Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Тәжік-қырғыз шекарасында болған қақтығыстарда кемінде 45 адам қаза тапты (кейбір ақпарат құралдары 50 адам деп жазып жатыр). Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігінің таратқан мәліметіне қарағанда, оқиға барысында 35 қырғыз азаматы ажал құшты. Оның ішінде 13 жастағы жасөспірім қыз және 5 жастағы бүлдіршін бар. Ал Тәжікстан жағы қаза болғандардың санын 10 адам деп мәлімдеді.
Жексенбіде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров халыққа үндеу жария етті.
-28-30 сәуір Қырғызстан халқы үшін өте ауыр болды. Еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығына қауіп төнді. Алайда біздің шекарашыларымыз бен құқық қорғау органдарының өкілдері өздерінің батылдықтары мен дайындықтарын жоғары деңгейде көрсете білді. Өкінішке қарай, адам шығыны болды. Мыңдаған азаматтарымыз туған үйлерін тастап қашты,-деді президент.
Қырғыз-тәжік шекарасындағы жанжал 28 сәуірде Баткент облысындағы су бөлу торабында болған. Қырғызстан бұл араны өзінікі, ал Тәжікстан жағы өзінікі санайды. Әзірге қақтығыстың нақты неден шыққаны белгісіз. Қырғызстан ақпарат құралдарының хабарлауынша, шекара бойында екі жақтың тұрғындары жиналып, араларында келіспеушілік туындаған. Оның соңы бір-біріне тас атқылауға, отты қару қолдануға ұласқан. 29 сәуірде тәжік жағы бейбіт қырғыз ауылдарына шабуыл жасайды. Тәжікстанның қарулы күштері осы күні қырғыз шекара бекеттеріне қарсы оқ атқан. Нәтижесінде «Дустлик» заставасы толығымен талқандалған. Кейбір ақпараттарға қарағанда, атыс кезінде тәжік жағы минатқыш қаруларды да қолданған. Кейінірек қырғыздың «Бөрі» деп аталатын арнаулы жасағы «Ходжа Алло» деп аталатын тәжік заставасын басып алған. Осы кездері Бішкектегі орталық алаңға жүздеген адам жиналып Баткен облысының тұрғындарын қолдау акциясын ұйымдастырды. Олар қолдарына қару алып, соғысуға әзір екендіктерін білдірді.
Қазір Қырғызстан мен Тәжікстан елдерінің шекара жөніндегі комиссиялары Баткент облысында жолығып, өзара келісім жасап жатыр. Сарапшылардың айтуынша, қырғыз-тәжік шекарасында адам өліміне апарып соққан қақтығыстар жиі орын алып тұрады. Оның ең басты себебі шекарадағы тәртіптік жоқтығы. Тәжік-қырғыз шекарасының ұзақтығы 900 шақырымға созылады. Оның жартысына шекара белгілері орнатылмаған. Себебі шекара сызығына қатысты келісіпеушіліктер көп. Мамандардың пікірінше, шекараның 70 учаскесі даулы. Екіжақ мәселені әзірге шеше алған жоқ. Тәжік жағының айтуынша, одақ кезінде Қырғызстан Тәжікстанның біраз жерін жалға алған. Тәуелсіздік алған соң оны біржақты өзіне бекітіп алған. Алайда қырғыз жағы мұнымен келіспейді.
Кейбір деректерге қарағанда, оқиғаға тәжікстандық дала командирі Шох Искандеров деген азаматтың қатысы бар көрінеді. Ол 29-30 сәуірде Зумрад деген жерде Тәжікстанның әр аймағынан келген бұрынғы әскерилерге қару-жарақ таратқан көрінеді.
Сарапшылар тәжік-қырғыз қақтығысының арғы жағында үшінші елдердің арандату саясаты жатыр дегенді де айтуда.