Сайрам ауданының экономикалық әлеуеті артып келеді

Oinet.kz 08-08-2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы екі Жолдауында экономиканы әртараптандыру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нығайту міндеттерін айқындады. 

Screenshot_4.png

Бұл басымдықтар Үкіметтің өңірлерді дамыту жөніндегі тапсырмаларымен және Түркістан облысы әкімдігінің жоспарларымен ұштасып, Сайрам ауданында да кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Президент айқындаған басым бағыттарды өңірлерде тиімді жүзеге асыру – мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі. Осы орайда Сайрам ауданында да әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын күшейтуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді. Экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, білім, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және ішкі саясат салаларындағы оң өзгерістер мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесін көрсетеді.

Халық саны ең көп аудандардың бірі саналатын Сайрамда тұрғындардың әл-ауқатын арттыру басты назарда. Сондықтан аудан әкімдігі соңғы екі жылда экономикалық өсімді қамтамасыз етумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берді. Бұл бағыттағы жұмыстар мемлекеттік бағдарламалармен және облыстық даму жоспарларымен сабақтастықта жүзеге асырылуда.

2025 жылдың қорытындысы аудан экономикасының тұрақты даму жолына түскенін көрсетті. Аудан әкімі Мадияр Оразәлиевтің қатысуымен өткен әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі баспасөз брифингінде ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 418,7 млрд. теңгеге жетіп, өсім көрсеткіші 31,2 пайызды құрағаны жарияланды. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 467 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.

Экономикалық өсімге инвестициялық белсенділіктің артуы айтарлықтай ықпал етті. Өткен жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 181,8 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көбейді. Бұл ауданның инвестициялық тартымдылығының артқанын және жаңа өндірістерді іске асыруға қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді.

Инвестицияның нақты нәтижесі өндіріс орындарының көбеюінен байқалды. 2025 жылы жалпы құны 30,3 млрд. теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, нәтижесінде 570 жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған жобалар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік бағыттарын қамтыды. Ал биыл жалпы құны 161,2 млрд. теңгені құрайтын 32 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда екі мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруда қайта өңдеу өнеркәсібінің рөлін ерекше атап өткен болатын. Осы міндетті орындау мақсатында ауданымызда өңдеу саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде 2025 жылы қайта өңдеу өнеркәсібіне 9,1 млрд теңге инвестиция тартылып, Сайрам ауданы Түркістан облысындағы осы бағытта үздік көрсеткіш көрсеткен өңірлердің қатарына енді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім өндіру көлемінің артып келе жатқанын білдіреді.

Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында ауыл шаруашылығы шешуші орын алады. Сондықтан бұл саланы қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде қарастырылып келеді. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар аясында өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа технологияларды енгізуге және инвестиция тартуға бағытталған жұмыстар өз нәтижесін беруде.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 158,3 млрд. теңгеге жетті. Саланы дамытуға 8,9 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Мал шаруашылығы бағытында 50,1 мың тонна ет пен 146,4 мың тонна сүт өндіріліп, өндірілген еттің едәуір бөлігі сыртқы нарыққа экспортталды. Ал 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 166,3 млрд теңгеге дейін ұлғайту межеленіп отыр.

Бүгінде аграрлық сектордағы жұмыстар тек өнім көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Ауданда су ресурстарын тиімді пайдалануға арналған технологияларды енгізу, интенсивті бау шаруашылығын кеңейту, жылыжай кешендерінің санын көбейту, ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамыту және қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін арттыру бағытында кешенді жобалар іске асырылуда. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын экономиканың жаңа даму драйверіне айналдыру жөніндегі тапсырмасымен толық үндеседі.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту да аудан әкімдігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Ауылдық округтерде өткен есептік кездесулер барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің басым бөлігі ауыз сумен қамтамасыз ету, табиғи газ, электр желілерін жаңарту, автомобиль жолдарының сапасы мен көшелерді жарықтандыруға қатысты болды. Әрбір ұсыныс назарға алынып, жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өңірлік даму бағдарламалары аясында елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен толық қамту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді.

Аудандағы демографиялық өсім құрылыс саласына да жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты жаңа мектептер, әлеуметтік мақсаттағы нысандар және инженерлік желілердің құрылысына басымдық берілуде. Мұндай жобалар білім беру мекемелеріндегі орын тапшылығын азайтуға, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға және тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді.

Білім беру саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта жаңа білім беру ұйымдары салынуда, қолданыстағы мектептер күрделі жөндеуден өткізіліп, олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Сонымен бірге педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру мен білім сапасын көтеруге арналған жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді.

Ауылдық жерлерге білікті мамандарды тарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осыған байланысты аудандық мәслихаттың 2025 жылғы 27 наурыздағы шешіміне сәйкес ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп салаларының мамандарына көтерме жәрдемақы төлеу және тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит беру шаралары жалғасуда. Бұл қолдау ауылдық аумақтарды кәсіби кадрлармен қамтамасыз етудің тиімді тетіктерінің бірі саналады.

Әлеуметтік саясатты тиімді жүзеге асыру аудан әкімдігі қызметінің басты бағыттарының бірі болып қала береді. Осы мақсатта халықты тұрақты жұмыспен қамту, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету, атаулы әлеуметтік көмекті уақытылы жеткізу және мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жаңа инвестициялық жобалардың іске асырылуы еңбек нарығына оң әсерін тигізіп, тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беруде. Сонымен қатар әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Ішкі саясат саласында қоғамдық тұрақтылықты сақтау мен этносаралық келісімді нығайтуға ерекше мән берілуде. Сонымен қатар жастар саясатын жетілдіру, мемлекеттік бағдарламалардың мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіру және азаматтық қоғам институттарымен өзара ынтымақтастықты дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында тұрғындарды жеке қабылдау, көшпелі кездесулер өткізу және азаматтардың өтініштерімен тұрақты жұмыс істеу тәжірибесі жалғасып келеді. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аудан деңгейінде нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Мәдениет пен спорт салаларында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан көлемінде бұқаралық спортты кеңінен дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Әртүрлі деңгейдегі спорттық жарыстар, мәдени-көпшілік және патриоттық бағыттағы шаралар тұрғындардың белсенділігін арттыруға ықпал етуде. Сонымен бірге мәдениет үйлері мен спорт нысандарының материалдық базасын нығайту және олардың қызметін жандандыру жұмыстары жалғасуда.

Аудан әкімінің халықпен өткізген кездесулерінде көтерілетін мәселелердің басым бөлігі инженерлік инфрақұрылымға қатысты болғанымен, ресми мәліметтерге сәйкес көптеген ұсыныстар оң шешімін тауып, бірқатары кезең-кезеңімен орындалу үстінде. Бұл тұрғындармен кері байланысты нығайтуға және халықтың талап-тілегін ескеруге бағытталған жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде және есептік кездесулер барысында аудан тұрғындары жаңа өндіріс орындарының ашылуы, жолдардың жөнделуі мен әлеуметтік нысандар құрылысының қарқын алуына қатысты оң пікірлерін білдіріп келеді.

2026 жылға белгіленген жоспарлар да ауқымды. Биыл аудан аумағында жаңа өндіріс орындарын іске қосу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өндіріс көлемін арттыру және мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұл бастамалардың толық орындалуы Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі күшейтіп қана қоймай, Түркістан облысының жалпы экономикалық дамуына да елеулі үлес қосатыны сөзсіз.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрам ауданында астық жинау жұмыстары жалғасуда
Сайрамда «Ясауи керуені» аймақтық ғылыми-танымдық семинары өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу