Сауран ауданы: Тамшылатып суару – мол өнім кепілі

Oinet.kz 03-08-2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында, мемлекет шаруалар шығынын өтеу көлемін 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтты. Енді мемлекеттік қолдау су алу инфрақұрылымына, сондай-ақ суару жүйелерін сатып алу мен орнатуға жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтейді. Соңғы екі жылда қабылданған шаралардың нәтижесінде су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі жыл сайын шамамен 150 мың гектарға артып отыр. Атап айтсақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша, су үнемдеу технологиялары енгізілген алқаптардың жалпы көлемі екі есеге артқан. Соның ішінде Сауран ауданының Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан шаруашылықта  70 гектар қарқынды алма бауына тамшылатып суару жүйесін енгізген.

Ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарының сөзінше, Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан шаруашылықта  жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын алма бағында әр гектарға 2 мың түп алма ағашы отырғызылған. Атап өтерлігі округтегі бұл бақ толықтай тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Бұл технология суды тиімді пайдалануға, ағаштардың қалыпты өсіп-жетілуіне және мол өнім алуға мүмкіндік береді.

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдібаевтың айтуынша, шаруаның алдына қойылып отырған міндет, қолда бар суды тиімді пайдалану. Өкінішке орай, соңғы жылдары су тапшылығы қатты сезіліп келеді. Оның үстіне өңір шаруалары көрші мемлекеттен өзендерге түсетін суға тәуелді. Ол да егіннің шығымына тікелей әсер ететіні белгілі. Бұл мәселені шешу мақсатында өңірде су үнемдеу технологиясы көптеп енгізілуде. Осының арқасында жыл санап тамшылатып және жаңбырлатып суару көлемі арттып келеді. Жалпы жаңа технологияны енгізушілерге 50 пайыздық субсидия да қарастырылған.

– Бүгінгі күні су тапшылығы бар. Бұл мәселе жылдан жылға күрделеніп келеді. Оның балама жолдары мемлекет деңгейінде Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан зерделеніп, шешу жолдары қарастырылуда. Бүгінде тамшылатып, жаңбырлатып ылғалдандыру мен лазерлік тегістеу шаруаларға кеңінен түсіндіріліп, артықшылықтары айтылуда. Алдымызға қойылып отырған міндеттің бірі – аграрлық секторда су тұтынуды азайту мәселесіне айрықша мән берілуде. Мемлекеттік органдар мен өңірлер бірлесіп жүзеге асырып жатқан кешенді шаралар өндіріс көлемі мен өнімділікке нұқсан келтірмей, су ресурстарын ұтымды пайдалануға бағытталып отыр, – дейді ол өз сөзінде.

Ал Жаңа Иқан ауылдық округінде орналасқан шаруашылық өкілдерінің айтуынша, биыл әр түптен орта есеппен 20 килограммға дейін алма жиналады деп күтілуде. Қазіргі таңда 30 гектар алқаптың өнімі толық жиналып болса, алдағы уақытта қалған 40 гектардағы алма өнімін жинау жұмыстары аяқталады.

Сонымен қатар, шаруашылықта алма мен басқа да жеміс-жидектерді ұзақ мерзім сақтауға арналған заманауи қойманың құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан өнімді сапасын жоғалтпай сақтап, ішкі нарықты жыл бойы сапалы жеміспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығы құралдарын өндіруге басымдық берілуде
Сауран ауданы: Өз кәсібін ашқандар қолдауға ие
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу