Бейсен Құранбекке арналған жазба көпшіліктің көзіне еріксіз жас үйірді

Oinet.kz 24-06-2020 2732

Танымал қазақстандық журналист Жанахмет Ағыбаев әріптесі әрі досы Бейсен Құранбек туралы естелігімен бөлісіп, көпшіліктің көзіне еріксіз жас үйірді. Ол марқұм тележүргізушінінің қандай адам болғаны мен оның бойындағы асыл қасиеттерін тізіп шықты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазба арнады. 

image.png

Жанахмет Ағыбаевтың марқұм досына арнаған естілігін желіде танымал телепродюсер Әлия Құдайбергенова жариялаған. 

- "Бейсекеңнің арамыздан кетіп қалғанына да айдан асыпты. Өткенде есіміз шығып жүріп газетке дұрыстап естеліктер бере де алмадық. Сосын, асықпай қырқына қарай арнайы бет ұйымдастырамыз дегенбіз. Ол уақыт та келді. Осы жұмада "ЗАҢ газетін" оқырсыздар. Ол өзінің өмірлік миссиясын орындады Бейсен туралы жазу өте ауыр. Кеткен жоқ сияқты, күні ертең қайтып келетіндей көрінеді де тұрады. Қазір қандай заман? Көшеге шықсаң, қаптаған көлік пен көйлек, бірақ адам таппайтын заман. Қу дүние қасиет атаулының бәрін арзандатып жіберген, өзің адам болып қалу үшін адамдардан алшақ жүру керек болған заман. Дегенмен, Бейсен мына жалғанда, жақсысы мен жаманы, адалы мен арамы сапырылысқан, дұрыс пен бұрыстың шегі көмескіленіп кеткені сонша ақ пен қараны ажыратудың өзі қиын болып кеткен дүдәмал заманда да адам, тұлға болып қалуға, сол атқа сай, лайықты өмір сүруге болатынын көрсетіп кетті.  Қазіргі адамдарда бәрі жетеді. Ақыл асып жатыр, білім алапат, байлық арнасынан төгіліп жатыр. Бірақ, көбінде жүрек жоқ. Бейсекеңде жүрек бар еді, үлкен жүректің иесі еді. Шыны керек, өмірдегі түрлі әділетсіздіктерді көргенде жүрегі бар адамның өзінің жүрегі қарая бастайды. Бірақ, Бейсен жүрегін сол табиғи, таза қалпында сақтап қалды. Бізде қалай? Елге, ұлтқа жөн сілтер дәрежедегі серкелер өздерінше шетінен құса, шетінен ғаріп. Өмірге сан сұрақ қойып, жауабын таба алмай қамығады да жүреді. Абайша сілтейді. Өздері керемет, тек уақытынан бұрын туған. Бейсен ше? Ол бәріне күліп жүріп ақ жауап табатын. Сан қырлы мәселелермен бетпе-бет келетін, жүздеген адам проблемаларын айтып алдына жүгінетін. Бірақ, Бейсекең ешнәрсені де ауырлатпайтын. Әрине жеңілдетпейтін де, бірақ бір қисынын келтіріп тығырықтан шығар жолды көрсететін. Себебі рухы мықты еді, ешқашан еңсесі түспейтін, сынбайтын, қыңбайтын. Сол сынбаған күйі кетті. Бейсен аспаннан салбырап осындай боп туған жоқ. Ол өзін-өзі өсірді, тәрбиеледі. Бейсеннің бойындағы қасиеттердің ішіндегі ерекше атап өтетінім - ізденімпаздығы. Бейсен талмай оқып жүретін. Ол үнемі өзін дамытып отырды. Бейсен бәрінен биік еді. Пендешіліктен де, дүниеқоңыздықтан да, мансапқорлықтан да, тіпті жағымпаздықтан да" , - деп жазды Ағыбаев. 

Тағы бір шенеунік коронавирус жұқтырды
Назарбаевтың баспасөз хатшысы Елбасының жағдайын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу