Түркістан облысында өнеркәсіп өнімі 9 пайызға жоғарылап отыр

Oinet.kz 20-12-2024 56

Мемлекет басшысы халлыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Үкіметке кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдауды тапсырды.

Screenshot_4.jpg

«Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап» деді Президент. Яғни, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау мақсатында экономикалық «Бірыңғай кешенді бағдарлама» қолға алынды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты экономиканың түрлі секторларында бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын кәсіпорындарды дамытуға бағытталған. 

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша,  Түркістан облысында жыл басынан бері өнеркәсіп өнімі көлемі 8,8 пайызға артып, 960 миллиард теңгеден асқан. Оның ішінде қайта өңдеуге барынша басымдық берілуде. «Өңірде өнеркәсіп өндірісін дамытуға бағытталған бағдарламалар аясында кәсіпкерлер несиенің сыйақы мөлшерлемесін төмендетіп, «Даму» қорының ішінара кепілдігін пайдалана алады. «Бірыңғай кешенді бағдарламасы» кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұрынғы бағдарламаларды жетілдіре отырып кәсіпкерлерді несиелендіру бойынша жасалған бағдарлама. Бұл бүгінгі күні алты бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, ол «Микрокәсіпкерлік», «Шағын және орта кәсіпкерлік», «Өңдеу өнеркәсібі мен  қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік», «Моно және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік», «Әлеуметтік кәсіпкерлік» және «Биржа арқылы» бағыттары бойынша қаржыландырылады», - дейді аймақ басшысы.

Бағдарама аясында негізінен өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несие мөлшерлемесін субсидиялауға басымдық беріліп, сараланған әдіс пайдаланылады. Мұндай жобалар бойынша алғашқы үш жыл ішінде кәсіпкер несиесін 8 пайызбен, төртінші жылдан бастап 9 пайызбен, бесінші жылдан бастап 10 пайызбен төлейді. Сонымен қатар, бағдарлама қор нарығын дамытуды көздейді. Мәселен, облигациялар шығарылымының бір эмитентке деген жиынтық номинал құны 3 миллиард теңгеден 5 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылып, кәсіпкер үшін 5 жылға дейінгі мерзімге 6 пайыздық түпкілікті мөлшерлеме белгіленді. Сондай-ақ, қор қаржылық қолдау шараларын кеңейтіп, субсидия құралынан кепілдік беру құралына қарай кезең-кезеңімен көшуге ниетті. Бұл жаңалық несиеге кепілдік беру аясын кеңейтеді. Қазір кепілдік берілетін несие сомасы 1 миллиард теңгеден 3,5 миллиард теңгеге дейін көтеріліп, кепілдік мөлшері несие сомасының 50 пайызын құрады. 

- Биыл Президент өз Жолдауында экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуды тапсырған болатын, инвестиция тарту жұмысын күшейту керектігін айтты. Түркістан өңірінде осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде кіріс көздері ұлғайып, өндіріс орындары көбеюде. 10 айда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өсім бар. Экономиканың басым көрсеткіші саналатын жалпыөңірлік өнім көлемі алдын ала есеп бойынша 4 триллион теңгеге жетіп отыр. Қысқамерзімді экономикалық өсім – 110 пайызды құрады, - деді Дархан Сатыбалды.

Аймақ басшысының айтуынша, есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 463 миллиард теңгеге өнім өндіріп, 113 пайыз өсім тіркелген. Өсім негізінен тау-кен, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және жиһаз өндірістері есебінен орын алып отыр. «Ашық айтайық, өңірде негізгі өндіріс орындарын қалыптастыруға энергетика тапшылығының кедергісі бар. Сонымен қатар, облыстағы индустриялық аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында біз Үкіметке электр энергиясы бағасын төмендету ұсынысын енгіздік. Нәтижесінде қолдау тауып, бүгінгі таңда тариф бағасы индустриялық аймақтарда 47 теңгеден 25 теңгеге дейін төмендетілді», - деді өңір басшысы.

Бұдан бөлек, энергетика тапшылығын шешу мақсатында өңірде 1,9 триллион теңгеге жалпы қуаты 2,7 гегаватт болатын 7 ірі жоба жүзеге асырылуда. Сайрам ауданында қуаты 1000 мегаватт болатын станцияның құрылысы басталды. Сондай-ақ, қосымша 300 мегаватт күн электр станциясының жобасы әзірленуде. Түлкібаста 320 мегаватт, Кентауда 240 мегаватт газ турбина, Бәйдібекте 350 мегаватт жел электр станциялары салынады.

Ордабасы ауданындағы Темірлан спорт клубында 1000 бала бұқаралық спортты дамытуда
Ордабасы ауданындағы Бөген ауылында 712 абонент табиғи газға қосылады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу