Шымкент қаласының шырайын ашқан елеулі саябақтар мен киелі орындар
Шымкент қаласы – еліміздегі үшінші мегаполис қана емес, сонымен қатар тұрғындары мен қонақтарына керемет демалыс ұсынатын саябақтар, аллеялар мен тарихи кешені арқылы танымал қала.
Бұл қаланың әрбір саябағы, аллеясы мен тарихи нысандары өзіндік ерекшеліктерімен және көңіл көтеру мүмкіндіктерімен ерекше. Атап айтсақ, олардың қатарында «Қазына» этно-тарихи кешені, хайуанаттар зообағы, Арбат, Асанбай Асқаров атындағы Дендро саябақ, «Ибраһим ата» кесенесі, «Қарашаш ана» кесенесі, Ордабасы алаңы, «Кең-баба» этнопаркі, Сейітжан қари Есжанұлы атындағы Үлкен мешіті бар. Осылардың әрбіріне жеке тоқталар болсақ, оның әрбірінің өз тарихы бар.
«Қазына» этно-тарихи кешені – Шымкент қаласының солтүстік бөлігінде 2012 жылы салынған ірі аумақты алып жатқан саябақ. Кешен аумағында қаладағы ең биік ескерткіш Бәйдібек би ескерткіші орналасқан. Бәйдібек би ұлы жүзден шыққан халықтың басын біріктіріп, елді-жерді қорғауды ұйымдастырушы және бастаушы, ақылшы, қолбасшы ретінде аты шыққан аса ірі тарихи тұлға болған.
Бәйдібек Қарашаұлы XI-XII ғасырларда Шығыс Қаратау маңында өмір сүрген. Бұл еліміздегі ең биік ескерткіштердің бірі болып саналады, биіктігі-23 метр. Ескерткіш қаланың солтүстік бөлігінің ең биік нүктесінде орналасқан, фигураның биіктігі 10 метр, тұғыры 9 метр, жағалауы 4 метр. Бұл қаламен біргі суретке түсе алатын Шымкенттегі бірден бір орын. «Қазына» этно-тарихи кешені 75 гектар жерді құрайды және этносаябақта Түркістан обылысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерінің 27 макеті орнатылған. Сонымен қоса кешенде Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне салынған нысан бар. Кешеннен төмен қарай түсе келе «Наурыз» алаңын көруге болады. «Наурыз» алаңында қалаішілік түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Сондай-ақ мұнда «Түркістан облыстық тарих-өлкетану мұражайы» мен «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» орналасқан.
Шымкент қаласында орналасқан республикалық ірі хайуанттар бағының бірі – Зообақ. Жануарлар әлемімен танысуға мүмкіндік беретін бұл аумақ 1979 жылғы 11 желтоқсандағы Асанбай Асқаровтың жеке бастамасымен және тікелей басшылығымен салынған. 1980 жылы 29 сәуірде хайуанаттар бағы алғашқы келушілерін қабылдады. Қазіргі таңда хайуанаттар бағында 1600-ге жуық жануарлар бар. Зообақ 540 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Хайуанаттар бағы 09:00-20:00 аралығында күнделікті жұмыс істейді.
Келесі нысанның бірі – Арбат. Арбат – Бейбітшілік даңғылында орналасқан жаяу жүргіншілер аймағы. Сонымен қатар қала тұрғындары кешқұрым Арбатқа шығып серуендегенді ұнататын алаң. Арбат жаяу жүргіншілер алабының жанында қаладағы танымал сауда үйлерінің бірі Shymkent Plaza сауда орталығы орналасқан. Арбат 2018 жылдың маусым айында Астана күні қарсаңында ашылды.
Асанбай Асқаров атындағы Дендро саябақ – Қазақстандағы ең үлкен ботаникалық бақ болып саналатын ірі көлемдегі жасыл аумақ. Дендросаябақта ағаштың 1360 ден астам түрі бар, аумағы 150 гектарды алып жатыр, 1979 жылы құрылған Дендро саябақ бүгінде Асанбай Асқаровтың атына берілген. Дендропарк қаладағы маңызы бар ерекше қорғалатын аймақ болып саналады. Дендропарк қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі. «Шымкент өкпесі» деп атап кеткен саябақ таза ауада серуендеп, табиғатты тамашалауға таптырмас орын. Спорт әуесқойлары да дендропаркте таңертеңгі йогамен айналысқанды немесе жүгіргенді ұнатады. Саябақ аумағында көл, орындықтар, көпір, сәулеттік формалар, велосипед жолдары бар. Дендросаябақ күнделікті сағат 05:00-00:00 аралығында жұмыс істейді.
