Шымкентте мұнай зауытының қызметкерлері жаппай індет жұқтырды
Соңғы тәуліктерде Шымкент қаласында COVID-19 індетін жұқтырған науқастардың саны күрт көбейді. 17 мамырда 77, 18 мамырда 60 жағдай тіркелді. Мамандардың айтуынша, мегаполисте науқастар жоспарлы тестілеудің нәтижесінде көбейген.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садырдың мәлімдеуінше, қаладағы кәсіпорындарда коронавирус инфекциясына қарсы диагностикалық тексеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Инфекция жағдайының өсуі ірі кәсіпорындар мен ұйымдарда байқалады. Мәселен Шымкент мұнай өңдеу зауытына иелік ететін "Петро Қазақстан Ойл Продактс" ЖШС-нің 654 қызметкері жоспарлы тестілеуден өтіп, нәтижесінде 137 жағдай анықталып отыр.
– 7 мамыр күні зауыттың екі қызметкері жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Сынама нәтижесі олардың короновирус жұқтырғанын растады. Кейінірек науқастармен қарыс-қатынаста болған тағы алты адам ауырған. Осыдан кейін зауыттың басшылығы жұмысшылар арасында скрининг жұмыстарын жүргізген,- деді арнайы өткен брифингте қаланың бас санитары Әбдіманап Төлебаев.
Зауытта қауіпті індетті 96 жұмысшы жұқтырған. Тағы 12 науқас осы зауытқа қосымша қызмет көрсететін компанияларда жұмыс істейді. 29 адам зауыт жұмысшыларымен қарым қатынаста болған туыстар болып табылады.
– Қазіргі уақытта мұнай өңдеу зауытындағы анықталған ауру ошағында залалсыздандырудан өтті, жатақхана карантинге жабылды. Індет анықталған адамдардың барлығы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына, карантиндік стационарларға жатқызылды,- деді Ербол Садыр.
Жалпы 18 мамырға дейінгі жағдай бойынша Шымкентте коронавирустық инфекция жұқтырудың 404 жағдайы тіркелді.
Ербол Садырдың айтуынша, коронавирусқа қарсы скрининг тексеру жұмыстары енді қоғамдық көлік қызметкерлері арасында жүргізіледі.
Бақытжан ӘБДІРАШ,
Түркістан облысы