312 жаңа мәдениет нысаны: Қазақстанның мәдениет саласындағы жеті жылдағы өзгерістер
Кейінгі жеті жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде мәдениет саласын дамыту, ұлттық мұраны сақтау, отандық өнерді қолдау және мәдени инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Осы кезеңде елімізде театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлерін қоса алғанда, 312 жаңа мәдениет нысаны салынды. Сонымен қатар қолданыстағы нысандар жаңғыртылып, материалдық-техникалық база жаңартылды. Өңірлерде мәдени қызмет көрсету аясын кеңейтуге де басымдық берілді.
Кітапхана ісі мен шығармашылық білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Кітапханаларды 2027 жылға дейін жаңғырту жөніндегі Жол картасы іске асырылып, бүгінде өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Алматыда шығармашылық оқу орындарының студенттеріне арналған 500 орындық жатақхананың құрылысы басталды. Петропавлда Қазақ ұлттық өнер университетінің өкілдігі ашылса, Шымкентте Мәдениет және өнер университетін құру жұмыстары қолға алынды.
Театр өнерінің дамуы
Кейінгі жеті жылда театр өнерінде де бірқатар маңызды өзгеріс болды. Астана, Атырау, Қызылорда және Шымкент қалаларында бес жаңа мемлекеттік театр құрылды. Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы театр, Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы театр және Түркістан музыкалық драма театры жаңа ғимараттарға көшті.
Қазір Ақтөбе мен Қонаев қалаларында театрлардың құрылысы жүріп жатыр. Шымкент, Қызылорда және Семей қалаларында жаңа театр салу жобалары пысықталуда. Мұхтар Әуезов және Наталия Сац атындағы театрларды жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді.
Жетекші мәдени ұйымдардың мәртебесін көтеруге маңызды қадам жасалды. Кейінгі алты жылда республикалық 10 мекемеге «Ұлттық», республикалық және өңірлік тағы 10 ұйымға «Академиялық» мәртебесі берілді. Сондай-ақ отыз жылға жуық уақыттан кейін «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы қайта тағайындалды.
Отандық театрлардағы репертуар да жаңа туындылармен толықты. Театр сахналарында «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Алтын гүл», «Ақбала» балеттері, «Жошы хан» тарихи драмасы және «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының премьералары өтті. Сонымен қатар «Гүлдер» ансамблі қайта құрылып, Мемлекеттік классикалық гитарашылар квинтеті мен көпұлтты «Бірлік» ансамблі құрылды.
Музейлерді жаңғырту және мәдени мұраны сақтау
Музей ісінде де елеулі өзгерістер болды. Еліміздегі музейлер саны 36-ға артып, 250-ден 286-ға жетті. Музей қорлары 68 669 сақтау бірлігімен толықты.
Бес визит-орталықтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олар: Алматы облысындағы «Таңбалы», Түркістан облысындағы «Отырар», «Ордабасы», Ұлытау облысындағы «Ұлытау» және Атырау облысындағы «Сарайшық» визит-орталықтары.
Жаңа визит-орталықтарды дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Олардың қатарында Түркістан облысындағы «Сауран», «Гауһар ана» және Алматы облысындағы «Есік» бар.
Екі музейде «Алтын Орда» залдары ашылды. Сондай-ақ Палеонтология залы мен Қолөнершілер орталығы жұмысын бастады.
Ірі жобалардың бірі – ашық аспан астындағы «Бозоқ» археологиялық паркі. Бұдан бөлек, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді.
Музей қорларын цифрландыру жұмыстары да жаңа қарқын алды. 2025 жылы еліміздегі 284 музей туралы мәліметті қамтитын E-museum платформасы іске қосылды. Цифрлық каталогқа 66 мыңнан астам музей жәдігері енгізіліп, 750 үшөлшемді модель мен 15 виртуал тур әзірленді.
Қазақстан музейлерінің шетелдік әріптестерімен байланысы да кеңейді. Отандық музей қорларындағы құнды жәдігерлер Ресей, Италия, Франция, Қытай және Әзербайжандағы көрмелерде көрсетілді. 2025 жылы Ә.Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің туындылары Третьяков галереясында қойылса, ұлттық жобалар Венеция биенналесі мен Париждегі Гиме Азия өнері музейінде таныстырылды. 2026 жылы «Қазақстан – Франция 2026» халықаралық Қазақстан музей конгресі – музеология форумы өтті.
Сонымен бірге тарихи-мәдени мұраны қорғау мен археологиялық жұмыстарды реттеу тетіктері жетілдірілді. Заң жүзінде Түркістанның еліміздің рухани, тарихи-мәдени және туристік орталығы ретіндегі ерекше мәртебесі бекітілді. Археологиялық қызметті реттеу мен тарихи-мәдени мұра саласындағы лицензиялау тәртібі де жетілдірілді.
Отандық киноның дамуы
Кейінгі жеті жылда отандық кино өнерінде де айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. 2019-2025 жылдары мемлекеттік қолдаумен 150 киножоба қолға алынып, оның 124-і аяқталды. 2019 жылы қабылданған «Кинематография туралы» заң саланы жүйелі дамытуға негіз болды.