«Ибраһим ата» кесенесі – Сайрамның солтүстік-шығысында орналасқан Ахмет Яссауидың әкесі-шейх Ибрагим мазарының үстінен салынған. Уақыттың сынағына төзбеген алғашқы кесененің тозығы жетіп, қабырғалары құлаған. Кейіннен қалпына келтірілген. Кесененің көлемі 7х7, биіктігі 8,25метр. Алғашқы құрылыс XVI-XVII ғғ.жүргізілген. Құрылыстың алғашқы күмбезі құлаған соң XIX ғ соңы XX ғасырдың басында шатыры қайта салынған. «Ибрагим ата» кесенесі қала орталығынан 19 километр қашықтықта орналасқан.
«Қарашаш ана» кесенесі – Сайрам тұрғын алабында орналасқан тарихи кесене. Кесене ұлы уағызшы-сопы Қожа Ахмет Ясауи шешесінің мазарына құрылған. XIX ғасырда қайта жаңғырған. Қарашаш Ана кесенесі еліміздің киелі орындарының бірі. Қарашаш ананың кесенесінің жанында Ибрагим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа және Дәуіт қожаның мазарлары орналасқан. «Қарашаш ана» кесенесі қала орталығынан 17 километр қашықтықта орналасқан.
Ордабасы алаңы – XIX ғасырда қаланың шығыс шекарасы өткен, сонымен қатар Сайрам мен Таразға апаратын бекіністі қақпалар болған тарихи орын. Бұрындары бұл аймақта қаладағы ірі базар орналасқан, сондықтан бұл алаңды тұрғындар базар деп те атайды. Қазіргі уақытта Ордабасы алаңы қазақтың үш данышпаны – Төле Би, Қазыбек Би, Әйтеке бидің есімімен аталған көшелердің тоғысында Шымкент қаласының сәнін келтірер аумаққа айналып отыр. «Жер-ана» ескерткіші алаңның дәл ортасында орнатылған. Оның биіктігі 34 метр, ескерткіш үш жақты етіп жасалған. Ескерткіштің әр шетіне қазақтың үш данышпанының белгілі қанатты сөздері жазылған. Ескерткіштің жоғарғы жағында аспанға жеті қарлығаш жіберетін Жер-ананы бейнелейтін жас әйелдің бейнесі бар. Алаңның астында Қошқар Ата өзені ағып жатыр, ал ескерткіштің жанында екі субұрқақ орнатылған. Ордабасы алаңы «Тәуелсіздік» саябағына ұзындығы 104 метр жаяу көпір арқылы қосылады.
«Кең-баба» этнопаркі – Шымкент қаласының көрікті жерлерінің бірі. Қала орталығында орналасқан этнографиялық саябақ жергілікті тұрғындардың ең танымал демалыс орынына айналған. «Кең баба» этнопаркінің жалпы ауданы 3,5 гектарды құрайды. Кең-баба аумағында балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі аттракциондар мен мәдени демалыс аймақтары орнатылған. Саябақ күнделікті 10:00 - 00:00 аралығында жұмыс істейді. Кең Баба саябағы тұрғындар мен қалаға келуші қонақтардың демалыс уақытын өткізу үшін ашылған Шымкенттегі өткен ғасырлық құрылыстардың бірі. Этно-саябақтың аумағында көптеген ғасырлық ағаштар сақталған.
Сейітжан қари Есжанұлы атындағы Үлкен мешіт – Шымкент қаласының жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан. Мешіт 4 мұнарадан тұрады. Негізгі бас күмбездің биіктігі 56 метр. Негізгі орталық кіреберіс есіктен ер азаматтар кірсе, сол жақ тұсындағы есік әйел адамдарға арналған. 12 мыңға жуық мінәжәт етушілердің сыю мүмкіндігі бар, ал кіреберіс алаңда бірден 10000-ға жуық келушілер жинала алады. Сондай-ақ, бұл ғимаратта 1100 орынға арналған конференц-зал, 600 орынға арналға ас беру орны, 100 орынға арналған неке қию залы, 428 орынға арналған кіші дәрет алу орны, медресе мен кітапхана бар. 300 балаға арналған медресеге құрметті қонақ Осман Тоханың есімі берілді. Келушілер көлігін ыңғайлы етіп қою үшін 2 қабатты автотұрақ та қарастырылған. Ішкі сәулеті де көз тартады. Қазақы нақышпен көмкеріліп, қабырғасына Құран сүрелері жазылған.
Шымкент қаласындағы бұл нысандар қала тұрғындар мен қонақтарға жайлы демалыс пен көңілді уақыт сыйлайды. Әр саябақтың өзіне тән ерекшелігі мен атмосферасы бар, сондықтан кез келген адам өзіне ұнаған орынды таңдай алады.