Сайрамда «Ясауи керуені» аймақтық ғылыми-танымдық семинары өтті

Oinet.kz 05-08-2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы – халқымыздың ғана емес, күллі түркі дүниесінің баға жетпес қазынасы.

Screenshot_5.png

Оның тағылымын кеңінен дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – ортақ міндетіміз», – деп атап өткен болатын.

Осы мақсатта ауданда Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын насихаттауға арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті.

Аталған іс-шараның мақсаты – Ұлы дала өркениетінің рухани темірқазығына айналған Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен ілімі арқылы имандылықты, ізгілікті, білімді, әділдік пен адамгершілікті насихаттау, оның мұрасын бүгінгі және келешек ұрпақтың рухани бағдаршамына айналдыру.

Семинарға ауданымыздың ақсақалдары мен әжелер, зиялы қауым өкілдері, имамдар, түрлі сала мамандары мен жастар қатысты. Олар мазмұны терең, тағылымы мол басқосудан құнды мағлұматтар алып, рухани ой-өрістерін кеңейтті.

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ерлан Дәкенов жүргізген іс-шарада алғашқы болып облыстық дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы сөз сөйлеп, ұйымдастырылып отырған бастаманың маңыздылығына тоқталды. Ал профессор Досай Кенжетай, дінтанушы Сержан Оразбай, «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов және философия докторы Төлеген Мұхит баяндама жасап, Ясауи мұрасының тарихи-рухани мәні, ұлттық сана мен салт-дәстүр сабақтастығы туралы ой бөлісті. Олар баяндамаларын тарихи деректермен және тың мәліметтермен толықтырды.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Сержан Дауылбайұлы мен аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сиқымбай Уалиханұлы сөз сөйлеп, түркі әлемінің рухани темірқазығы – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ағартушылық-философиялық ілімін дәріптеуге арналған семинарды ұйымдастырушылар мен қолдаушыларға алғыс білдірді.

Сайрам топырағы – сансыз бабтар мекені, Қожа Ахмет Ясауидің кіндік қаны тамған қасиетті өлке. Бұл – Ыбырайым ата мен Қарашаш ананың мәңгілік тыныс тапқан алтын бесігі. Ұлы ойшылдың рухани ізденістері мен алғашқы ағартушылық қадамдары дәл осы қасиетті жерде бастау алған. Сондықтан «Ясауи керуенінің» Сайрамға ат басын бұруының тарихи әрі символдық мәні ерекше.

Кездесу барысында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, ұсыныс-пікірлер талқыланды.

С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ

Сайрам ауданының экономикалық әлеуеті артып келеді
АҚШ төрінен алғашқы жеңіс!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу