Қазақстандық ғалымдар коронавирусты емдеудің жолын тапты
Қазақстандық ғалымдар коронавирус инфекциясымен күресте антиденелерді қолдануды дұрыс көріп отыр. Яғни, қауіпті дерттен жазылғандардың иммунитеті түзген вирусқа қарсы зат – қан арқылы басқа науқастарды емдеуде қолданылуы мүмкін. Мұндай тәжірибені қазіргі уақытта АҚШ пен Ресейдің ғалымдары жасап жатыр екен. Ал Қазақстанда антиденелерді анықтауға 22 мыңдай азаматтан сынама алынған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Телеарна мәліметінше, коронавирус инфекциясын емдеудің бір амалы табылған. Ол үшін СОVID-19-дан айыққанның қаны керек екен. Нақтырақ, қан құрамында иммунитеттің құдыретімен түзілген антиденелер қажет екені анықталды. Бірақ бұл плазмалар мен антиденелер кез келген ағзада түзілмейді. Ал қауіпті дертке шалдыққан науқастарды осы жолмен емдеуді біздің мамандар қош дұрыс көріп отырғаны хабарланды.
- "Иммунды-ферменттік талдау тестілері сатып алынды. Жуырда Қазақстанға әкелінеді. Бұл тесттер арқылы адам ағзасында антиденелердің бар-жоғын ғана емес, мөлшерін де анықтаймыз", - деді Дəрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр Нұртаев.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 500-ге жуық науқас қауіпті дерттен жазылған. ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗДАР iHerb-тен өнім сатып алу арқылы өз ақшаңызды қалай үнемдеуге болады? Бұл азаматтардың бойында антиденелер түзілуі әбден мүмкін. Ғалымдар қан құрамында қажетті плазма бар екенін анықтай салумен шаруа бітпейтінін жеткізді.
- "Және оған кім болса, соны ала бермейміз. Мысалы, гепатитпен ауырған, басқа аурулары бар адамдар оның ішіне кірмейді. Оның ішіне, көбінесе, иммунитеті жақсы, жас адамдар, ешқандай қосалқы аурулары жоқтар кіреді", - деді медицина ғылымдарының докторы Динагүл Баешева.
Айта кеткен жөн, коронавирус індетімен күресте антиденелер мен плазмалардың пайдасы барын АҚШ пен Ресей мойындап, қазіргі уақытта осы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
- "Айығып шыққандардың қан құрамында плазма мен антидене бірдей мөлшерде болса, емдеу шараларында пайдасы арта түседі. Өз тәжірибеммен бөліссем, коронавирустан емделіп шыққан азамат басқа науқастарды емдеу үшін қан тапсыруға өтініш білдірді. Солармен жұмыс істеп жатырмыз", - сарапшы Дмитрий Еделев.
Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта елімізде 22 мыңдай азаматтан сынама алынған. Олардың 350-ге жуығында қажетті антиденелер табылып отыр. Дереккөз: КТК телеарнасы Cоңғы мәлімет бойынша, елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 2025-ке жетті. Естеріңізге сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты 15 наурызда Қазақстанда жарияланған Төтенше жағдай 1 мамырға дейін ұзартылды.