Алматы: Балмұздақ зауытында 5 бірдей адам уланып қалды

Oinet.kz 09-06-2022 631

Алматыдағы "Шин-Лайн" компаниясының цехында төгілген аммиактан бес адам уланып, ауруханаға түсті. Балмұздақ өндіретін кәсіпорындағы мұздату құрылғысынан ақау шығып, 500 грамм аммиак ағып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Screenshot_3.jpg

Әп-сәтте ауаға тараған химиялық қосындының буымен тыныстаған бес қызметкерді Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізуге тура келген. Қазір үшеуі ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатыр.

"Бес науқастың біреуі жағдайы тұрақты болғандықтан, стационарлық емнен бас тартты. Төрт науқастың үшеуі қазір жансақтау бөлімінде жатыр.  Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Қалған бір науқас токсикология бөлімінде ем алып жатыр. Жағдайы орташа қалыпты, тұрақты. Кеше келген кезде біріншісінің есі толық болмады. Құсу, жүрек айну белгілері болды", - деді Алматы қаласы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Омаров.

Ал қызметкерлері өлім аузынан қалған "Шин-лайн" компаниясы оларға орташа 500 мың теңге өтемақы беріледі деп жайбарақат отыр. Тексеріс қорытындысы шықпайынша, кінәліні іздеуге асықпайды. Аммиак тараған цехта түнгі ауысымда 60 адам жұмыс істеген. Олар өндірген 400 келіге жуық балмұздақ сатылымға жіберілмегенін жеткізді. 

Оқыс оқиғадан кейін жұмысын тоқтатқан цех ешнәрсе болмағандай қайта іске қосылды. Оны енді ауада аммиактың жоқтығымен байланыстырады. Айта кетейік, Алматы қаласының полиция департаменті осы жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті.

"Өзіміз жүргізген тексеріс қорытындысына сүйенсек, ақау фризердің резеңке жабындысынан шыққан. Иіс шыға бастағанда қызметкерлер бірден сыртқа жүгірген. Таңғы төрт шамасында болды. Алты адамның жағдайы ушыққан, жедел жәрдем қызметін шақырдық. Екеуі сосын ауруханаға жатудан бас тартты. Өндірісте аммиак негізінен мұздатқыш ретінде пайдаланылады", - деп мәлімдеді "Шин-Лайн" компаниясының директоры Владимир Пак.

Қазір бетіндегі тыртықтан ұялады: Алматы облысында ит талаған жеті жасар қыз ауруханадан шықты
Жаңаөзенде екі азамат өзіне пышақ тығып наразылық көрсетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу