Түркістан облысы әкімдігі кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуге дайын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық беріп келеді. «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек.
Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда, іс жүзінде әлі дайын емес. Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады» деп атап өткен болатын Президент Жолдауында. Бүгінгі күні Түркістан облысында кәсіпкерлерге барлық мүмкіндіктер қарастырылып, толық жағдай жасалған.
Жалпы аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті бұдан әрі дамыту мақсатында Түркістан қаласында өңір кәсіпкерлерімен ауқымды кездесу ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Дархан Сатыбалды, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен қаржы институттарының басшылары қатысты. «Ашық әңгіме» барысында әрбір қатысушы өзін алаңдатқан сауалына жауап алып, бизнес-диалог орнатты.
Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар дамыған Түркістан өңірінде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасалған. Онда тау-кен-металлургия кешеніне арналған ауыр жабдықтар өндіру, текстиль кластері, ПВХ құбырларын өндіру, полимер бұйымдарын өндіру, алюминий профилдерін шығару зауыттары салынуда. Аудандарда 14 индустриалды аймақ құрылған. Сондай-ақ шағын өндірістік паркте кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар жеңілдетілген шарттармен ұсынылады. Паркте 150-ден аса өндірістік алаңдар құрылады. Облыс әкімі осы мүмкіндіктерді пайдаланып, Түркістан өңірінде кәсіпкерлерді кездесуде бизнес ашуға шақырды.
Кәсіпкерлерге банк тарапынан да көптеген жеңілдіктер қаралған. Атап айтсақ, кәсіпкерлерге несиелерді қолжетімді ету үшін банктердегі несиелердің пайыздық ставкасын субсидиялауға биыл бюджеттен 16,2 миллиард теңге бөлінген. Өңір кәсіпкерлері осы қаржы институттары арқылы 91,5 миллиард теңгеге несие алыпты. Өңірде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 263 миллиард теңгеге 13 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 600 жұмыс орындары ашылған. Алдағы уақытта облыс экономикасына тың серпін беретін 2,5 триллион теңгеге 145 инвестициялық жоба іске асыру көзделген. Нәтижесінде 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда.
- Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау бойынша жан-жақты қолдау көрсетілуде. Орташа есеппен елімізге 12 триллион теңгеге 3 мыңға жуық тауарлар импорттан кірген. Бұлардың ішінде киім, жиһаз, кеңсе заттары, тұрмыстық техника және құрылыс материалдарын өзімізде жасауға болады. Ол үшін инфрақұрылым алаңдары, дайын ғимараттар, қаржылай қолдаулар жеткілікті. Кәсіпкерлікті дамыту арқылы біз, өңірдің экономикасын ілгері жылжытамыз. Оған қоса, өңірге шетелдік инвесторлар көптеп келуде. Осы ретте олармен бірлескен жобаларды іске асыруға мүмкіндіктер бар. Кәсіпкерлікпен айналысып, бизнесті кеңейтемін деген кәсіпкерлерді біз әрқашан қолдауға дайынбыз, - деді Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ инвестициялық жобаларды қолдауға да Түркістан облысында көңіл бөлінген. Мәселен, өңір кәсіпкерлерімен кездесу барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды белгілі кәсіпкер, «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановпен және ТСС компаниясының басшылығымен өңірде жүзеге асырылғалы тұрған жаңа жобаның барысын талқыға салды.
Компания президенті Серікжан Сейітжанов өңірде 6 ірі жобаны бастағанын, оның екеуінің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. ТСС корпорациясымен бірлесе Созақта жүзеге асырылатын жоба арқылы жүздеген жұмыс орны ашылып, аймақтың өзіндік кірісі ұлғаймақ. Фосфорды байытып, өңдейтін зауытқа инфрақұрылым жеткізу мәселесі шешімін тапқан. Су, электр жеткізілген. Мұнда өндірілген өнімнің 80 пайыздайы экспортқа шығарылады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге аймақта қуаты 320 мегаватт болатын газ электр станциясы салу да жоспарланып отыр. Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін келісімшарттарға қол қойылған. Фосфор өндіруде экологияға зияны жоқ заманауи технологиялар қолданылатындығын айтты компания президенті.
Шағын және орта кәсіпкерлермен және инвесторлармен кездескен аймақ басшысы Дархан Сатыбалды кездесу қорытындысында жобаларға қолдау көрсетілетінін, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.