Сауран ауданы: Мал бордақылау алаңдары салынуда

Oinet.kz 04-08-2026

Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын дамып, жаңа серпін алып келеді. Өсімдік шаруашылығы мен бау-бақша өсірумен қатар, мал шаруашылығы бағытында да ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде мүйізді ірі қара өсіру және бордақылаумен айналысатын шаруашылықтардың саны артқан. Мұндай өсім Үшқайық ауылдық округіне де байқалады.

Үшқайық – Кеңес дәуірінен бау-бақшадан бөлек мал өсірумен танылған іргелі елді мекен. Заман ауысып, талғам өзгерсе де ата жолын жалғаған азаматтар бұл ауылда аз емес. Мұндағы шаруалардың айтуынша, барлық жетістік тек еңбекке байланысты. «Қолға таяқ ұстап мал бағу атадан келе жатқан кәсіп. Қанымызда бар. Тек бейнетіне бейімделе білсең болғаны. Береке өзі келеді» дейді округ тұрғындары.

Міне, шаруасы шалқыған округте Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы болып, онда жүзеге асырылып жатқан мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған жоба агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, ет өндірісінің көлемін арттыруға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған. Қазіргі таңда нысанның негізгі құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда.

Жоба паспортына сәйкес, мал бордақылау алаңының жалпы аумағы 9,7 гектарды құрайды. Жоба аясында 14 өндірістік және қосалқы нысан салу жоспарланған. Инвестиция көлемі 1,1 миллиард теңгені құрайды. Жоба толық іске қосылған жағдайда 42 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Құрылыс алаңын аралау барысында аудан әкімі жауапты мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және аудан экономикасының өсімін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Сауран ауданы: Саурандықтар 20 тонна балық өндіруде
Сауран ауданы: Нұрлан ет бағытында жұмыс істеуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу