Сауран ауданы: Нұрлан ет бағытында жұмыс істеуде
«Ауыл аманаты» жобасы аясында Сауран ауданында үй жағдайында жылқы бағып, мал бордақылап, қымыз өндірумен айналысып отырғандар бар. Соның бірі Қарашық ауыл округіне қарасты Құмтүйін ауылының тұрғыны Нұрлан Адырбекұлы. Ол 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие рәсімдеп, 3 миллион теңгеге 8 бас жылқы сатып алған. Бүгінде жылқы басын көбейтіп, мал бордақылау ісімен айналысуда.
Қарашық ауыл округі әкімдігі мамандарының айтуынша, округ тұрғындарының негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Мал және мал өнімдерінен тұратын өндіріс көлемі де соңғы жылдары біршама артқан. Бүгінде мал өндірісінен алынатын сүт және ірімшік өнімдері ауданның ғана емес, облыстың негізгі азық-түлік қорына еніп үлгерген. Жалпы Қарашық ауыл округі тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасы енген сәттен-ақ өтініштерін өткізіп, жобаға қатысуға ынта танытқан. Нәтижесінде ауыл тұрғындарынан түскен 41 өтініштің 33-і оң қортындысын алған. Қаралған қаржының жалпы құны 169,1 миллион теңге.
Нұрлан Адырбекұлы осыдан үш жыл бұрын өтініші мақұлданып, жылқы шаруашылығын бастағанда малды Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Үшінші интернационал ауылының мал базарына барып, халықпен кездесіп, үйден барып алғанын айтты.
– Мал бағу бізге таңсық емес. Бабамыздан дарыған кәсіп. Қалай дегенмен де мал бағу оңай шаруа емес. «Мал – баққанға бітеді» дегендей, оның жайын табу да оңай шаруа емес. Малды семіртіп, етке өткізу үшін де қарау керек, бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. Қазір кәсібімізді бірнеше қайтара айналдырып, несиемізді де жауып үлгеруге шақ қалдық. Үстінен түскен табысқа мал алып, басын көбейтудеміз. Жем-шөпке де қаржы бөліп, малдың бабын келтіріп, шаруамызды дамыту үстіндеміз, – дейді ол
Бүгінгі күні Нұрланның өз клиенттері бар. Соғымға алдын ала тапсырыс беріп жазылады. Табиғи өнім көпті қызықтыратыны белгілі. Қазір бұрынғыдай емес, жылқы етін бүгінде тұрғындар жыл он екі ай бойы тұтынады. Сұраныс артпаса кеміген емес.
Округ мамандарының айтуынша, ауылда іске асырылған жобалардың нәтижесінде тұрғындар табысы артқан. Яғни, округте ет, сүт өндірісі артып, салық көлемін ұлғаюына оң әсерін тигізген. Биыл да округте «Ауыл аманаты» жобасы аясының кәсіпкерлік бағыты бойынша несие алуға ниет білдіргендер бар екен. Мәселен, «Ауыл аманаты» тетігі арқылы 8 азамат мал алғысы келеді екен. Олардың бірі сүт бағытын таңдаса, келесі бірі ет бағытын таңдауда.
Бүгінгі күні ауданда мал шаруашылығына елеулі көңіл бөлінуде. Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты мал шаруашылығына қолайлы өңірде ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді.


