Сауран ауданы: «Ауыл аманаты» жобасы нәтижесіз емес
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыру және ауыл кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы Сауран ауданында тұрақты жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Жиында «Ауыл аманаты» жобасы аясында несиелендіру тетіктерін түсіндіру мақсатында сөз қозғалды.
Аудан әкімі «Ауыл аманаты» жобасының облыста жүзеге асырылу барысына тоқталды. «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру мақсатында республикалық бюджеттен облысымызға 2023-2025 жылдары 30,2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 2023 жылы 19,8 миллиард теңге, 2024 жылы 3 миллиард теңге және 2025 жылы 7,4 миллиард теңге толық игеріліп, 6 бағыт бойынша 4223 жоба несиелендірілген. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы саласында – 597 жоба, мал шаруашылығында – 3155 жоба, құс шаруашылығы бағытында – 22 жоба, балық шаруашылығында – 53 жоба жүзеге асырылыпты. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша – 150 жоба, тұрғындардың өз кәсібін ашуына бағытталған – 279 жоба іске асырылды. Мұның ішінде Сауран ауданының да үлесі бар. Біздің ауданда бүгінге дейін «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде мыңға жуық жоба қаржыландырылып, кәсіпке ден қойған аудан тұрғындарының үлесі артып отыр, – деп атап өтті.
Сондай-ақ жоба аясында кәсіп ашып, жұмысын жолға қойған кәсіпкерлердің бірсыпырасын атап өтіп, «Тәжірибе көрсеткендей, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмыс орындарын көбейтетін, экономиканы дамытуға нақты серпін беретін жобаларды іріктеп, соларды қолдауды жалғастыру керек. Айтқым келгені, мұнда ауыл шаруашылығы ғана емес, кәсіпкерлік, өндірісті дамытатын жобаларды енгізіп, округтеріңізде қолдау көрсетіңіздер, – деді аудан әкімі.
Жиында «Әділет» партиясы орталық аппаратының «Ауыл аманаты» жобасының өңірлік үйлестірушісі Әзімбай Жандос, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Мирова Күміс, қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктердің өкілдері, сондай-ақ бірқатар ірі жұмыс беруші кәсіпорын басшылары өз ойларымен бөлісті. Пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ жиынның күн тәртібінде Д–Е санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау шаралары, қаржылық міндеттемелер бойынша есеп шоттарды бұғаттан шығару мәселелері және «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру барысы қаралды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктері талқыланды.
«Ауыл аманаты» жобасы барысында тиісті сала өкілдері жұмыспен қамту көрсеткіштері, қаржылық сауаттылықты арттыру және қарыз жүктемесін азайту бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді. Жұмыс беруші тараптар бос жұмыс орындары мен кадрлық қажеттіліктерді ұсынды.
Жиында аудан әкімі жобаларды іске асыру барысында нақты нәтижеге басымдық беру қажеттігін атап өтіп, жауапты сала мамандарына бірқатар тапсырма жүктеді.


