Сауран ауданы: Еңбекқор адам міндетті түрде табысқа жетеді
«Ауыл аманаты» жобасы кәсібін жаңа бастағандарға үлкен қолдау. Жоба бастау алған 2023 жылдан бері ауданымызда жұмысын жолға қойып, кәсібін дөңгелетіп отырған бизнес өкілдерінің саны да арта түскен. Соның бірі – Рустамбек Нарметов.
Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін сезінген кәсіпкер Рустамбек бүгінгі күні кәсібін кеңейтіп, отбасы табысын арттыру жолында табанды еңбек етіп келеді. Ол 2024 жылы «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 9,2 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, отбасылық кәсібін одан әрі дамытуға мүмкіндік алған.
Кәсіпкердің айтуынша, өзі құрған «Рүстем» шаруа қожалығы Оранғай ауылында орналасқан. 2002 жылы құрылған шаруа қожалығы бүгінде «Ауыл аманаты» жобасының аясында жұмысын жолға қойып отыр. Бүгінде шаруашылықта 20 гектар жоңышқа, 30 гектар бидай, 10 гектар жүгері, 13 гектар қауын-қарбыз және 2 гектар бау-бақша дақылдары өсірілуде.
Шаруа қожалығы егін шаруашылығын дамыту мақсатында 5 пайыздық мөлшерлемемен 5 миллион теңге несие алып, өндіріс көлемін арттырған. Сонымен қатар, мал бордақылау ісімен де айналысып келеді.
Сауран ауданындағы Рустамбек Нарметовтың шаруашылығы – мемлекеттік қолдаудың тиімді пайдаланылғанының жарқын мысалы. Жеңілдетілген қаржының арқасында шаруашылық тек егін егумен шектелмей, мал бордақылау бағытын қатар дамытып, өндірістің ауқымын кеңейтіп отыр. Бұл – Президент көтеріп жүрген «өндірісті ұлғайту, өнімділікті арттыру және ауылдағы еңбек адамына нақты мүмкіндік беру» қағидатының өңірдегі нақты көрінісі.
Ауданда қолға алынған ірі бордақылау кешені мен етті қайта өңдеу инфрақұрылымы да осы бағыттағы жұмыстың жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Қазіргі заманғы агроөнеркәсіп тек шикізат өндірумен шектелмеуі тиіс. Мал сою, қайта өңдеу, сақтау, логистика және экспорттық тізбекті қалыптастыру арқылы ғана ауыл шаруашылығының қосылған құны артып, өңір экономикасына түсетін пайда еселенеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, бюджет кірісінің ұлғаюына және ауыл тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына ықпал етеді.
Ең бастысы, ауылдың болашағы мемлекеттік қолдауға ғана емес, оны тиімді пайдалана білетін еңбекқор азаматтарға байланысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Еңбекқор адам міндетті түрде табысқа жетеді». Саурандағы осындай шаруашылықтар сол қағиданың нақты дәлелі. Олар тек бір отбасының кәсібін өркендетіп отырған жоқ, ауыл экономикасын нығайтып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, импортты алмастыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға үлес қосып келеді. Бұл – Әділетті Қазақстанның басты тірегі саналатын еңбек адамының ел дамуына қосқан нақты үлесінің айқын көрінісі.