Отандық фильмдердің прокаттағы үлесі де артты. 2024 жылы экранға 94 қазақстандық фильм шықса, 2025 жылы олардың саны 103-ке жетті. 2025 жылы отандық фильмдердің жалпы кассалық түсімі шамамен 30 млрд теңгені құрады.
Қазақстандық фильмдер халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланды. «Ақын», «Схема» және «Адемоканың оқуы» фильмдері Токио, Берлин және Варшавадағы халықаралық кинофестивальдерде жүлде алды. Тек 2024 жылдың өзінде жеті отандық фильм 34 халықаралық жүлдеге ие болды. Ал «Бауырына салу» фильмі Қазақстан атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылды.
Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Global Innovation Index – 2024 дерегіне сәйкес, Қазақстан «Ұлттық көркем фильмдер» көрсеткіші бойынша 61-орыннан 31-орынға көтеріліп, Азиядағы үздік үш елдің қатарына енді.
Отандық фильмдер әлемнің көптеген елінде көрсетіле бастады. Қазақстан киносы күндері 30-дан астам елде өтті. Сонымен қатар шетелдік киногерлермен байланыс дамып, ұлттық анимация мен қазақ тіліндегі контентті көбейтуге көңіл бөлініп келеді.
Халықаралық ынтымақтастық және ұлттық мәдениетті таныту
Кейінгі жеті жылда Қазақстан мәдениеті әлемнің түрлі елдерінде кеңінен таныстырылды. Отандық өнерпаздар халықаралық фестивальдер, көрмелер мен байқауларға қатысып, мәдениет күндері елдер арасындағы мәдени байланысты нығайта түсті.
Қазақстанның мәдениет күндері 15 елде өтті. Тек 2023 жылдың өзінде мұндай іс-шаралар Өзбекстан және Әзербайжанда өткізілді. Каирде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, әз-Заһир Бейбарыс мешіті ашылды. Кейінгі жылдары Түрікменстан және басқа да мемлекеттермен мәдени алмасу жалғасты.
2025 жылы Бейжіңде Қазақстанның мәдени орталығы ашылды. Ол ұлттық өнер мен дәстүрді тұрақты түрде насихаттайтын мәдени алаңға айналды. Сол жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесін иеленді.
ЮНЕСКО-мен ынтымақтастыққа да айрықша мән беріліп келеді. Салалық деректерге сәйкес, Қазақстанның 15 тарихи-мәдени ескерткішін қамтитын төрт номинация ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Таңбалы петроглифтері бар. Сондай-ақ 2026 жылы Маңғыстау түбегіндегі жерасты мешіттері тізімге енгізілгені көрсетілген.
ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне қазақ мәдениетінің 14 элементі енгізілген. Олардың қатарында домбырамен күй тарту өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс және «Беташар» салты бар. 2026 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасын ілгерілету жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді.
Қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғаларының мерейтойлары да халықаралық деңгейде аталып келеді. Роза Бағланова, Бердібек Соқпақбаев, Нұрғиса Тілендиев, Абдолла Қарсақбаев және Ермек Серкебаевтың мерейтойларына арналған іс-шаралар ЮНЕСКО-ның атаулы күндер күнтізбесіне енгізілді.
Қазақстандық өнерпаздар Еуропа мен Азиядағы халықаралық байқауларда да жоғары нәтиже көрсетті. Димаш Құдайберген Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында өнер көрсетсе, Данэлия Төлешова America’s Got Talent финалына шықты. Ал Қарақат Башанова Junior Eurovision 2020 байқауында екінші орын иеленді.
Руслан Талас Венада өткен WorldVision халықаралық байқауында I орын иеленді, ал 2024 жылы Штутгарт қаласында Guadagnini Foundation II халықаралық скрипкашылар байқауында II орын алды.
Әлім Бейсембаев Веймардағы Ф.Лист атындағы халықаралық жасөспірімдер байқауы мен Манчестердегі халықаралық пианистер байқауының лауреаты атанды. Сондай-ақ Ван Клиберн атындағы I халықаралық жас пианистер байқауында үздік нәтиже көрсетіп, 2021 жылы Лидсте өткен XX халықаралық пианистер байқауында Уотерман алтын медалін иеленді.
2024 жылы Сағадат Омарғазин Аустрияда өткен Бетховен атындағы XIX халықаралық скрипкашылар байқауында жеңімпаз атанды.
Жандос Сауыт пен Scythians триосы аккордеоншылар арасындағы 79-шы Coupe Mondiale халықаралық байқауында жеңіске жетті.
Жеті жыл ішінде еліміздің мәдениет саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жаңа мәдениет нысандары салынып, қолданыстағы мекемелер жаңғыртылды, сондай-ақ ұлттық өнер мен тарихи-мәдени мұраны қолдаудың ауқымы кеңейді. Отандық мәдениеттің халықаралық деңгейде танылуына да жаңа серпін берілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі


