Ордабасы ауданындағы Темірлан спорт клубында 1000 бала бұқаралық спортты дамытуда
Президентіміз биылғы Жолдауында көңіл бөлген саланың бірі – бұқаралық спортты дамыту. Бүгінгі таңда елімізде, соның ішінде Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламалар мен демеушілердің қолдауымен көптеген спорт кешендері, спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілуде.
Соның бірі Ордабасы ауданында да ашылды. Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов та қатысқан болатын.
- Еліміз соңғы бірер жылда жаңа кезеңге қадам басты. Оның жемісі бүгінгі атқарылып жатқан жемісті бастамалар. Осындай игі бастамалардың жалғасы ретінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жолдады. Бұл құжаттың түпкі мазмұны – Қазақстанның жаңғыру жолын жалғастыра түсу. Мемлекет басшысы бұл құжатта ел дамуы үшін маңызды 9 стратегиялық бағытты айқындап берді. Олардың қатарында ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мәселелері бар. Бұқаралық спортты дамыту да Президенттің Жолдауындағы қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруда ұсынған бір бағыты, - дейді Зұлпыхар Жолдасов.
Жолдауда Президентіміз: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын» деп биліктің де халықтың да назарын спортты көтеруге аудара білді. Бүгінгі күні бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, Темірлан ауылында бой көтерген заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің жалпы жобалық құны – 1 078 000 мың теңге. Жер телімінің ауданы – 1,5 гектар болса, құрылыстың ауданы – 4 216,95 шаршы метрді құрайды. Нысанның құрылысын «ST Service KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Заманауи спорттық-сауықтыру кешенінде қазақ күресі, грек-рим күресі, самбо, дзюдо және бокспен шұғылдануға жағдай жасалған. Сонымен қатар футбол, баскетбол, волейбол, гандбол секілді командалық спорт түрлерімен де айналысуға болады. Залға 250 көрермен сияды. Аталған спорт кешенінде «Темірлан» спорт клубы мекемесі орналасады. Бұл спорт мектебінде 1000-ға жуық бала жаттығып жүр.
– Өңірімізде ауылды елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Білім, медицина, спорт, мәдениет нысандары салынуда. Темірлан ауылында жаңа жыл қарсаңында жаңа спорт кешені ашылды. Мұның бәрі ауыл тұрғындары мен жастар үшін үлкен қолдау деп ойлаймын. Осында жаттыққан спортшы жастарымыз әлемдік деңгейде Қазақстанның атын таныта берсін, – дейді облыс әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.
Президент Жолдауында ұсынған жобалар ел халқы тарапынан қолдау табуда. Ел игілі мен оның әлеуметтік жағдайының жақсаруы жолында алдымызда үлкен жұмыстар тұрғаны сөзсіз. Бұл тек бірлік пен ынтымақ, жауапкершілік пен табандылықтың арқасында ғана қол жеткізетін біздің ортақ мақсатымыз.