Сауран ауданы: «Ауыл Аманаты»: несие мен нәтиже

Сауран ауданында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылғалы бері ауылдық округтерде жобаға қатысуға ниет танытқандардың саны артқан. Мәселен, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел көлемінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қала тұрғындарының бизнес-жобаларын 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейін несиелеу және лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін қаржыландыру көлемі ұлғайтылған.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау ережелері аясында субсидиялау шарттары жеңілдетілген. Мәселен, жеке шаруа қожалықтарынан кооперативтер үшін кейбір бағыттар бойынша тіркеу нөмірі мен ауыл шаруашылығы жерінің болуы талап етілмейді. Жүйелі мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны бүгінде 1,5 есе артқан.
Бұл туралы Сауран ауданында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және жұмыспен қамтуды арттыру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысында талқыланған жиында аудан әкімінің орынбасары Серік Сәдібаев атап өтті. Ол жиында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ жеңілдетілген несие алуға үміткер D және E санатындағы азаматтарға қатысты өзекті мәселелер қаралды. Жиынға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Сауран аудандық мансап орталығы», ауылдық округ әкімдері мен ауыл шаруашылығы саласының жауапты мамандары қатысқан болатын.
– Президенттің тапсырмасымен «Ауыл аманаты» жобасы өңірімізде биыл да жалғасын тауып отырғаны қуантады. Жобаға қатысушылар талай жылдан бері игерілмей жатқан үй іргесіндегі жер телімдері мен егістік алқаптарды жаңа құрылған кооперативтер күшімен игерілуде. Бақшалар салынып, көкөністерден мол өнім жиналуда. Алда оны қабылдау орындары кооперативте ашылып, тікелей сауда орталықтарына жеткізу жолдары қарастырылуда. Бұл ең алдымен халық арасында Отандық өнімге деген сұранысты арттырып, өңірдегі бағаны тұрақтандыруға да үлкен қолдау болмақ. Мемлекет басшысы: «Үкіметке «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» атты қанат қақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырамын», деп ұсақ шаруашылықтардың өндіретін өнімдерін сатып алу, оларды өңдеп, дайын тауарға айналдыру жəне тұтынушыларға дейін жеткізу ісі кешенді түрде қолға алынатынын аңғартты. Бір атап өтерлігі Мемлекет басшысы бұл қанат қақты жобаны іске асыруды, осы үшін ауылдан басталатын кооперациялық тізбекті құруды тапсырған болатын. Оған өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны көп ірі жəне тығыз шоғырланған өңірлерден бастауды жоспарланған. Сол жоспарға Алматы мен Жамбыл облыстарынан бөлек біздің Түркістан облыстары да енген. Соның ішінде бұл жоба Сауран ауданында да жүзеге асырылуда. Əрине, агроөнеркəсіп кешені үшін мұның да тың шаруа екендігі анық, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.
Жалпы жиында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижелері сараланып, жеңілдетілген несиеге ұсынылатын жобалардың сапасын арттыру, азаматтарға мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді түсіндіру және олардың кәсіпкерлік бастамаларын жан-жақты сүйемелдеу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, ауылдық округтердегі жобаның орындалу барысы қаралып, жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалды.
Жиын барысында Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі өз сөз кезегінде округте «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен 7 миллион теңге несие алған Альберт Муслимов бүгінгі күні кәсібін дөңгелетіп отырғанын мысалға келтірді. «Ол бүгінгі таңда өзінің шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Тәтті нандарды пісіруге арналған технологияны Ираннан арнайы алдыртқан. Кондитер пісірушінің өзін жол шығындарын көтере отырып, сол елден шақырған. Ол ең бірінші кезекте 10 күннен аса уақыт жұмысқа қабылдаған ауыл тұрғындарына тәтті пісірудің тәсілдерін үйреткен. Қазіргі таңда аталған цехта жергілікті 10 тұрғын жұмыс істейді. Тәтті нандарды пісіруге ең қажет шикізаттың бірі – сүт болғандықтан, кәсіп иесі оны ауыл ішіндегі сүтті бағытпен айналысатын отбасылардан сатып алады. Кондитер иесі енді цехты кеңейтіп, жұмысшы санын 20-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр» деп атап өтті округ әкімі.
Осы сияқты атқарылған жұмыс барысымен өзге де округ әкімдері бөлісіп, жұмысын жолға қойған кәсіпкерлердің жұмыс барысымен таныстырды. Бұл кәсіпті ашуға «Ауыл аманаты» жобасының септігі тигенін де айтып өтті.
Жиын қорытындысында мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру, несие алуға үміткер азаматтармен жұмысты күшейту және бағдарламаның орындалу көрсеткіштерін тұрақты бақылауда ұстау бағытында нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету жүктелді.


