Туған әпкесінің қаза болғанын естісе де есеңгіреп отырып сұхбат берді
Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы аңыз адам Жақсылық Үшкемпіров бір ай бұрын көзі тірісінде сұхбат беріп кетті. Сұхбаты алдында ғана туған әпкесінің қайтыс болғанын естісе де, сұхбаттан бас тартпады. Өмірі мен өмірін байланыстырған спорт жайлы, арманы жайлы айтты. Өскелең ұрпақтан зор үміт күтетінін жеткізді. Бұл туралы палуан Қазақстан ұлттық арнасына берген сұхбатында айтты.
Жақсылық Үшкемпіров ағамыз биылғы жылдың 29 маусымында соңғы рет сұхбат берді. Сұхбаты алдында әпкесінің қазасын естіді. Қара нар тұлға есеңгіреп қалды. Алайда сұхбаттан бас тартпады. Халық алдында тік тұрып әңгіме-дүкен құрды. Жүрегі қан жылап тұрды.
- "Әпкем қайтыс болыпты. Қазір ғана естідім деп бастады сөзін спортшы. Мен бала күнімнен спортты жақсы көрдім. Спортшы болсам екен деп армандадым. Спорттың осындай шыңына жеткеніме қуанамын. Ол кезде КСРО құрамасына кірудің өзі қиын болды. Жеңу одан да қиын еді. Мен соңымнан ерген ізбасарым көп болса екен деп арманда"мын",- деді Үшкемпіров.
Айтуынша, Семей қаласында оқып жүргенде Украина атынан шығуға ұсыныс түскен екен, алайда бас тартыпты.
- "Семейде оқып жүргенімде, Украинаның мамандары келді. Мені еліне шақырды. Біздің ықпалымыз мықты. Сені үлкен жарыстарға, Олимпиадаға шығарамыз деді. Мен ойланайын дедім. Бір ағамыз бар еді. Соғыс көрген кісі. Менің Қазақстаннан баратын түрім жоқ, Украина көмектесеміз деді. Не істеймін деп ақыл сұрадым. "Сен қазақсың. Ол жақта атаңның басы бар ма?"деді ағам. Маған жекіп тастады. Өз еліңнің атынан да шығасың деп ақыл айтты", - деді Жақсылық мырза.
Бүгінде спортшы өзі туып-өскен Мыңбаев ауылында жастарға арнап спорт кешенін салдырған. Ауылдағы мешіт құрылысына, газ тартуға қол ұшын созды. Жастарды спортқа баулуға үлкен үлес қосты.
- "Жақсылық аға Мәскеу олимпиадасындағы алтын медалін бір көрсем деп армандаған еді": Отандық спорт журналистері Жақсылық Үшкемпіров туралы
Нұрсұлтан Назарбаевқа әрбір бизнесмен азаматтардың өз ауылын көркейтіп, дамуына үлес қосса, Қазақстан көркейіп шыға келер еді деген арманын айтып кетті.
- "91 жылы тәуелсіздік алдық. Сонда бәрі қуанды. Жейтін нан да болған жоқ. Ешнәрсе болған жоқ. Сонда да бақытты едік. Қазір жоқ деуге болмайды. Қазір бәрі бар. Бастысы бәрінің чемпион болуы міндетті емес. Бастысы азамат болса. Біреудің бағы жанады, біреудің бабы жанады", - дейді Әлем чемпионы.
Қажымұқанның басына барып, Балуан Шолақтың, спортшы ата-бабаларының рухына Құран бағыштаған Үшкемпіров артында қалған ұрпағына үлгі көрсетті.
- "Менің істегенімді ұрпақ істейді ғой. Құран бағыштайды. Бәріміз де өмірден өтеміз. Бәріміз кетеміз. Өмір деген су секілді. Қамшының сабындай деген рас. Шіркін-ай жастық шағым-ай. Қалай күресіп едім. Қанша жарысқа барып едім. Соның бәрі ойға оралады", - деді аңыз адам.
Олимпиаданың қазақтан шыққан тұңғыш чемпионы, әлем чемпионы, грек-рим күресінің балуаны, халықаралық спорт шебері Жақсылық Үшкемпіров туралы бұл фильм ең соңғы түсірілім еді.