Түркістан жерінің бар байлығы ел игілігі еселенуіне жарауда
Еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың барлығы да ел экономикасының әлеуетін арттыруға жұмылдырылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруды тапсырып отыр. «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатындай жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беру қажет», дейді Президент.
Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты Түркістан облысында қарқынды жұмыс жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, облысқа жыл басынан 888,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7 пайызға артқан. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалған.
- Мемлекет тарапынан қабылданған көптеген жобалар мен бағдарламалар бүгінгі таңда өз жалғасын табуда. Бұл ең алдымен өңірімізде қолға алынған жобалардың табысты жүзеге асуына жол ашқаны белгілі. Мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдап, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру болатын. Бағдарлама қаржылық қолдаудан басқа, инфрақұрылымды дамытуға да бағытталған. Осының аясында жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – ел экономикасын түбегейлі жаңа сапалы деңгейге көтеріп, шетелдік инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік берді. Мәселен, облысқа инвестиция тарту және тәжірибе алмасу мақсатында Қытай, Ресей, Аустралия, Өзбекстан, Қатар және Оңтүстік Корея елдеріне түркістандық кәсіпкерлердің сапарын ұйымдастырып, алпауыт компаниялармен маңызды келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде шетел капиталының қатысуымен жалпы құны 910 миллион АҚШ долларын құрайтын 6 инвестициялық жоба басталды. Бұдан бөлек, қазан айында Түркістан қаласына 127 шетелдік компанияны шақырып, 301 миллиард теңге көлемінде 35 меморандумға қол қойылды, – деді Дархан Сатыбалды.
Осы келісім арқылы дрон, бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық техника өндіретін кәсіпорындарды ашу жұмыстары басталды. Аймақта «Өнеркәсіптік жылы-жай кешені», «Алюминий бұйымдарын шығаратын зауыт», «Өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығаратын зауыт», «Каустикалық сода, пвх, кальций карбиді, әк цемент шығаратын зауыт» жобалары жүзеге асуда. Сонымен бірге фосфорит кендерін өңдеу және мұнай өңдеу зауыттары салынуда. Алдағы уақытта түркістандық зауыттар өз елімізді және экспортты түрлі өніммен қамтамасыз ететін болады. Одан бөлек, алдағы уақытта индустриалды аймақтарда тұрмыстық техника, өсімдік майы, газ қондырғылары, лифт құрастыру, әскери палатка, санфаянс, сэндвич панелі және сусындар өндіретін зауыттар ашылады.
- Облысымызға шетелдік инвестицияларды тарту мақсатында келесі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, шетелдік инвесторларды тарту мақсатында облысымызда бос кен орындары пулы құрылды. Шетелдік компанияларға мемлекеттік қолдау шаралары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығының презентациялық материалдары әзірленді. Инвестициялық жобалардың тизерлері әзірленді, тауашалық жобалардың тізімі және Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері республикамыздың және олысымыздың ірі бизнесмендеріне, халықаралық ұйымдарға, еліміздегі трансұлттық корпорацияларға, әлемдік инвестициялық қорларға, республикамыздағы елшіліктерге, Алматы қаласының инвестициялық компанияларына жіберілді. Соның аясында еліміздегі ірі компаниялар облысымыздағы ондаған жобаға қаржы құйып, ол жобаны іске асыруда, Бұдан бөлек, облыста энертегика, агроөнеркәсіптік кешен, өндіріс және қайта өңдеу, туризм салаларында маңызды 145 инвестициялық жобалар пулы дайындалды. Аталған жобаларды жүзеге асыру арқылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, кірістер қосымша 100 миллиард теңгеге ұлғаяды. Бүгінгі күні, жалпы құны 86 миллиард теңге болатын 31 инвестцииялық жоба іске қосылып, 1300-ден астам жұмыс орны ашылды, - дейді аймақ басшысы.
Ең бастысы – сан тараптан инвестициялар тартылуымен сан салада баламасы жоқ бірегей кәсіпорындар бой көтеруі, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңір жұртшылығының тұрмысы түзеліп, бақуаттана түсуіне өз септігін тигізуде. Түркістан жерінің бар байлығы ел игілігі еселенуіне – кәдеге жаратыла бастауы қуантады. Қуаныш ұзағынан болғай!