«Қол-аяқтарын кескен, бауыздаған»: Ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өз пәтерінде айуандықпен өлтірген
Көкшетауда 87 және 78 жастағы ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өз пәтерінде айуандықпен өлтіріп кетті. Түн ішінде терезеден түскен қаскөйлер қауқарсыз жандардың аяқ-қолын кесіп қинап, малша бауыздап тастапты. Есігі ішінен құлыптаулы болғандықтан, қанды оқиға тек екінші күні – қызы келгенде белгілі болды. Бұл туралы Oinet.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігіне сілте жасап.
Он баланың ата-анасы, тыл ардагері Әкімбек пен Құралай Бейсембаевтар екі жыл бұрын бес қабатты жаңа үйде қоныс аударған. Балалары әке-шешесіне бір бөлмелі пәтер сатып әперіп, құрмет көрсетсе керек. Өздері үнемі келіп-кетіп көмектесіп жүрген. Карантиндік шектеулерге байланысты соңғы кездері ғана қатынас сирепті.
Таңертең ерте ата-анасын іздеп келген қыздары Ләззат сұмдық көріністің үстінен түскен. Қанжоса болып жатқан қарияларды көріп есінен танған оның өзіне көршілері жедел жәрдем шақырған. Екі бірдей адамның кісі қолынан мерт болғаны жайлы хабар жеткен соң, полиция генералымен қоса, тайлы-тұяғымен келді дейді балалары.
Олардың айтуынша, бұл үйге қаскөйлер осыдан бір апта бұрын көз тіккен. Біреулер түн ішінде терезені сындырып пәтерге түспек болыпты. "Сонда полиция бұл іске немқұрайлы қарады", - дейді марқұмның балалары.
"Әке-шешем атып тұрып, бақырып шулаған соң, аналар қашып кетіпті. Жедел топ келді, саусақ іздерін алды. Сонымен «аллау акбар». Бір жұмада ешқандай жағдай жасаған жоқ. Қол-аяқтарын кескен, бауыздаған. Масқара! Істемегенді істеген, қорлаған. ІІМ-не, Президентке, Бас прокуратураға дейін – бәріне жазамын", - дейді қаза тапқан ерлі-зайыптылардың ұлы Кәкім Бейсембаев.
Балаларының айтуынша, пәтер тоналғанға ұқсайды. Астаң-кестеңі шыққан үйден аналарының алтын бұйымдарын таба алмапты. Әзірге қандықал қылмыскерлер ұсталмапты. Полиция қаскөйлерді іздеп жатыр.
"Кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.Әзірге тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Иә, 25 сәуір күні терезе арқылы біреулердің кірмек болғаны жайында полицияға мәлім. Ол кезде де ұрлық бойынша тергеу амалдары болған. Өкінішке қарай, күдіктілер табылмады", - дейді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Әсем Әбдірахманова.