қоңырауларға жауап беріп қана қоймай, әрбір хабарламаға сәйкес, яғни отбасылық ұрыс-керіс болып жатса учаскелік инспекторларына, жол апаты болған жағдайда патрульді полицейлерге хабарлап, тиісті шара ұйымдастырып, нақты оқиға орын алған жерге жөнелтеміз. Бұл кезекші бөлімнің арнасына күндіз-түні тыным болмайды. Ал телефон әлсін-әлсін шырылдаған сайын, біздің де жанымыз жай таппайды. Себебі біздің жедел әрекетіміз қылмыстың ізін суытпай ашуда немесе көмекке мұқтаж азаматтардың өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады. Ал соның бәрін дер кезінде реттеп, жүйелі ұйымдастырып отыру үлкен жауапкершілікті талап етеді»,-дейді полиция майоры.
Бүгінде 4 қыз бен 1 ұлдың әкесі, жанұясының қорғаны өмірде де, қызметте де тек жақсы жағынан көзге көрініп келеді. Осыдан 24 жыл бұрын Ауылшаруашылық колледжін бітіріп, 20 жасында мал дәрігерінің көмекшісі болып жұмыс істеп жүрген жас маман әскери борышын өтеп келген соң, алдағы өміріне жаңа жоспарлар құрып, құқық қорғау саласында қызмет етемін деп өзіне мақсат қойды. Және сол мақсатына жетті. Қазір бұл шешіміне еш өкінбейді. Ендеше білікті полицейдің өмірдегі өз жолын адаспай тапқанына біз де қуаныштымыз.
Еске сала кетсек, 2019 жылы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери қару-жарақ сақтайтын қоймада жарылыс болып, дүрбелең туғызған болатын. Осындай қысылтаяң сәтте өз орындарынан тапжылмай қызмет еткен санаулы полицейлердің ішінде Нұрмаханбет Еркебаев та бар. Ол өзіне қауіп төніп тұрса да болып жатқан жағдайды көзімен көріп, басшы құрамға айна қатесіз баяндап отыру міндетін абыроймен атқарғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, ҚР Президентінің қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін алған болатын.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі