Ордабасы ауданындағы Бөген ауылында 712 абонент табиғи газға қосылады
Бүгінгі күні «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына қарасты өңірдегі өндірістік филиал облыс тұрғындарына табиғи газдың кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етіп отыр.
Жаңа жыл қарсаңында Ордабасы ауданындағы 700 жүзден аса баспана бар Бөген ауылдық округінің орталығы Бөген ауылына табиғи газ берілді. Көгілдір отын ел игілігіне берілген ауылдың тыныс-тіршілігімен Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы танысып қайтқан болатын.
- Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елімізде мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет екенін атап өтті. «Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн», - дейді Президент.
Мемлекет басшысының мұны айтып отырғандағы себебі, бүгінгі күні экологиялық мәселелер өте маңызды.
Мысалы, газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын алты есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Осының өзінен Түркістан қаласы мен аудандарымыздың экологиясына қандай үлес қосатынын аңғару қиын емес. Шындығына келсек, соңғы жылдары климаттың күрт өзгергенін байқауға болады. Оның себебі, табиғатқа антропогендік жағдайлар әсер етіп жатыр. Табиғи газ – бұл көмір сутектерден тұратын ең экологиялық таза отын. Ал, Қазақстанды газдандыру жұмыстары, соның ішінде жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге де оң септігін тигізбек. Сондықтан, Президенттің бастамалары біз үшін тікелей көрсеткіш қана емес, сонымен бірге ондаған жылдарға арналған жаһандық жоспар болып табылады, - дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары өз сөзінде ауыл, елді мекендерді газдандыру жұмыстары әліде жалғасын тауып, облысқа қарасты елді мекендер көгілдір отынның қызығын көретіндігін жеткізді. Ал Бөген ауылын табиғи газбен қамту құрылысына жауапты болған мердігер «Компания ГазСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бір атап өтерлігі серіктестік ұзындығы 22,3 шақырымды құрайтын газ құбырының құрылысын биыл аяқтап пайдалануға беріп отыр. Алдағы уақытта жеке тұрғын үй секторларына газ кіргізу жұмыстарының нәтижесінде Бөгендегі 712 абонент толықтай газға қосылмақ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі осы, яғни халықты кедергісіз көгілдір отынмен қамту. Жалпы елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарайда өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Жалпы, биыл біздің қызметті тұтынатын абоненттерді көбейтіп, облысымызда табиғи газбен қамтылу көрсеткішін арта түспек. Жалпы, газдандыру жұмыстарын облысымызда мердігерлікке берілген мекемелер кезең-кезеңімен жүзеге асырып, Президент тапсырғандай 2025 жылға дейін толық аяқтау жоспарлануда. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары облыс басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Ал табиғи газ жеткізілген абоненттерді одан ары көгілдір отынмен қамту біздің міндетіміз. Алдағы жылдары Облысымыздың өзге аудандарымен қатар Ордабасы ауданында газ тартылмаған елді мекендерге табиғи газ кіргізіп, Президент тапсырған межеден табылуды ниет етіп отырмыз, – дейді «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына қарасты Түркістан өңірдегі өндірістік филиал өкілдері.