Келес ауданында алдағы жылы 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда
Мемлекет басшысы Жолдауында Отандық өндірушілерді қолдау құралдарын күшейту арқылы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру және іскерлік белсенділікті күшейту үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін тапсырған болатын.
Бүгінгі күні Келес ауданында атқарылған жұмыс ауқымы кең.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, осы жылдың 10 айында жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа 235 жұмыс орны ашылған.
- Президентіміз Жолдауында алдымызға үлкен міндеттер қойып отыр. Сол бағытта атқарылған жұмыстар көп. Атап айтар болсақ, жалпы 2025 жылы құны 62 миллиард 75 миллион теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны іске асырып, 1740 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Ал, биыл 10 ай көлемінде жалпы құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобалар іске қосылып, жаңа 235 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды енгізу және ағын суды үнемдеу мақсатында 1300 гектар жерге жаңбырлатып суғару әдісі енгізілді. 2024 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 61,7 миллиард теңгеге жетті. Аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі жыл басынан бері 61,7 миллиард теңгені құраған. Ал, өнеркәсіп өнім көлемі 4,3 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 59,3 пайызға өскен. Сондай-ақ, ауданға биыл жыл басынан бері 24,3 миллиард теңге инвестиция тартылған, - деді Жәнібек Есенұлы.
Бүгінгі күні инвсторлардың күшімен еліміздегі ең ірі жылыжай кешені Келес ауданында салынуда. Ақтөбе ауылдық округінде жалпы аумағы 500 гектарды құрайтын жылыжайлар жобасы ресейлік «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылмақ. Кешен екі кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңінің құрылысы 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқталса, екінші кезеңінің құрылысы 2025 жылдың ІІІ тоқсанында тапсырылмақ. Жылыжай кешені толық іске қосылған соң 700-ден астам өңір тұрғыны жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.
Инфрақұрылым саласында да жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі Жәнібек Есенұлының айтуынша, өңірдегі 83 елді мекеннің 59-ы табиғи газға қосылған. Бұл тізім 2025 жылы тағы 4 елді мекенмен толықпақ. Сондай-ақ, өңірдегі 64 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін Құйған, Қияжол және Бірлік елді мекендерін де осы қатарға қосу көзделіп отыр. Ал, таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 71,1 пайызға жеткен.
Бүгінгі күні Келес ауданы аумағында және ауылдық елді мекендерде жол қозғалысын, жол қауіпсіздігі мен таза ауыз судың қыз мезгілінде қатып қалмауы, көгілдір отынның тұрақты берілуі әкімдіктің бақылауына алынған. Жерге қар түскелі коммуналдық қызметтер толықтай көше тазалығына шығарылған. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар нысандар, мектеп, аурухана және өзгеде маңызды нысандарға апаратын автокөлік жолдары толық тазартылуда. Бұл жұмыстар аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында.
- Аудан орталығы Абай ауылы аумағындағы ішкі көшелеріне автомобиль жолдарын тазалауға «Келес қызмет» КММ тарапынан жолдарға инертті материалдар (құм, тұз) себу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы тазалауға 4 техника 14 жұмысшы жұмылдырылды. Сонымен қатар, ауыл және ауылдық округтер әкімшіліктерінде қыс мезгілінде төтенше жағдайларды алдын алу және болдырмау мақсатында кезекшілік ұйымдастырылуда, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруаылығы бөлімінің басшысы Алмас Абдуллаев.
Қорыта айтқанда аудандағы коммуналдық қызметтер бүгінгі күні толықтай күшейтілген режимде жұмыс істеп, қар тазалау үшін 10-нан аса техника бөлінген. Арнайы техникалар көшелерді механикалық тазартумен қатар, жол бойлары, жаяу жүргіншілер жолдарын қардан тазалау үшін қол жұмыстары да қатар атқарылуда.