Жамбылдағы жарылыстан қаза тапқандар 17 адамға жетті

Oinet.kz 12-09-2021 644

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза болғандар 17 адамға жетті. Сенбі, 11 қыркүйекте төтенше жағдай министрлігі жарылыстан жарақаттанып, ауруханаға түскен бір өрт сөндірушінің көз жұмғанын хабарлады.

image.png

- Жамбыл облысындағы жарылыстан зардап шеккен 1993 жылы туған өрт сөндіруші көз жұмды. Ол осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ауруханасына жеткізіліп, емделген болатын - делінген министрлік хабарламасында.

Осылайша Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза болғандар 17 адамға жетті. Министрліктің хабарлауынша, 10-ы – азаматтық қорғаныс, алтауы – қорғаныс министрлігі, біреуі – әскери прокуратура қызметкері. Тағы бір адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөліміндегі қоймадағы оқ-дәрілер жарылып, арты өртке ұласқан. Жарылыстан кейін әскери қоймаға жақын маңдағы ауылдардан жүздеген адам эвакуацияланды.

Жамбыл облысы әкімдігінің айтуынша, апат салдарынан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық объект, үш мектеп бүлінген. Әкімдік үйлерді екі ай ішінде қалпына келтіруге уәде берген.

Тамыздың соңында әскери қойманың жарылуына байланысты қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қызметінен кеткен болатын. Ол оқиғадан кейін жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін деп топшылаған.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 462-бабы ("Қару-жарақ, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Министрлік 10 жарылыс болғанын, әскери қоймада Арыс қаласындағы қоймадан әкелінген оқ-дәрілер қойылғанын растады. 2019 жылы Арыстағы әскери қоймада да осыған ұқсас жарылыс болып, салдарынан төрт адам қаза тапқан.

«Аралтұз» АҚ өндірістік қызметкерлерінің жалақысын 22,5% көтеру туралы шешім қабылдады
Таңғы серуен – тән азығы!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу