NIS Radiosy ақпараттық-сауықтыру жобасы тыңдармандарын қуантуда
Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәрбие жұмысы бағытында NIS Radiosy ақпараттық-сауықтыру жобасы 2017 жылдан бастап таңғы уақытта мектеп қабырғасында жұмыс жасап келеді. Радио тыңдаушылар – мектеп қызметкерлері мен оқушылары. Жүргізушілер – мектеп оқушылары, жетекшісі – педагог-ұйымдастырушы куратор Сарыбаева Камиля Оразбаевна. Радионың мақсаты – «Қазақ әндері», «Қазақтың 100 күйі» жобалары аясында асыл мұраны жас ұрпаққа насихаттау, таңғы уақытта мұғалімдер мен оқушыларға жақсы көңіл-күй сыйлау, күн сайын туған күн иелерін құттықтау, қызықты деректер, мектеп жаңалықтарымен бөлісу, радио эфиріне қонақтарды шақырып, тәрбиелік мәні бар сұхбаттар жүргізу және оқушыларды қайырымдылыққа, қамқорлыққа үндеу. Сонымен қатар, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттап, мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу. Күллі мектеп бұрышын таңғы уақыттта жүрек түбіне дейін жететін «Адай», «Көрұғлы», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Көңіл толқыны» секілді қазақ халқының қоңыр сазды домбыра үні шарлап өтеді. Мектепте оқушы тек зияттық және физикалық қана дамымай, рухани да азық алуы қажет.
NIS Radiosy эфирінде «Ірі тұлға», «Әлемнің ірі қалалары», «Әлем тұлғалары», «Әлем халықтары» айдарларымен бірге Қазақстан Республикасындағы және әлемдегі айтулы мерекелер мен тарих бетінде қалған тұлғалардың туған күндері де аталып өтіледі.
Оқушылардың дүниетанымының дамуына ықпал ету үшін түрлі энциклопедиялар мен интернет беттерінен ғылыми зерттеліп, дәлелденген ақпараттар беріледі. Бұл тыңдаушының болашақта ғылыми жұмыспен айналысуына да түрткі болатыны белгілі.
Сабақ алдында таңғы көңіл-күйді әсем әуенмен көтеріп, туған күн иелерінің төл мерекесін эфирде атап өту, сыныптастарының туған күн иелеріне жылы лебіздері мен ақ тілектерін жаудыру үлкен қуаныш сыйлап қана қоймай, сынып арасында ынтымақ пен бірлікті нығайта түседі. Оқушылар үшін радио эфирінде викториналық және логикалық сұрақтар, қызықты деректер, ақын-жазушылардың өлеңдерін оқу, мотивация ретінде оқушылардың жетістіктері мен шығармашылығын көрсету сияқты ақпараттар беріледі. Викториналық сұрақтарды радио арқылы тыңдап, радио алаңына жарыса келетін кіші сынып оқушылары өз жауаптарын айтып, сыйлық алып кетеді. «1 минут ішінде жауап бер!» ойыны оқушылардың жылдам әрі тез жауап беру қабілетін дамытады.
Рухани жағынан алып қарайтын болсақ, Абайдың қара өлеңдері міндетті түрде оқылып тұрады. Әлбетте, әл-Фараби айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», - демекші, алдымен оқушылардың рухани дамуы өте маңызды.
Радиоэфирінде мұғалімдер өз жобаларымен бөлісіп, апталықтардың аясында ойындар жүргізіп отырады. Мұнымен қоса тәрбие бағытындағы Bookcrossing, NIS Talks, Wikipedia сияқты жобалардың жетекшілері мен мүшелері эфирде өз жаңалықтарымен бөлісіп, байқаулар жариялайды. Атап айтсақ, Bookcrossing жобасы аясында кітаптардың жүйелі классификациясы жүргізіліп, тыңдармандар тарапынан сұрақтарға жауап беріледі. Белгілі бір кітап мәтінінен үзінділер оқылып, оқушылар оның қандай шығарма екенін табады.
2019-2020 оқу жылында NIS Radiosy ақпараттық-сауықтыру жобасы тәрбие жобаларының ішінде «Ең шығармашыл топ» номинациясымен марапатталды.
Елдегі жағдайға қарамастан, Microsoft Teams платформасында қашықтан таңғы 07.30-08.00 сағат арасында радио эфирі жүргізіледі. Жүргізушілер екі жақтан дикторлық және бейнероликтер мен презентацияларды қосып оытрады. «Бәрі де, ана, бір өзіңнен басталады» атты «8-наурыз –Халықаралық әйелдер күніне» арналған эфирде қазақ халқының Зере әже, Ұлжан ана сияқты дана, ақылгөй аналары мен Әлия мен Мәншүк сияқтыбатыр да батыл қыздары, тұла бойы өнерге толып тұрған Шара Жиенқұлова, Бибігүл Төлегенова сияқты ерекше сағынышпен еске алынды. Сонымен қатар, мектеп қызметкерлері аяулы жандарды төл мерекелерімен құттықтап, барша ұжым біріге «Ана туралы жыр» әнін караокемен бірге шырқады.
Радионың instagram желісінде өз парақшасы жүргізіледі. Бұл парақшада көрерменге ыңғайлы болуы үшін алдағы эфир тақырыптарының афишасы мен өткен эфир бейнеролигі, ақпараттары салынады. Эфирге үлгермеген тыңдарман осы парақшадан мәліметтерді ала алады.
Қорыта келе, NIS Radiosy ақпараттық-сауықтыру жобасы өз мақсаты мен міндетін атқарып келеді. Бұған дәлел ретінде, оқушылардың эфир уақытында белсене ат салысып, жарыса кері байланыс беруі. Ал, бізд оқушылар бойында рухани баю мен адами құндылықтардың дамығанын көріп қуанамыз!
Сарыбаева К.О,
Педагог-ұйымдастырушы куратор