Сауран ауданы: Саурандықтар 20 тонна балық өндіруде
Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылған жобалар көп. Мәселен, бұған дейін ауданда жылыжай, мал шаруашылығы және егіншілік бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылған болса, бүгінде оның қатары балық шаруашылығымен толығып отыр. Енді саурандық шаруалар балық шаруашылығында да алғашқы өнімін беріп, аудан экономикасының жаңа әрі перспективалы саласына айналып отыр.
Балық шаруашылығы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалармен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы танысты. Негізінен бұл жұмыстар ауданға қарасты Үшқайықта іске асырылып жатыр. Сапар барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығының маңызды бағыты – балық шаруашылығын дамытуға үлес қосып отырған кәсіпкерлермен кездесті. Қазіргі таңда Үшқайықта іске асырылып жатқан жобалар алғашқы өнімдерін беріп, нарыққа жол тартқан.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде балық шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан субсидиялар мен қаржылық қолдау көлемінің артуы кәсіпкерлердің осы бағытқа қызығушылығын күшейтіп, отандық балық өндірісінің дамуына жаңа серпін беруде. Бұл өз кезегінде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сапалы отандық өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік жасап отыр. Осы бағытта Сауран ауданында жүзеге асырылып отырған тиімді ұйымдастырылған жұмыс нәтижесінде Үшқайықта шамамен 20 тоннаға дейін өнім өндіреді.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан бірінші жоба аясында интенсивті технология қолданылған балық өсіру кешені іске қосылып, алғашқы өнім алынды. Аумағы 1,2 гектарды құрайтын кешендегі бассейннің сыйымдылығы 16 мың текше метрді құрайды. Бүгінде мұнда өсірілген сазан балықтары сатылымға шығарылып, Түркістан және Кентау қалаларының сауда орындарына жеткізілуде. Жалпы 2 миллион уылдырық салынып, нәтижесінде 500 мың шабақ өсіру көзделген. Кәсіпорында 2 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ал екінші жоба бойынша да алғашқы нәтижелер бар. Қазіргі таңда 3 бассейн іске қосылып, бекіре мен сазан балықтары өсірілуде. Кәсіпорын алғашқы өнімдерін алып, оларды Түркістан және Кентау қалаларындағы дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарына сатылымға шығаруда. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жылына 20 тоннаға дейін балық өндіру жоспарланып отыр. Мұнда 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аудан әкімі кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау білдіріп, жергілікті атқарушы билік тарапынан қажетті көмек жалғасатынын атап өтті. «Ауыл шаруашылығын әртараптандыру – басты міндеттердің бірі. Балық шаруашылығының дамуы – нақты нәтиже беріп отырған бағыт. Бұл – ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жергілікті нарықты дамытуға ғана емес, импортқа тәуелділікті азайтуға да өз үлесін қосуда», – деді Мақсат Таңғатаров.
Жалпы мемлекеттік қолдау шаралары мен жергілікті кәсіпкерлердің еңбегінің арқасында Сауран ауданында балық шаруашылығының әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу және өнім түрлерін көбейту арқылы ауданның өңірлік балық шаруашылығы саласындағы үлесін одан әрі арттыруға мүмкіндік мол.


