Сауран ауданы: Өз кәсібін ашқандар қолдауға ие
«Ауыл аманаты» жобасы аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға болады. Бұл бағытта Сауран ауданында қолға алынған жоба баршылық.
Соның бірі – жалпы аумағы 200 гектарды құрайтын мал бордақылау алаңын салу жобасы. Жоба толық іске қосылған кезде мал шаруашылығының өнімділігін арттырып, ет өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Ескі Иқан ауылында аталған жоба аясында 32 мал ұстауға арналған қораның құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар етті қайта өңдеу, мал сою және ет сақтау цехтарының құрылысы қатар қолға алынған. Мамандардың айтуынша, бұл жоба ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Болашақта өндірілген өнімді ішкі нарыққа жеткізумен қатар экспортқа шығару да жоспарланып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының стратегиялық саласы екенін атап өтіп, мемлекеттік қолдау ең алдымен өнім өндіретін, өңдейтін және жаңа жұмыс орындарын ашатын шаруаларға бағытталуы тиіс екенін бірнеше рет айтты. Мемлекет басшысы ауыл тұрғындарының табысын арттыру, агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін күшейту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін үнемі назарға алып келеді. Оның айтуынша, Қазақстан шикізат өндіруші ел ғана емес, қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын мемлекетке айналуы қажет.
Осы міндеттерді жүзеге асыруда «Ауыл аманаты» бағдарламасы маңызды құралға айналып отыр. Бағдарлама ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несиелер ұсынып қана қоймай, жеке қосалқы шаруашылықтарды тұрақты бизнеске айналдыруға, кооперацияны дамытуға және ауылдағы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға жол ашты. Соңғы жылдары республика бойынша мыңдаған ауыл тұрғыны осы бағдарлама арқылы өз кәсібін бастап немесе кеңейтіп, ондаған мың жаңа жұмыс орны құрылды. Мұндай жобалар ауыл экономикасын әртараптандыруға, халықтың табысын көбейтуге және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге нақты үлес қосып келеді.
Ескі Иқан ауылдық округіндегі Альберт Муслимов шаруашылығы – мемлекеттік қолдаудың тиімді пайдаланылғанының жарқын мысалы. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 7 миллион теңге несие алып, өзінің шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Тәтті нандарды пісіруге арналған технологияны Ираннан арнайы алдыртқан. Кондитер пісірушінің өзін жол шығындарын көтере отырып, сол елден шақырған. Ол ең бірінші кезекте 10 күннен аса уақыт жұмысқа қабылдаған ауыл тұрғындарына тәтті пісірудің тәсілдерін үйреткен. Қазіргі таңда аталған цехта жергілікті 10 тұрғын жұмыс істейді. Тәтті нандарды пісіруге ең қажет шикізаттың бірі – сүт болғандықтан, кәсіп иесі оны ауыл ішіндегі сүтті бағытпен айналысатын отбасылардан сатып алады. Кондитер иесі енді цехты кеңейтіп, жұмысшы санын 20-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ Сауран ауданындағы Рустамбек Нарметовтың шаруашылығын айтсақ та болады. Қожалық жеңілдетілген қаржының арқасында шаруашылық тек егін егумен шектелмей, мал бордақылау бағытын қатар дамытып, өндірістің ауқымын кеңейтіп отыр. Бұл – Президент көтеріп жүрген «өндірісті ұлғайту, өнімділікті арттыру және ауылдағы еңбек адамына нақты мүмкіндік беру» қағидатының өңірдегі нақты көрінісі.


