Жетісай ауданында электрлік қосалқы стансасының құрылыс жұмысы 70 пайызға аяқталған

Oinet.kz 20-12-2024 74

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жасыл экономиканы дамытуды тапсырды. 

Screenshot_2.jpg

«Қазір энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын қолайлы деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруға тиіс. Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды. Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе» деп атап өтті Президент Жолдауында. Бір атап өтерлігі бүгінгі күні Түркістан облысы «жасыл» экономика аясында электр қуатын өндіру бойынша тиісті жұмыстарды атқаруда. Дегенмен онымен қатар ішкі электр желілерін жаңғырту жұмыстары да қолға алынған. 

Аудан әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасары Нұркен Әлмештің айтуынша, бүгінгі күні Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасына сәйкес аудандағы ескірген электр бағаналарын жаңарту, электр қуатының жетіспеушілігін болдырмау бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу,  инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылып келеді. Бірқатар ауқымды жобалар қолға алынып, өндірістік кестеге сай жұмыстар жүргізілуде.

- Орайын тапса дархан даланың шыққан күні, соққан желі, аққан суы да – игілік көзіне айналдыруға болатындығына көзіміз әбден жетті. Елімізде осынау табиғаттың мол ресурстарын игеруге оң қадамдар жасалып, жасыл экономикаға бетбұрыс – мемлекеттік қолдау тауып, өз нәтижесін бере бастады. Мұндай игі жобалар біздің ауданда да атқарылуда. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толыққанды шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Сондықтан да Қазақстан «Жасыл» экономикаға бет бұрды. Бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалануға, мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы еліміздің сағатына бір триллион киловатт электр энергиясын өндіруге мүмкіндігі бар. Бұл бағытта ауданда қолға бірқатар жобалар қолға алынған. Дейтұрғанмен, өңірде жұмыс істеп тұрған электр стансаларын жаңғырту бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған, - дейді Нұркен Әлмеш.

Сонымен ауданда қолға алынған ауқымды жобалардың бірі – Жетісай қаласының аумағын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумақта құрылысы жүріп жатқан электр энергиясын түрлендіруге және таратуға арналған электрлік қосалқы станцияның құрылысы. Әкім орынбасары электр қосақы станциясының құрылыс жұмыстарымен танысу барысында оның мердігерімен кездесіп, жұмыстың сапасына назар аударып, өндірістік кестеден кешікпей жұмыс жүргізуді тапсырды.

«Vek-Story-Com» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп отырған аталмыш нысанның сметалық құны 1 300 215 мың теңгені құрайды. Өткен жылдың қыркүйегінде қазығы қағылып, келесі жылы қолданысқа тапсыру жоспарланған. Қуаттылығы 110/35/10 киловатт. Қазіргі жағдайда мердігер атқарылуы тиіс жұмыстарының 70 пайызын толық тәмамдап отыр. Станция іске қосылған соң Жетісай қаласы аумағындағы 12 көп қабатты 440 пәтерлі үй, яғни, 1842 абонент сапалы, тұрақты электр қуатымен, 15-ке тарта азамат тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 

Бұдан бөлек, аудандағы Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл, Ынтымақ Атақоныс елді мекендерін сапалы электр қуатымен жабдықтау нысаны ағымдағы жылы пайдалануға тапсырылған болса, элeктр жeлiлерiн салу және КТП орнату мақсатында Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 8 елді мекенге, Абай ауылдық округіндегі 5 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, қаржыландыру үшін тиісті басқармаға ұсынылған. Сала мамандары аталмыш жобалар қолдау тапқан жағдайда тиісті жұмыстардың жүргізілетінін айтады.

Түркістан облысы әкімдігі кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуге дайын
Келес ауданында алдағы жылы 4 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу