Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығы құралдарын өндіруге басымдық берілуде
Осы жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша Сауран суданы облыстағы аудан және қала әкімдіктері арасында І орынға ие болды. Атап өтерлігі Түркістан өңірінде алғашқы алты айда 873,3 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 132,4 пайызды құраған. Ал өңдеу өнеркәсібінде 423,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 150,8 пайызға жетті. Сонымен қатар, негізгі капиталға 894,6 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 92,6 пайызы жеке инвестициялар есебінен қалыптасты.
Яғни, Сауран ауданының көшбасшылық көрсеткіші өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық және ауыл шаруашылығы жобалардың тиімді іске асырылуының, кәсіпкерлікті қолдау шараларының және әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.
Мысалға алсақ, Сауран ауданында өндірісі ауыл шаруашылығына бағытталған инвестициялық жобалар көп. Соның бірі «Шаға» өндіріс алаңында жұмыс істеп жатқан «BNK Group» кәсіпорны. Бұл компания – ауыл шаруашылығы саласына арналған технологиялық жабдықтарды өндіретін жетекші қазақстандық кәсіпорындардың бірі саналады. Бүгінде «BNK Group» америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK IRRIGATION» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатып суару құрылғыларын құрастырады. Сонымен қатар, кәсіпорында ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылып, агродрондар дайындалады.
Өңірде бұдан бөлек жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын тағы бір компания бар. Ол – «Юпитер-М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 1750 тоннаны құрайды. Бүгінгі күні зауыт толық қуатында жұмыс істеп, өнімдерін ішкі нарықпен қатар Өзбекстан Республикасына экспорттауда. Кәсіпорында 20 жаңа жұмыс орны құрылған.
Сондай-ақ өңірде тамшылатып суару құбырларын өндіретін жаңа зауытты жұмыс істеуде. Оның жылдық қуаты 183 мың шақырымнан астам тамшылатып суару ленталарын, 5256 дана полиэтилен құбырларын және 2 117 шақырым шлангілерді шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 20 қызметкер екі ауысымда еңбек етеді. Жоба ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған.
Сауран ауданы әкімдігінің ресми өкілі, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Айкен Жақыптың айтуынша, «Шаға» өндірістік алаңы бүгінде Сауран ауданының индустриялық даму орталығына айналып келеді. Бұл аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар аудан экономикасын әртараптандыруға, өндіріс көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік беріп отыр екен. «Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша Сауран ауданы облыста І орынды иеленіп отыр. Бұл ауданда жүргізіліп жатқан игі жобалардың жемісі. Атап өтерлігі, бұрын аудан негізінен ауыл шаруашылығымен танылса, қазір өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дами бастады. Мәселен, «Шаға» өндірістік алаңында ауыл шаруашылығына арналған техника, су үнемдеу жүйелері, агродрондар өндіретін кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Бұл – аудан экономикасының жаңа кезеңге өткенінің айқын көрінісі» дейді ол.
Бүгінгі күні ауданда су үнемдеу технологиялары ауыл шаруашылығындағы басты бағыттардың біріне айналды. Айкен Жақыптың айтуынша, осы ретте «BNK Group» кәсіпорнының жобасы ерекше маңызға ие. Компания америкалық «Nelson Irrigation» кәсіпорнымен бірлесіп, жаңбырлатып суару машиналарын өндіруде. Сонымен қатар мұнда ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, агродрондар мен металл конструкцияларын шығару жолға қойылған. Сондай-ақ «Юпитер-М» және «Turan Su» кәсіпорындары да суару жүйелерін өндірумен айналысады. Бұл кәсіпорындар шығаратын өнімдер тек ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да бағытталған. Бүгінде су ресурстарын тиімді пайдалану – мемлекет деңгейіндегі маңызды мәселе. Сондықтан мұндай өндірістердің ашылуы ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ауданда ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарлануда. Бұл шаруаны бүгінде «Avatar Agricultural Technology Development» қолға алған. Бүгінгі күні өндірістік алаң толық дайындалып, қажетті құрал-жабдықтар орнатылған. Жоба толық іске қосылған жағдайда жылына 600 дана ауыл шаруашылығына арналған дрон шығару жоспарланып отыр. Бұл агросаланы цифрландыруға бағытталған маңызды бастама. Себебі қазіргі таңда агродрондар егін шаруашылығында тыңайтқыш себу, жерді бақылау және өнімділікті арттыру мақсатында кеңінен қолданылып келеді.
Қорыта айтқанда, осы жобалардың барлығы аудан экономикасының артуына, ауыл шаруашылығының жандануына әкеліп отыр. Мұндағы көрсеткіштер ауданның облыстағы рейтингін көтеруге септігі тигені анық.


